Басты ақпаратМәдениет

Қазақ тарихын түгендеген қаламгер

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» ғылыми кітапханасында белгілі жазушы, сатирик, журналист, архивтанушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен Қазақстан Президенті сыйлығының лауреаты Табыл Құлыястың туғанына 90 жыл толуына арналған «Таңдамалы» (VI том) кітабының тұсаукесері өтті.

Кітап қаламгердің өмірден өтерінен бір күн бұрын ғана «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Махамбеттің соңғы сөзі» мақаласымен ашылады. Бұл материал жазушының да соңғы сөзіне айналды. «Махамбеттің өршіл үні – тас­қын күйлері ғасырдан-ғасыр­ға жетті. Махамбет тірі» деп түйін­дейді мақаланы автор. Сол сияқ­ты Табыл Құлыястың артына қалдырған мол мұрасы да оның атын өлтірмейді, ұлт алдындағы еңбегін өшірмейді. Кітапта топтастырылған сұхбаттары, фельетондары мен сатиралық этюдтері, оның шығармалары туралы Әбіш Кекілбайұлы, Әнес Сарай, Дүкенбай Досжан секілді замандастары мен ізбасарларының пікірлері соған айқын дәлел. Филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның Құрметті журналисі Серікқали Байменше мақаласын «Табылтану» деп атады. Сол секілді кітаптың тұсаукесерін де табылтануға қосылған бір үлкен үлес ретінде қабылдадық.

Табыл Құлыястың адами келбеті қандай еді? Белгілі қаламгер, ғалым, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбайдың сөзінен өзімізге жақсы таныс жазушының бейнесімен қайта қауышқандай болдық. Тұрсын Құдакелдіұлы алдымен қаламгердің әр нәрсеге сергектігін, адалдығын атап өтті.

«Жас арамыздың алшақтығы біраз болса да, Оралханға, Ақселеуге арқаланып үйреніп қалған басым Табыл ағамен де құрдасындай қалжыңдасушы едім. Өзінің жұмсақ жымиысымен аз ғана жауап беріп, көзімен көп мағына білдіретін. Тәкеңмен сөйлесіп, жарты сағат, жарты күн аралассаң көңілің жеңілдеп қалатын. Ол жанының жылуымен осы жердің бетіндегі Алла тағаланың мейірімімен, ақ пейілімен жаратқан пенде деп есептеймін» деді Тұрсын Жұртбай.

Табыл Құлыястың араласқан ортасы, қаламгерлік еңбегіне тоқталған ол қазақтың тағдырында шешуші орын алған ашаршылық, қуғын-сүргін секілді қазақтың қасіретті тарихындағы оқиғалар туралы жазғанын айтты. Артына мол мұра қалдыр­ғанымен қатар жақсы ұрпақ қалдырғанын ерекше атап өтті.

Белгілі ғалым, академик, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы Табыл Құлыяс­тың қазақ баспасөзінің өрлеуіне, Астананың қалыптастауына, тарихымыздың түгенделуіне қосқан үлкен үлесіне тоқталды. Қазақстанның батыс өлкесімен шектесетін Ресейдің Орынбор, Саратов қалалары мен кейбір аудандық архивтерді аралағанын, жазушы, драматург Жиенғали Тілепбергенов жайында тамаша еңбек жазғанын айтты.

Парламент Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов қаламгердің ашаршылық қасіретін ашуда шаршамай, талмай ізденгенін атап өтті. Республикалық телерадиода, қазақ телевизиясында қызмет істегенде аталмыш салалардың дамуына, Ақмола, Торғай өңірлерінің тынысын елге таралуына Табыл Құлыяс­тың қосқан еңбегі орасан зор. Бұл жөнінде «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев пен Қазақ радиосының ардагері Ғалия Балтабай сөз сабақтады. Әннен шашу шашқан өнертану профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кенжеғали Мыржықбай естеліктерді жаңғыртты. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай аталмыш оқу орнының басқарма төрағасы-ректоры Ерлан Сыдықовтың лебізін оқып берді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов Табыл Құлыястың сатиралық еңбектері жайында, жалпы сатира жанрының әдебиетке, қоғамның алға ілгерілеуіне әсері мол екенін айта келе, «Жиембет батыр» және «Аңыз ізімен» романдарына тоқталды. «Қанжоса ғасыр», «Қаратерең» атты кітаптарының қазақ тарихы үшін құндылығы туралы айтты.

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик, Ұлттық құрылтай мен Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев тұлғатану төңірегінде сөз қозғап, Табыл Құлыяс та тұғырлы тұлғалар қатарынан ойып орын алатынына назар аударды. Тұлға қалыптастыруда тағылымды, ұлттық тәрбиеге толы еңбектердің алар орны ерекше екендігіне екпін түсіре айтты.

«Табыл ағамыздың роман, новелла, әңгімелерін оқығанда ойға оралатын бірінші нәрсе – оның шығармаларындағы ұлттық құндылықтар мәселелері. Қазіргі таңда өскелең ұрпақты өз халқының тарихы мен тегін, салт-дәстүрін, тілін, білімін, адами қасиетті тереңнен түсіне алатын шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеуде жазушы жазған кітаптардың рөлі зор. Елімізде парасатты да білікті, мәдениетті де білімді сапалы ұлт қалыптас­тырамыз десек, жастарды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет. Осындай асыл мұраттарға қол жеткізуде Табыл Құлыяс ағамыз­дың шығармашылық еңбектері кәдеге жарайды және 6 томдық еңбекті оқып шыққан әр оқырман ұлттық құндылықтарға бау­литын қажетті дүниені тауып алатынына сенімдімін» Кәрімбек Құрманәлиев.

Тұсауы кесілген қаламгердің «Таңдамалы» кітабы «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Бұл баспаның бас директоры Нұрлан Исабеков Табыл Құлыяспен өмірде жақсы араласып, сапарлас та болды. Ол өз сөзінде біраз естеліктерді айтты.

Іс-шара онлайн форматта да ұйымдастырылды. Алматыдан қосылған көрнекті ақын, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып жазушының сатираға, журналистикаға, деректі прозаға қосқан үлкен үлесіне тоқталды.

«Табыл Құлыястың сатирасы, әсіресе фельетондары ерекше. Қазіргі журналистерді, болашақ сатириктерде тәрбиелеуде бұл шығармаларға қайта-қайта оралып отыруымыз керек. Сосын жазушы ашаршылық мәселесіне көп барып, Орск, Орынбор, Барнаул, басқа да біраз қалалардың архивтерін аралады. Ашаршылыққа байланысты тарихшылар таппаған деректерді тауып, ашаршылықтың 1918, 1922, 1928, 1932 жылдары болғанын нақты деректермен көрсетті. Қолдан жасалған ашаршылық екенін айтты» деді Бауыржан Жақып.

Естеліктер легін белгілі қаламгер, журналистика ардагері Сырым Бақтыгереев, белгілі жазушылар, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лау­реаттары Толымбек Әбдірайым мен Асқар Алтай жалғады. Танымал ғалым, филология ғылымдарының докторы Қайрат Сақ Табыл ­Құлыяс бір инс­титут атқаратын істі бір өзі атқарып кеткенін айта келе, қаламгерді ғалым ретінде мойындайтынын, оның ғылыми қырларына тоқталды. Филология факультетінің студенттері Аружан Бақберген, Ақбота Ерғалиқызы Табыл Құлыястың өлеңдерін оқыды.

Табыл Құлыяс туған жері – Ойыл ауданының құрметті азаматы. Ел сәлемі мен аталмыш аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың лебізін жеткізген аудандық мәдениет, ішкі саясат, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Гүлзат Жеткергенқызы аудан басшылығы қаламгер кітабын сатып алуға 500 мың теңге бөлгені жөнінде сертификат тапсырды.

Жиын барысында жазушы еңбектерінің көрмесі ұйымдас­тырылды. Аталмыш кітапханада «Табыл Құлыяс қорының» ашылу салтанаты өтіп, кітаптары сыйға тартылды. Бұл еңбектерді ғылыми кітапхана директоры Бақытжан Оразалиев қабылдап алып, жас ұрпақ тәрбие­сінде алатын орнына тоқталды.

Жазушы өмірден өтерінен аз ғана жыл бұрын халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын иеленді. Бұған Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының сол кездегі директоры, белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлының септігі тиді. Ақын да қаламгер туралы жылы естеліктерді жаңғыртты. Қаламгердің жерлестері де сөз сөйледі. Іс-шараны түйіндеген жазушының жары Күләш Маханова тұсаукесерді ұйымдас­тырушылар мен жиналған қауымға алғыс айтты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button