Балалар «Таза қазақстан» акциясын қолдады

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында елордадағы №46 мектепте оқушылар өздерінің идеялары мен экологиялық жобаларын ұсынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Атап айтқанда, балабақша тәрбиеленушілері қыс мезгілінде ауланы қар тазалау жұмыстарына көмектессе, жылы мезгілде топ болып көкөністер отырғызып, кейін оларды «Шарапат» әлеуметтік орталығына жеткізеді.
Ал орта және жоғары сынып оқушылары қағаз бен суды пайдалана отырып, көшеттер өсіруге арналған экологиялық стакандарды қалай жасауға болатынын көрсетті. Бұл ыдыстарды лақтырудың қажеті жоқ өсімдікпен бірге мектеп аумағына отырғызуға болады.
Сонымен қатар оқушылардың қоршаған ортаны қорғауға бағытталған өзге де бастамалары бар. Жобалары арқылы балалар табиғатқа, туған қалаға және ел болашағына деген жауапкершілікті көзқарастарын айқын көрсетті.



