
Астанада «Ұстаным» ұлттық пікірталас клубы «Конституция: Қазақстанның тарихи таңдау айнасы» тақырыбында жиын ұйымдастырды. Отырысқа Қазақстан заңгерлер одағы, ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институты, Қазақстанның Азаматтық альянсы және елдің 20 өңірінен келген бірлестіктер өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық кеңестер, сондай-ақ саясаттанушылар мен сарапшылар қатысты, депхабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шара барысында қатысушылар жаңа Конституция жобасын талқылап, ұсынылған өзгерістер мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы әріптестікті нығайтып, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуын арттырып, қоғамдық бақылау тетіктерін күшейтетінін сөз етті. Сондай-ақ адам құқықтарын, цифрлық құқық пен дербес деректерді қорғау, білім беру мен ғылымды дамыту, экологиялық жауапкершілікті арттырудың маңызы талқыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстанның Азаматтық альянсы конституциялық реформаны қолдайтыны жөнінде ресми мәлімдеме жасап, жаңа заң жобасы елдің саяси жүйесінің одан әрі дамуына сеп болатынын атап өтті.



