Ел тынысы

Құрылтай деп атау өте орынды

– Мемлекеттің даму жолында әрдайым өзгеріс, сілкініс болуы керек. Ал Қызылорда қаласында өткен биылғы Ұлттық құрылтайда сондай айшықты жаңалықтар көп болып жатыр. Өзім бір кездері Парламентте жұмыс істеген адам ретінде айтар болсам, Мемлекет басшысының бір палаталы Парламент құру ұсынысын қолдаймын. Соның ішінде Парламентті Құрылтай деп атау өте орынды. Ежелгі түркі заманында Құрылтай ақсүйектердің ресми кеңесі, кейінгі Қазақ хандығында аса маңыз­ды мемлекеттік мәселелерді шешуге шақырылатын жиналыс болды. Енді осы Құрылтай еліміздің өсіп-өркендеуіне себеп болатынына мен кәміл сенемін.

Ал бір палаталы Парламентте қоғам белсенділері тарапынан басында 150 депутаттың болуы ұсынылған еді, Президент 145 депутатқа тоқталған екен. Мен мұны ықшамды әрі тиімді сан деп есептеймін. Бұдан былай депутаттарды сайлау кезінде Қазақстан халқы Ассамблея­сының квотасы болмайды. Енді үміткерлер арасында зор бәсекелестік болады деп ойлаймын. Үкіметтен бастап, мемлекеттік ұйымдар Құрылтайға қарап көш түзейді деп сенемін. Қасым-Жомарт ­Тоқаев өзінің дипломатиялық әдістерімен халықты осыған әкеле жатыр.

Одан кейінгі жақсы жа­ңа­лық – Қасым-Жомарт ­Тоқаевтың вице-президент институтын құру туралы ұсынысы. Бұл өркениетті елдердің тәжірибесінде бар. Президенттің жұмысын арнайы түрде атқаратын осынау институттың құрылуы да прогрессивті бастама деп есептеймін.

Сәдібек ТҮГЕЛ,

жазушы, публицист,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button