Қала мен сала

Өңірлік кадр резерві – болашақ басқарушылар алаңы

Бүгінгі жастар – ел болашағын айқындайтын негізгі күш, қоғамның ең белсенді әрі жаңашыл бөлігі. Олардың білімге құштарлығы, өзгерістерге бейімділігі және жаңа идеяларға ашықтығы мемлекет дамуының тұрақты негізін қалыптастырады. Осы әлеуетті тиімді пайдалану, жастардың қабілеті мен кәсіби мүмкіндіктерін ел игілігіне бағыттау – мемлекеттік жастар саясатының басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан маңызды бастамалардың бірі – Өңірлік жастар кадр резерві. Бұл жоба жастардың көшбасшылық қабілетін дамытуға, оларды жауапты шешімдер қабылдайтын басқару үдерістеріне тартуға және өңірлерде білікті кадрлар пулын қалыптастыруға бағытталған. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, бүгінде Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған резервші Ерлан ЖҮСІПОВТЕН резерв жайлы пікірін білген едік.

– Ерлан Нұрланұлы, сіз Өңірлік жастар кадр резер­віне іріктелдіңіз. Алдымен осы жаңалықты қалай қабылдадыңыз?

– Бұл жаңалықты зор жауапкершілікпен әрі үлкен сеніммен қабылдадым. Өйткені Өңірлік кадр резервіне ену жеке жетістік қана емес, мемлекет тарапынан көрсетілген жоғары баға деп есептеймін. Бұл – өз білімің мен тәжірибеңді ел игілігі үшін пайдалануға берілген мүмкіндік. Өңірлік кадр резерві – жай ғана тізім емес, ел болашағына бейжай қарамайтын, нақты іспен дәлелдеуге дайын жастарды іріктейтін алаң. Өз еңбегім мен білімімнің бағаланғанын сезіну ерекше мотивация берді.

– Іріктеу кезеңдері тура­лы не айтар едіңіз? Бұл үдеріс, сіздің ойыңызша, қаншалықты әділ өтті?

– Іріктеу оңай өтті деп айтуға болмайды. Әр кезеңде тек білім ғана емес, логикалық ойлау, шешім қабылдау қабі­леті, көшбасшылық қасиеттер сыналады. Бұл процестің әділ әрі ашық өткенін ерекше атап өткім келеді. Әр үміткердің өз мүмкіндігін толық көрсетуге жағдай жасалған. Іріктеу кезеңдері өте жүйелі әрі талапқа сай өтті. Әрбір кезең үміткердің тек білім деңгейін ғана емес, логикалық ойлауын, талдау жасау қабілетін, көшбасшылық қасиеттерін, шешім қабылдай білуін анықтауға бағытталды. Тестілеу мен сұхбаттар әділ әрі ашық форматта ұйымдас­тырылды. Бұл үдеріс шын мәнінде ең лайықты, әлеуеті жоғары жастарды іріктеуге мүмкіндік берді.

– Өңірлік кадр резерві қандай мүмкіндіктер береді деп ойлайсыз?

– Ең басты мүмкіндік – өз өңірімнің дамуына нақты үлес қосу. Бұл жоба жас мамандарды басқару үдерістеріне ерте араластырып, тәжірибе жинақтауға жол ашады. Сонымен қатар кәсіби және тұлғалық дамуға бағытталған оқыту, тәжірибе алмасу, тәлімгерлік жүйесі болашақ басқарушы ретінде қалыптасуға үлкен ықпал етеді.

– Ерлан Нұрланұлы, өзіңіз бірнеше жылдан бері мемлекеттік қызметте жүрсіз. Мемлекеттік қызметке деген көзқарасыңыз қандай?

– Мен үшін мемлекеттік қыз­­мет – бұл мансап қуу емес, ха­лыққа адал қызмет ету. Әрбір қабылданған шешімнің артында адам тағдыры, қоғамның сенімі тұрғанын түсіну өте маңызды. Сондықтан жауапкершілік, әділдік және ашықтық қағидаттарын басты орынға қоямын.

– Ал жастардың мемлекеттік басқарудағы рөлі туралы не айтасыз және осы резервке қатысуды жоспарлап жүрген жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Қазіргі жастар – өзгерістерге ашық, технологияны меңгерген, жаңаша ойлай алатын буын. Мемлекеттік басқаруда жастардың болуы – жүйені жаңғыртудың, тиімділікті арттырудың бір жолы. Өңірлік кадр резерві осы әлеуетті дұрыс бағытта пайдалануға мүмкіндік береді. Ең алдымен, өзіңізге сеніңіз. Үнемі ізденіп, білімді арттырып, қоғамға пайдалы болуға ұмтылу керек. Бұл жоба дайын кадрды емес, өсуге дайын тұлғаны іздейді. Сондықтан ниет пен еңбек болса, нәтиже міндетті түрде болады.

Сұхбаттасқан

Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button