
Осыдан бір апта бұрын Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялаған болатын. Осыған орай Астана қаласы Жастар сарайында мәдениет саласының қызметкерлерімен маңызды кездесу өтті. Кездесудің қонағы – саяси ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік басқару және қоғамдық қатынастар орталығының басшысы, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Ұлттық құрылтайының мүшесі Зұлфухар Ғайыпов болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара барысында Зұлфухар Ғайыпов жаңа Конституция жобасының дайындалу барысына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды жан-жақты талдау, ашық қоғамдық талқылау және жаңа нормалар мен ережелерді мұқият пысықтау нәтижесінде әзірленген.
– Соңғы жылдары елімізде «Әділетті Қазақстан» идеясын іске асыру мақсатында саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар жүргізіліп келеді. Бұл өзгерістердің басты өзегі – халықтың мемлекеттік басқару ісіне тікелей әрі мазмұнды түрде қатысуын қамтамасыз ету, – деді ол.

Спикер Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, елдегі саяси басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Сонымен бірге институционалдық реформалардың табысты болуы тек құқықтық нормалармен ғана емес, қоғамның шешім қабылдау процесіне нақты қатысуымен өлшенетінін жеткізді. Осы тұрғыда Қазақстанның Халық кеңесін құру – билік пен қоғам арасындағы тұрақты, кәсіби және жауапты диалогты қамтамасыз ететін жаңа саяси институт ретінде қарастырылып отыр. Аталған институт азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын кеңейтіп, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланысты жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
– Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Дәл осы ұстаным Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістерге де қатысты. Қазіргі таңда жаңа Ата Заң жобасы халықпен ақылдасу, кеңінен талқылау арқылы жетілдірілуде, – деді Зұлфухар Ғайыпов.
Кездесу барысында ол қолданыстағы Конституцияның кейбір баптарын оқып, оларды жаңа жобаға енгізілген өзгерістермен салыстыра отырып түсіндірді. Сонымен қатар Қазақстанның унитарлық мемлекет екеніне ерекше тоқталып, елдің аумақтық тұтастығы мен бірлігі Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Сондай-ақ парламенттік жүйеге қатысты өзгерістер де сөз болды. Бұрынғы қос палаталы Парламенттің (Сенат пен Мәжіліс) құрылымы қоғамда түрлі пікір тудырғанын айтқан Зұлфухар Ғайыпов бұл жолы халықтың ұсынысы ескеріліп, бір палаталы Парламент құру туралы шешім қабылданғанын жеткізді. Жаңа парламент «Құрылтай» деп аталып, оның халықтың мүддесін тікелей білдіретін алаңға айналуы көзделіп отыр.
Осылайша, жаңа Ата Заңның жобасы қоғамның барлық өкілдерінің қатысуымен жан-жақты талқыланып, елдің саяси жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың мемлекет басқару ісіне белсенді араласуына жол ашатын маңызды құжат ретінде ұсынылып отыр.
фото: Сұлтан Сейіт



