Отбасылық туризм жандансын десек…

Туризм сан салалы, көп арналы. Барлығын түгел қамтып, заманауи үрдістерді ескермесе, еліміздің туризм индустриясы қарыштап қадам баса алмасы анық. Біз сөз еткелі отырған отбасылық туризм, кенжелеп қалған демалыстың бір түрі екенін айту керек.
Меніңше, отбасылық туризм қажеттіліктен туындаған. Бүгінгі күнде ата-аналар жыл он екі ай жұмыста, балаларына көңіл бөлуге мұршасы бола бермейді. Сондықтан да көптен күткен демалысы келгенде көптеген отбасылар балаларымен бірге демалып, барынша тиімді өткізуге тырысады.
Бұл отбасындағы өзара түсіністікке, жеке дамуына және денсаулығына да ықпал етеді. Бір апта болса да ата-анасы мен балалары ең жарқын күндерін өткізіп, бір-біріне деген эмоционалдық байланыстарды қалыптастырады. Отбасылық демалыс – балалық шақтағы ең жарқын әрі ұмытылмас естеліктердің бірі. Егер бұл демалысқа атасы мен әжесі қосылса, бұл да тағылымды қауіпсіз демалыс болар еді.
Бірақ, біздің елдегі санаторий, демалыс орындары отбасылық демалысты ескермеген. Бәріне қолайлы, оңтайлы демалыс жоқтың қасы. Ересектер өз алдына, балалар лагерьге, ата-әжелер өз алдына бөлек денсаулығын күтеді. Өкінішке қарай, қазіргі заманғы туристік агенттіктер қалыптастырған және насихаттаған отбасылық саяхаттар да көбіміздің қолайымызға келмейді.
Астананың іргесіндегі саусақпен санарлықтай демалыс орындары мен шипажайлардың бағасы аспанда екенін айтудың қажеті жоқ. Оңтүстіктегі танымал шипажайларға баруға болар еді, бірақ онда да аналардың балаларымен демалысына жағдай жасалмаған. Анасы ем-дом алып жатқанда баланың қайда, қалай уақыт өткізетіні ойластырмаған. Бұл – үлкен кемшілік.
Бұл ретте, шетелдіктер озып тұр. Осы күні бағасының қолжетімдігіне қарай, Вьетнамның жағажайларына асыққан астаналықтардың саны көп. Жаз болса Түркия жағалаулары балалы аналардың да отбасылық туризмнің жағдайын жасап қойған. Астаналықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтарды сол жақтан табасыз. Неге ағылып барып жатыр, елімізде балалы ананың жағдайын жасайтын бір жердің табылмағаны ма деп сұрақ қоясың.
Балалы аналар алдымен нені қалайды? Таңдаған жердің қонақ жайында бала күту қызметі көрсетіле ме? Яғни, ата-аналары қажет болғанда балаларын біреуге сеніп қалдыра ала ма? Иә, бала бір мезгіл өзге тетелес құрбыларымен бірге ойнап, арнайы балаларға арналған ойын-сауықшылармен уақыт өткізуді ұнатуы мүмкін. Керек десеңіз, балаға арналған ас мәзірі де болуы шарт.
Отбасылық туризм болған соң ата-аналар мен балалардың бірге уақыт өткізіп, экскурсияларға барып, түрлі ойын-сауыққа да іркілмей қатысуы тиіс. Балаға да ересектерге де тартымдылығын ескерген жөн.
Дегенмен, бұл туристік саланы дамытып, оны алға жылжытып әкетіп, әзірлеуде белгілі бір қиындықтар бар. Туроператорларға салсаң, мұндай туристік өнімді әзірлеуге және енгізуге деген ынтасы мен қызығушылығы жоқ. Бала жүрген жердің өзіндік ерекшеліктеріне сай, оған жағдай жасамасаң, баласыз барғандардың да бабы табылмауы мүмкін. Бұл дегеніміз – балалардың демалысын ұйымдастыруға қажетті тұжырым мен мүмкіндіктің болмауы. Еліміздегі демалыс орындарының ортақ үлкенге де, кішіге де қызықты ойын-сауық қызметтері, арнайы бағдарламалары жоқ деп айтуға болады. Бір жағынан, туристер арасында «отбасылық демалыс мәдениетінің» қалыптаспағандығынан да жас ата-аналардың көпшілігі балаларымен қалай жақсы уақыт өткізудің жолын білмей, үйдегісін түзде көрсетіп, басқаның мазасын алып жататыны да жасырын емес. Мұны да ескеру керек.
Мемлекет тарапынан отбасылық туризмге бет бұрған туристік компанияларды қолдау бар ма, жоқ па, белгісіз. Егер бар болса, ел ішінде отбасылық туристік өнімдерді ілгерілету бойынша насихаты мардымсыз. Көпшіліктің шетелдік турларды таңдауының басты себебі сол, ол жақта жағдайы болатынын біледі.
Қай жағынан алып қарағанда да, «отбасылық туризм» ең тиімді болып табылады. Демалып келген ананың да көңілі жайлы, ел көріп, жер көріп келген бала да өресі өсіп келеді. Келесі демалысты асыға күтіп, келесі турға дайындықты бастап кететін ынтасы пайда болады.
Ал баладан ештеңе аямайтын халық барған жерінде өздерінен гөрі баласына көп ақша жұмсайтындықтан, бұл туризм пайданың да көзі болар еді.
Алайда балалы ата-ананың жағдайын жасамай, қолдағы бар қаражатты шетке жіберіп, отбасылық туризм ақсап, қазақ туризм индустриясы көп нәрсені жоғалтып отыр.
Айгүл УАЙС



