Ел тынысыСаясат

Конституцияда меншіктің барлық түрін тең қорғауды бекіту ұсынылды

Жаңа Конституция жобасында меншік нысандарының конституциялық анықтамасын кеңейтуді және олардың тең қорғалуын бекітуді ұсынды. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мәлімдеді.

— «Ақ жол» партиясы ұлттық бизнес пен кәсіпкерлердің саяси өкілі ретінде жаңа Конституция жобасын талқылау аясында тағы бір институционалды сипатқа ие мәселеге назар аударғысы келеді. Инвестициялық тартымдылық пен жайлы бизнес климат үшін кез келген экономикадағы меншік институтының мәртебесі аса маңызды рөл атқаратыны белгілі. Сонымен қатар, бүгінде бүкіл әлемде болып жатқан үдерістер меншік қатынастарын реттеуді, жаңғыртуды қажет ететінін көрсетіп отыр. Қолданыстағы Конституцияда меншіктің тек екі түрі ғана көзделген – мемлекеттік және жекеменшік. Ал заманауи экономистер кемінде 5-6 түрлі меншік түрін бөліп көрсетеді, — деді А. Перуашев.

Оның айтуынша, Финляндия, Литва, Латвия, Әзербайжан мен басқа да елдерде мемлекеттік және жекеменшікпен қатар, конституцияларында муниципалдық меншік түрі көрсетілген. Қытай, Бразилия, Үндістан конституцияларында оларға кооперативтік меншік қосылған. Бірқатар елде экономиканы әртараптандыруды ынталандыру мақсатында меншік түрлерінің тізбесі мүлдем шектелмеген.

— Осыған байланысты «Ақ жол» партиясы атынан жаңа Конституция жобасының 8-бабының 1-тармағын келесі редакцияда баяндауды ұсынамын: «Қазақстан Республикасында меншіктің барлық түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады». Бұл норма экономиканың дамуына, бизнес, қоғам және мемлекет арасындағы қатынастардың күшеюіне оң ықпал етіп, барлық меншік түрін қолдау мен қорғауды білдіреді деп сенімдіміз, — деді депутат.
Айта кетейік, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның IX отырысы 7 ақпан күні өтті.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button