
Астана қаласының архиві «Зайырлы мемлекет және неке институты: конституциялық-құқықтық көзқарас» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараға архив қызметкерлері, заңгерлер және құқық саласының мамандары қатысты. Сонымен қатар арнайы көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазақстандағы зайырлы мемлекет қағидаттары аясында неке институтының құқықтық негіздері талқыланды. Аталған жиында Астана қаласы адвокаттар алқасының мүшесі Әлімжан Жұбатқанов сөз сөйлеп:
– Зайырлы мемлекет жағдайында неке институты діни қағидалардан бөлек, Конституция мен заңдар арқылы реттеледі және барлық азаматтардың тең құқықтылығын қамтамасыз етуге бағытталады. Бұл көзқарас некені жеке сенім мәселесінен гөрі қоғамдық-құқықтық институт ретінде қарастырып, адам құқықтары мен зайырлылық қағидаттарын сақтауға негіз болады, – деді.
Шара барысында «Конституция – тұрақтылық пен өркендеудің негізі» атты бейнеролик көрсетілді. Дөңгелек үстелге қатысқан архив қызметкерлері маманға сауал жолдап, жауап алып тарқасты.
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ



