Білім

Бала технологтардың арманы

Қазіргі таңда жаңартылатын энергия көздеріне деген сұраныс артып отырған шақта, тың идеялар тек ғалымдар мен инженерлерден ғана емес, мектеп оқушыларынан да шығып жатқаны қуантады. Соның бір дәлелі – небәрі сегіз және тоғыз жастағы Айлана Нұрлан мен Амина Тәңірбергеннің гидроэлектр станциясына негізделген жобасы. Жас өнертапқыштар қалдық заттарды пайдалана отырып, шағын гидрогенератордың макетін жасап шыққан.

Қадыр Мырза Әлі атындағы Binom school мектеп-лицейінің 3 «ә» сынып оқушыларының айтуынша, бұл құрылғыны жасау үшін аса қымбат немесе күрделі материалдар қажет емес. Негізгі қажеттілік – су қоймасы мен генератор. Су жоғарыдан төмен қарай ағып, генераторды айналдырған кезде механикалық энергия электр энергиясына айналады. Ал пайдаланылған су қайтадан қоймаға жиналып, тұйық цикл түзіледі. Бұл – физикадағы энергияның сақталу заңына негізделген қарапайым, бірақ тиімді шешім.

Физикалық тұрғыдан алғанда, судың потенциалдық энергиясы кинетикалық энергияға, ал ол өз кезегінде генератор арқылы электр энергиясына түрленеді. Ал химиялық жағынан бұл үдерісте жану немесе зиянды реакциялар болмайды, яғни қоршаған ортаға ешқандай қалдық бөлінбейді. Осы себепті мұндай жоба жасыл технология талаптарына толық сай келеді.

Суды үнемдейді

Айлана мен Амина өз жобаларын түсіндіру барысында ойларын балалық шынайылықпен жеткізеді. Олардың айтуынша, генераторға тек өзен суын ғана емес, жауын суы мен еріген қар суын да жинап пайдалануға болады екен. Бұл бір жағынан су ресурстарын үнемдеуге, екінші жағынан, электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндіруге мүмкіндік береді.

Жас өнертапқыштар бұл әзірге тек макет екенін, алайда болашақта жоба толық жүзеге асса, ел игілігіне жарайтын үлкен бастама болатынына сенімді. Бір қызығы, генераторды ойлап тапқан қыздардың бірі болашақта актриса, ал екіншісі биші болуды армандайды. Соған қарамастан, олар ғылым мен технологияға қызығушылық танытып, өз ойларын тәжірибе арқылы дәлелдеуге тырысуда. Бұл – баланың қабілеті бір ғана бағытпен шектелмейтінінің айқын көрінісі.

Ұстазы жақсының ұстамы жақсы

Оқушылардың жетекшісі Дина Жалғасқызы бұл жобаны тек бір реттік жұмыс емес, ұзақ жылдық еңбектің нәтижесі деп бағалайды. Ұстаздың айтуынша, Айлана мен Амина бірінші сыныптан бастап қалдық заттардан түрлі бұйымдар жасап үйреніп келеді. Бұл – балалардың қиялын дамытып қана қоймай, олардың ой-өрісін кеңейтіп, кез келген затқа пайдалы көзқараспен қарауға тәрбиелейді.

«Бүгінгі оқушы – ертеңгі ел тірегі. Егер біз балаларды ерте жастан экологиялық мәдениетке, үнемшілдікке және жаңашыл ойлауға үйретсек, болашақта олар ел игілігіне қызмет ететін жобаларды өздері-ақ жасайды» дейді Дина Жылқаманова.

Анасының арманы

Айлана Нұрланның анасы Ақмарал Шамшимова қызының технологияға деген қызығушылығы кездейсоқ емес екенін айтады. Оның сөзінше, ол баласын кішкентайынан әлемдік өзгерістерге бейім, экологияны ойлайтын тұлға болып өсуін қалаған. Сондықтан жасыл технология, үнемдеу, табиғатты қорғау секілді ұғымдарды үй ішінде жиі айтып, қызының бастамаларына әрдайым қолдау көрсетіп отырған.

«Балаға сенім артсаң, ол өзіне сенуді үйренеді. Мен тек көмектестім, ал идея – өзінікі. Болашақта қызым технологиямен айналысып, әлемге пайдасын тигізсе, ана ретінде одан асқан бақыт жоқ» дейді ол.

Айналып келгенде, Айлана Нұрлан мен Амина Тәңірбергеннің бұл жобасы – балалық қиял мен дұрыс бағыттағы тәрбиенің нәтижесі. Өйткені қалдық заттардан жасалған қарапайым макет бүгінгі таңда тек оқу жұмысы болып көрінгенімен, ертең ел тағдырына әсер ететін ірі жобалардың бастауы болуы әбден мүмкін. Ең бастысы, бұл бастама болашаққа басылған қадам деп ұғуымызға болады. «Таза Қазақстан» дәл осындай техникалық жаңғырулар арқылы өз мәнін тіпті де құнттай түсетініне сенімдіміз.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button