Астанада әкелер слеті өтті

Елордадағы №81 Astana English school халықаралық мектебінде «Нағыз ер-азамат болу – намыс пен жауапкершілік» тақырыбындағы әкелер слеті өтті. Айтулы іс-шараға қала әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылған іс-шара ашық пікірталасқа ұласты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шарада 8-10-сыныптың оқушылары, ата-аналар, қоғам және құқық қорғау органдарының өкілдері бас қосты. Кездесудің басты мақсаты – жасөспірімдерге ер-азаматқа тән жауапкершілік, тәртіп, намыс, отбасы құндылықтары мен заңға адалдықты түсіндіру.
Ішкі істер министрлігі Көлік полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Теміржан Рамазанов «Заңға адалдық – ер-азаматтың басты жауапкершілігі» тақырыбында сөз сөйлеп, құқық бұзушылықтың алдын алу, заң мен тәртіптің азаматтық намыстағы орны және жасөспірімдердің қылмысқа бармауы үшін жеке жауапкершіліктің маңызын атап өтті.
«Нағыз ер-азамат болу – намыс пен жауапкершілік» әкелер слеті – өте маңызды шаралардың бірі. Спикерлер жасөспірімдерге жауапкершілік, тәртіп, намыс, отбасы құндылықтары мен заңға адалдықты түсіндірді. Осындай іс-шаралар барлық мектепте жиі өтіп тұруы керек. Себебі бұл жасөспірімдерге дұрыс бағыт-бағдар беруде маңызды рөл атқарады, оқушылардың белсенділігін күшейтеді. Сол арқылы мектеп оқушыларының әкеге деген сенімі нығайып, отбасына деген жауапкершіліктері арта түседі», – деді мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Әмірхан Нақыпов.
Іс-шара соңында модератор мектеп әкелері мен оқушыларды еркін пікір алмасуға шақырды. Әке мен бала арасындағы тығыз байланыс бірлікті арттырып, жауапкершілікті сезіндіреді.



