
Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасында Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясы жобасының негізгі ережелеріне арналған ақпараттық-түсіндіру кеңесі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Қуандықтың төрағалығымен өтті. Ол өз сөзінде Негізгі заңның жаңа редакциясында көзделген негізгі өзгерістерге тоқталып, олардың цифрлық орта мен мемлекеттік қызметтер жүйесін дамытудағы маңызын атап өтті.
Кеңес барысында Конституция жобасында алғаш рет азаматтардың цифрлық құқықтары конституциялық деңгейде бекітіліп отырғанына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, бұл жеке деректерді қорғау, қауіпсіз цифрлық кеңістікке құқықты қамтамасыз ету, сондай-ақ цифрлық сервистерге деген сенімді арттыру мәселелерін қамтиды. Сонымен қатар электрондық үкімет пен цифрлық мемлекеттік қызметтер мемлекет пен азаматтар арасындағы өзара іс-қимылдың орнықты әрі негізгі стандарты ретінде айқындалатыны белгілі.
Талқылау барысында цифрландырудың адами капиталды дамытудағы, білім беру, ғылым, инновациялар және цифрлық сауаттылықты арттырудағы рөлі қозғалды. Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар аталған қағидаттарды күнделікті қызметте іске асырудың маңыздылығын, оның ішінде көрсетілетін сервистердің сапасын арттыру, цифрлық платформалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтармен өзара іс-қимылдағы жауапкершілікті күшейту тұрғысынан атап өтілді.



