Руханият

Туған жердің бір уыс топырағы

Көрнекті жазушы, этнограф, баспагер Зейнолла Сәнік ақсақалмен «Шыңжаң» газетінің тілшісі болып жүрген кезде жақын танысып, жақсы араластым. Талай ғибратты әңгімелерін тыңдадым. Зайыбы – Ақын Шәмшабану апамыз да жиын-тойларда кезіге қалсақ, «балам» деп өзіне жақын тартып еркелетіп жүрді.

Екеуі де қаламгер, кітап кемірген жандар болған соң ба, жоқ әлде Зекең ақсақал ұзақ жыл баспа саласында қызмет істегенінен бе, қытай қазақтарының арасында ең үлкен жеке кітапхана осы Зейнолла Сәніктің отбасында болды. Кезіге қалсам, «сол кітаптардың біразын маған қашан бересіз?» деп әзіл-шыны аралас тақымдап қоймайтынмын. Сонда ақсақалдың рахаттана күліп, «кітапқұмар болған жақсы ғой, университет оқу басқа, кітап оқудан алатын білім тіпті басқа» деп өзінің кітапты қалай оқығанын да ерінбей әңгімелеп бергені күні бүгінге дейін есімде.

Нақ қай жылы екені есімде жоқ, Қазақстанға кетіп қалған Зейнолла ата аяқ астынан телефон шалды.

– Қалиакбар балам, мен Зейнолла атаңмын ғой, Нәнміндегі (Үрімжі қаласы) ауруханада жатыр едім. Уақытың болса келіп кетші, – деді. Көп айналғам жоқ, айтқан жеріне шауып жеттім. Емделіп жатырмын дегені болмаса, тың, әлі ширақ көрінді.

– Әкетіп бара жатқан ауру емес, Үрімжіге келіп қалған соң бір апта қаралып алайын деп жатқаным ғой. Бір жағы бұл жолы туған жерді, туған елді бір көріп қайтайын деп келдім. Жас күніңде білінбегенмен, туған жердің топырағы қартайғанда қатты ыстық болады екен. Баяғыда Түркия­ға ауып барған қазақтар «туған жердің топырағын жеп қойып­ты» дегенді естіп, күліп едім, – деп ақсақал бір әңгімені бастады.

– Өзің де білесің, өткен ғасырдың орта шенінде Алтайдан Анадолыға дейін ауған қазақтар Түркия жеріне қоныс тепкеніне де міне, жарты ғасырдай уақыт өтті. 1938 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесінен ауған ел Тибет үстіртін, Такламакан шөлінен өтіп, Гималайдың күн сүйген жоталарын асып, Үндістан, Пәкістанды басып, 1953 жылы Түркияға жеткен. Көш куәгерлерінің айтуынша, Алтайдан басталған сол көште ту баста 18000 адам (кейбір деректерде 38 мың адам) болса, Түркияға небәрі 1500 адам жеткен екен. Қазақ тарихында мұндай қасіретті қаралы көш болмаған, – деп бір күрсініп алған ақсақал әңгімесін әрі қарай жалғады.

– Сол түбі бір түркі жеріне жеткен қазақтар кейін Түркияда бір ауыл болып өмір сүрді. 1980 жылдан кейін Қытай елімен де қайта қарым-қатынас жасап, жолаушылап келіп-кетіп жүрді. Баркөл өңірін мекендеген қазақтардың біраз туысы – сол Түркияда. Бір жылы сол Баркөлдегі қазақтар Түркиядағы туыс­тарына сәлемдеме жібергенде, қоржынның арасына жасырып, Баркөлдің бір уыс топырағын жіберіпті. Ол кезде елден сәлемдеме келсе, ол жақтағы қазақтар тайлы-тұяғы қалмай түгел жиналатын көрінеді. Сол жолы алдымен жеткен үш шал сәлемдеменің арасынан шыққан бір уыс топырақты көргенде тұтас жері көшіп келгендей қуанып, әлгі бір уыс топырақты кезек-кезек иіскесе де сағыныштары басылмай, соңында әлгі бір уыс топырақты үшеуі бөлісіп жеп қойыпты. Осы әңгімені естігенде мен басында сенбеп едім, рас екен. Адам туған жерін аңсағанда бір түйір топырағы түгіл, бір шырпысы да ыстық сезіледі екен. Ақын Жәркен Бөдештің:

Туған жердің дариға-ай

зар боп жүрміз,

Тіс шұқитын жалғыз тал аршасына, – деп жырлайтыны тегін емес. «Әркімнің туған жері Мысыр шәрі» дегендей, кім-кімге де кіндік қаны тамған жері қашанда ыстық.

Адамды қойып, мал екеш мал да туған жерін аңсайды. «Әсіресе, жылқы мен түйе өскен жерін аңсағанда сол бағытқа қарап, тұмсығын көтеріп адамша екі көзінен жас сорғалайды екен» деген әңгімені де үлкендердің аузынан талай естідім. Сосын да тәжірибелі қазақ жылқышыларының екінші бір өңірге қоныс аударғанда туған жерінен топырақ ала кетіп, жылқының жусайтын жеріне тұзға қосып шашып тастайтын әдеттері болған, – деп Зейнолла ақсақал әңгімесін аяқтап еді.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button