Ел тынысы

Цифрлық даму мәселелері талқыланды

Астанада телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын іске асыру мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев төрағалық етті.

Кеңеске мемлекеттік органдардың, байланыс операторларының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Жиын барысында елдегі байланыс саласының қазіргі ахуалы мен алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер талқыланды. Басты назар халықты, соның ішінде ауылдық және шалғай елді мекендерді сапалы әрі тұрақты интернетпен қамтамасыз етуге аударылды.

Байланыс саласын дамыту бірнеше негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, интернетті үй шаруашылықтарына дейін жеткізу, мобильді және спутник­тік интернетті дамыту, автомобиль жолдары бойында байланыс орнату, сондай-ақ Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру көзделген.

Ауылдық елді мекендерді интернетпен қамту басым бағыттардың бірі болып қала береді. «Қазақтелеком» АҚ-ның инвестициялық келісімі аясында 3 мыңнан астам ауылдық елді мекенді жоғары жылдамдықты интернетке қосу жоспарланған болатын. Сонымен қатар Дүниежүзілік банкпен бірлесіп «соңғы миляны» субсидиялау жобасы іске асырылуда, оның шеңберінде шағын және орта байланыс операторларының капиталдық шығындарының 50 пайызына дейінгі өтемақысы қарастырылған.

«Мобильді интернетті дамыту бағытында 2027 жылға дейін 3G технологиясынан 4G-ге кезең-кезеңімен көшу жоспарланған. Сондай-ақ халық саны 250 адамнан асатын елді мекендерде 4G қамту міндеттемелерін орындау мәселелері қаралды. Бұдан бөлек, 5G желілерін дамыту және байланыс жоқ аймақтарды қысқарту жоспарлары талқыланды. Спутниктік интернет шалғай және аз қоныстанған аумақтар үшін маңызды шешім ретінде қарастырылуда. 2025 жылы 300-ден астам ауылдық елді мекен спутниктік интернетпен қамтамасыз етілді. 2026 жылы нарыққа жаңа операторлардың шығуы және Direct-to-Cell технологиясының дамуы күтілуде» делінген хабарламада.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button