Ел тынысыҚұқық

«Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде

Астана қаласының полициясы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Аталған іс-шара аясында елордалық полицейлер қаланың барлық ауданындағы тұрғын үй секторын кең көлемде мекенжай бойынша аралап шықты. Учаскелік инспекторлар, ювеналдық полиция қызметкерлері және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшелері 1000-нан астам отбасыға арнайы барып, профилактикалық жұмыс жүргізді. Негізгі мақсат – тұрмыстағы тәуекелдерді дер кезінде анықтап, құқықбұзушылықтардың алдын алу.

Полиция бақылауында тұрған отбасыларға, балалардың тұрмыс жағдайына, әйелдердің құқықтарының сақталуына, сондай-ақ бұған дейін отбасында заңға қайшы әрекеттерге жол берген тұлғаларға ерекше назар аударылды.

Іс-шара қорытындысы бойынша отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 80-нен астам құқыққа қайшы әрекет анықталып, әрбір дерек бойынша заңнамада көзделген шаралар қабылданды. Ең жиі кездескен бұзушылықтар қатарында қорғау нұсқамаларын сақтамау, отбасылық істер бойынша сот шешімдерін орындамау, ата-аналық міндеттерді тиісінше атқармау, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болуы, алкоголь өнімдерін заңсыз сату, қоғамдық орындарда мас күйде жүру, сондай-ақ тіркеусіз тұру фактілері бар.

Жедел әрекет ету мақсатында учаскелік инспекторлар, ювеналдық полиция қызметкерлері және профильдік бөлімшелер өкілдерінен құралған мобильді топтар құрылды. Олар азаматтарға жауапкершілік шараларын, көмекке жүгіну тәртібін және құқықтық қорғану тетіктерін түсіндіруде.

Сонымен қатар белсенді ақпараттық жұмыс жүргізілуде: анонимді қолдау қызметтерінің байланыс нөмірлері таратылып, психологиялық көмек алу мүмкіндіктері түсіндірілуде, ақпараттық материалдар үлестіріліп, көппәтерлі үйлердің ортақ чаттарына профилактикалық хабарламалар жолданып жатыр. Соңғы екі күнде осындай чаттарға шамамен 3 мың хабарлама жіберілген.

Жедел профилактикалық іс-шаралар аясында сталкингтің алдын алуға да ерекше көңіл бөлінді. 2026 жылдың басынан бері елордада мұндай 8 дерек тіркеліп, әрқайсысына қатысты тиісті процессуалдық шаралар қабылданды.

Құқық қорғау органдары зорлық-зомбылық, қоқан-лоққы немесе қысым көрсету жағдайларында мына нөмірлер арқылы шұғыл түрде көмекке жүгінуді еске салады: 102 – полиция, 71-60-63 – Астана қалалық полиция департаментінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімі, 111 – балалар мен отбасыларға көмек көрсететін бірыңғай байланыс орталығы.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button