Құқық

Кәмелетке толмағандардың девиантты мінез-құлқының салдары қандай?

Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту және олардың мінез-құлқы үшін негізгі жауапкершілік ата-аналарға және өзге де заңды өкілдерге жүктелген.

Баланың тұлға болып қалыптасуы мен қоғамдағы мінез-құлқы көбіне отбасындағы тәрбиеге, ата-аналық бақылау деңгейіне және ата-ананың жеке үлгісіне тікелей байланысты. Ата-аналардың өз міндеттерін елемеуі, тиісті қадағалаудың болмауы және жасөспірімнің өмір салтына немқұрайлы қарауы девиантты әрі құқыққа қайшы мінез-құлықтың негізгі себептерінің біріне айналып жатады.

Қазақстан Республикасының заңнамасында балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау немесе тиісінше орындамау үшін ата-аналардың жауаптылығы көзделген. Мұндай жағдайларда ата-аналар немесе заңды өкілдер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Кәмелетке толмағандардың мінез-құлық нормаларын жүйелі түрде бұзу, оқудан жалтару немесе қоғамға жат әрекеттер жасау фактілері анықталған жағдайда, олар мектепішілік есепке, сондай-ақ аумақтық ювеналдық полиция бөлімінің есебіне қойылады. Кәмелетке толмағандармен және олардың заңды өкілдерімен жеке әңгімелесу, әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу, оқу сабақтарына қатысуын бақылау және тұрмыс жағдайларын зерделеуді қамтитын кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі.

Егер қабылданған профилактикалық шаралар жасөспірімнің мінез-құлқын түзетуге ықпал етпеген жағдайда, уәкілетті органдар материалдарды кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жолдайды. Комиссия кәмелетке толмағанды арнайы білім беру ұйымына жіберудің орындылығы туралы мәселені қарайды. Қарау нәтижелері бойынша тиісті шешім қабылданады. Оң шешім қабылданған жағдайда, материалдар құқықтық баға беру және түпкілікті шешім қабылдау үшін уәкілетті орган арқылы сотқа жолданады.

Мониторинг нәтижелері жекелеген жасөспірімдер мен олардың заңды өкілдерінің заң талаптарын елемеуді жалғастырып отырғанын, жүйелі түрде жасалатын құқыққа қайшы және қоғамға жат мінез-құлықтың құқықтық салдарын жете бағаламайтынын көрсетеді.
Оқу сабақтарына себепсіз қатыспау, қаңғыбастық, алкогольдік ішімдіктерді тұтыну, агрессиялық әрекеттер, ересектер мен полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау, сондай-ақ қоғамға жат мінез-құлықтың өзге де түрлері мемлекет тарапынан кәмелетке толмағанның өзіне де, тұтастай қоғамға да төнетін қауіп ретінде қарастырылады.
Кәмелетке толмағанды арнайы білім беру ұйымына жіберу «ең соңғы» немесе формальды шара деген кең таралған пікір шындыққа сәйкес келмейді. Бұл — тұрғылықты жері бойынша, отбасында және білім беру ұйымында жүргізілген профилактикалық шаралар нәтиже бермеген жағдайларда қолданылатын нақты құқықтық ықпал ету шарасы.

Арнайы білім беру ұйымдары пенитенциарлық жүйе мекемелеріне жатпайды, алайда олар оқыту мен тәрбиелеудің оқшауланған режимін, күн тәртібінің қатаң сақталуын, мінез-құлыққа тұрақты бақылауды және түзету бағдарламаларына міндетті түрде қатысуды көздейді. Мұндай ұйымдарға жолдау жасөспірімді ұзақ мерзімге оның үйреншікті әлеуметтік ортасынан нақты оқшаулауды білдіреді.

Қазақстан Республикасының «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» Заңына сәйкес, арнайы білім беру ұйымдарына жүйелі түрде құқық бұзушылық жасайтын, білім алудан жалтаратын, қаңғыбастық өмір салтын ұстанатын не өзге де қоғамға жат әрекеттерге жол беретін 11 жастан 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар жіберілуі мүмкін.
Арнайы білім беру ұйымына жіберу туралы шешім уәкілетті органдардың ұсынысы негізінде, жасөспірімнің мінез-құлқына және бұрын қабылданған профилактикалық шараларға жан-жақты баға берілгеннен кейін, тек қана кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотпен қабылданады.

2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша Астана қаласының сотымен полиция органдарының кәмелетке толмағандарды арнайы білім беру ұйымдарына жіберу туралы өтініштері негізінде 11 азаматтық іс қаралып, оның 6-ы бойынша талаптар қанағаттандырылды.

Атап айтқанда, соттың 2025 жылғы 17 шілдедегі шешімімен кәмелетке толмаған бір жыл мерзімге арнайы мектеп-интернатқа жіберілді, себебі ол қаңғыбастық өмір салтын ұстанған, бірнеше рет іздестіруде болған, алкогольдік ішімдіктерді тұтынған, оқу сабақтарына жүйелі түрде қатыспаған, профилактикалық есепте тұрған, сондай-ақ бұған дейін қолданылған ықпал ету шаралары нәтиже бермеген.
Аталған сот шешімі оның өз мінез-құлқының тікелей салдары болып табылады.

Прокуратура әрбір кәмелетке толмағанның құқыққа қайшы әрекеті тіркеліп, есепке алынатынын түсіндіреді. Жасөспірімнің өзі және оның заңды өкілдері тарапынан уақтылы шара қолданылмауы мемлекеттік ықпал етудің неғұрлым қатаң шараларына сөзсіз әкеп соғады.

Кәмелетке толмағандар жазасыздық — жалған түсінік екенін, ал мінез-құлық нормаларын жүйелі түрде бұзу нақты әрі елеулі салдарға, оның ішінде отбасынан және үйреншікті әлеуметтік ортасынан оқшаулауға әкелетінін түсінуге тиіс.
Сонымен бірге мемлекет жасөспірімдерді жазалауға емес, оларды түзеуге және әлеуметтік оңалтуға мүдделі, алайда мұндай көмек тек заң талаптарын сақтаған жағдайда ғана мүмкін.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы, сондай-ақ олардың арнайы білім беру ұйымдарына жіберілуінің алдын алу прокуратура органдарының ерекше бақылауында қала береді.

Тархан Закарин,

Астана қаласы Сарыарқа ауданы прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің бастығы 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button