Ұстанымы бөлек ұстаз

Бүгінде күнделікті өмірімізді жол мен көліксіз елестету мүмкін емес. Таңертеңгі жұмысқа бару, оқу орнына жету, жүк тасымалы, қоғамдық көлік қозғалысы – барлығы жол қозғалысымен тығыз байланысты. Сондықтан жолдағы тәртіп пен қауіпсіздік – тек жүргізушілерге ғана емес, бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік.
Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, былтырғы жылдың алғашқы тоғыз айында елімізде 12 миллионнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелген. Осы уақыт аралығында 21 мыңнан аса мас күйінде көлік басқарған жүргізуші анықталып, 25 мыңнан астам азамат көлік жүргізу құқығынан айырылған. Сонымен қатар, 21 мың адам әкімшілік қамауға алынып, 401 мыңнан астам жаяу жүргіншіге айыппұл салынған.
Міне, осы көрсеткіштердің өзі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тек техникалық бақылау ғана емес, саналы, сауатты жүргізуші дайындаудың маңызы зор екенін аңғартады. Бұл ретте көлік жүргізушілерін оқытатын мамандардың еңбегі ерекше. Әсіресе, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында осындай ұстаздардың қоғамдағы рөлі айқындала түсуде. Солардың бірі – Жармахан Бекмағанбетов. Астана қаласына қоныс аударғанына жиырма жылға жуықтаған бүгінде ол – «Құлагер» автомектебінде сабақ беретін тәжірибелі ұстаз. Жалпы еңбек өтілі 40 жылға жақындаған маман осы уақыт ішінде 10 мыңнан астам шәкірт тәрбиелеп, жолға жолдама берген. Негізі Жармахан Бекмағанбетовтің кәсіби жолы сан салалы. Негізгі мамандығы – инженер-механик. Сонымен қатар эколог, техник-механик және мұғалім мамандықтары бойынша да дипломы бар. Яғни, үш жоғары және бір техникалық білім иесі. Осы себепті ол әртүрлі салада еңбек етіп көрген. Әсіресе, зейнет жасына дейін газ саласында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған.
– Қай салада жұмыс істесем де, барлығы ұстаздықпен байланысты болды. Білім беру, тәжірибе үйрету – менің өмірлік бағытым, – дейді ол.
Көлік айдауды үйренушілерге арналған «Құлагер» автомектебінің елордада жиырмаға жуық филиалы бар. Жармахан аға сол филиалдарды аралап, әртүрлі уақытта сабақ береді. Бұл да – нағыз жұмысшы мамандық иесіне тән тынымсыз еңбек. Ұстаздың айтуынша, қазіргі жастардың жол ережесіне деген көзқарасы бұрынғыға қарағанда өзгерген. Көпшілігі заң аясында жүрудің маңызын түсіне бастаған. Дегенмен, Жармахан Бекмағанбетов сабақ барысында тек жол ережелерін үйретумен шектелмейді. Ол үшін ең бастысы – адамгершілік пен мәдениет.
– Қазір көшеде адамдар бір-біріне жол бермей, асығыстықпен кикілжіңге барып жатады. Ал шын мәнінде, бес минут кешігіп бару – біреудің көңілін қалдырғаннан әлдеқайда дұрыс. Мен оқушыларыма әрқашан сабыр сақтауды, бір-бірін сыйлауды үйретемін. Жолдағы мәдениет – адамның ішкі мәдениетінің көрінісі, – дейді ұстаз.
Оның айтуынша, жол – асығыстықты да, салғырттықты да кешірмейді. Сондықтан әрдайым ережеге сай жүру қажет. Әрине, кейде өзің тәртіп сақтасаң да, қарсы тараптың қателігі салдарынан түрлі жағдайлар туындауы мүмкін. Мұндайда заң аясында әрекет етіп, сабыр сақтау маңызды.
– Қазіргі таңда жалпы оқу мерзімі – бір ай. Осы уақыт ішінде болашақ жүргізушілер жол белгілерін, бағдаршам талаптарын, негізгі ережелерді терең меңгеріп шығады. Жалпы рөлде отырған адам сабырлы болып, өз өміріне ғана емес, өзгенің өміріне де жауапкершілікпен қараса, жол да қауіпсіз болар еді, – дейді Жармахан Бекмағанбетов.
Шапағат ӘБДІР



