Руханият

Қаз қанатындағы ғұмыр

Жаңа жылда қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Әскербекқызы Аймұхамбет асқаралы алпыс жасқа толады.

Жанат Аймұхамбет 1966 жылы 1 қаңтарда Шығыс Қазақстанның Тарбағатай өңі­рінде, ұстаздар отбасында дүниеге келді. Бұл дерек жай өмірбаян­дық мәлімет қана емес, оның кейінгі тағдырының кілті секілді. Мұғалімдік пен сөзге адалдық оның бойына ерте сіңді. Абай айтқандай, «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстау» қағидасы Жанаттың ғұмыр жолында нақты іске айналды. Университет қабырғасынан соң ауыл мектебінде бала оқытуы, кейін жоғары оқу орнында дәріс беруі – оның ұстаздық миссиясының үзілмеген желісі.

Жанат Әскербекқызы – Қазақ поэзиясына тәуелсіздік жылдарының басында келген талантты ақындарымыздың бірі. Поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасын айқындаған, көркемдік ашы­лымдар сатысында әдебиет пен өнердің ішкі заңдылықтарын бағындырған, жеке, дара си­паты, стилі қалыптасқан ақын.

Ақынның балауса жырлары жұртшылыққа өткен ғасыр­дың сексенінші жылдарынан таныла бастады. Алғашқы өлеңдерімен-ақ өз оқырманы мен әдеби ортаны соны, тың ізденіс­терімен елең еткізген ақын ұдайы ізденіс пен өсу үстінде. Ақын шығармашылығының бас кезіндегі «Қара гүл», «Елік-сезім», «Ту сыртымнан Көкжорға кісінеді», «Перінің қызы Бекторы», «Қаракөз-бұлақ» т.б. өлеңдері терең мазмұнымен, тамаша тіл кестесімен, сөз бедерімен ерекшеленді.

Ақынның бұл күнде «Қаң­тар­дағы қызыл гүл», «Қара­көз-бұлақ», «Ғарыш билер ғұмырымды», «Көк түріктер әуені», «Қаз қанатындағы ғұмыр», «Ай-тамғы», «Бұлт болып көшеді өлең», «Қыш тақтадағы сына жазу» секілді жыр жинақтары – оқырман тарапынан жылы қабылданып, әдеби қауымның оң бағасын алған шығармалар. Туындыгер аталған жыр кітаптарында сара сөзбен «өткірдің жүзіндей, кестенің бізіндей» өрнек салып, өткен мен бүгіннің, миф пен қазіргі заманның, яғни көне түркілік болмыс пен оның арғы тегіне зер салады, үндестік табады.

Мұқағали мен Төлегеннің, Жұматай мен Кеңшіліктің, Мұхтар мен Есенғалидің, Фаризаның өлеңдерін рухани азық етіп өскен тұтас бір буын бар екені ақиқат. Алайда уақыт алмасқан сайын өлеңнің де өңі, тынысы өзгере бастады. Жанаттың, Тыныштықбектің, Маралтайдың және тағы басқа жас өрендердің өлеңдері бізді осы ойға жетелейді. Қазіргі қазақы қара өлең – өзінің қара орман тарихымен техтоникалық байланыс тапқан, бастау-бұлағына бет бұрған жыр. Басқаша айтқанда, көне сарынның жаңа болмыспен, сырлы сөзбен жаңғыруы. Ақынның:

Шалкиіз жырау шалған жұрт,

Қазтуғаннан қалған жұрт,

Доспамбеттей қыршын ер,

Соңғы демін алған жұрт,

Ақтамберді толғанып,

Махамбет атой салған жұрт,

Дауға түскен ептінің,

Жауға түскен ептінің,

Таңдайынан түйірілеп,

Сөз асылы тамған жұрт, – деуі осының жарқын куәсі. Қайта өрлеу атты үрдістің түпкі мәні бұл емес. Ақынның құдіреттілігі сырға-сезімді сылдыр еткізер леп табуында, санада сурет салған, тербеліс тудырар сөз құдіретін беруінде.

Жанат Әскербекқызының өлеңдері орыс, түрік, қырғыз, әзербайжан және испан тілдеріне аударылған. «Независимый Казахстан: Антология современной литературы. Поэзия» атты Мәскеуде шығарылған үштомдыққа өлеңдері енген.

Ақын, сонымен қатар әлем әдебиетінің бірқатар жауһарларын ана тілімізге тәржімалап, басқа да қазақ ақындарының аударуында насихатталуына зор еңбек сіңіріп келеді. Айталық, орыс ақындары М.Лермонтовтың, Н.Гумилевтің, армян әдебиеті мен тәжік ақыны Фарзонаның өлеңдерін аударған. Көне жапон ақындарын (Сайгё, Басё бастаған) қазақ тілінде сөйлетіп, «Сакура гүлдегенде» деген атпен жеке жинақ етіп шығарған. Ал 2011 жылғы өзі құрастырған «Еуропа классикалық әдебиеті» атты жинақта Еуропа әдебие­тінің Роберт Бернс, Пьер-Жан Беранже, Перси Биши Шелли, Джон Китс, Шандор Петефи, Артур Рембо сынды ақындардың өлеңдері қазақ ақындарының тәржімалануында өз оқырманымен қауышты. А.П.Чехов әңгімелері де қаламгер назарынан тыс қалған жоқ.

Ақын аудармаларының кеңістігі мен уақытын салмақтай отырып, ақынның қаламгер ретінде ұдайы Шығыс пен Батыс руханиятының бесігінде тербелетіндігін, мыңжылдықтардың қатпарында ой қорытатынын, соның нәтижесінде оның төлтума шығармаларының терең мазмұны мен көркем кестесін бағамдағандай боламыз.

Жанат Әскербекқызы – мұғалімдік қызметтің барлық сатыларынан өткен кәсіби біліктілігі жоғары құзыретті маман-ұстаз! Оның қырық жылға жуық педагогикалық қызметінде алдын көрінген шәкірттері қазір өмірдің сан-саласында, педагогикада және ғылымда жүр.

Педагог болу – шәкіртке тек пәндік білім беріп қою ғана емес, оның оқулығын, оқу құралын және оқу-әдістемелік кешенін жасау. Бұл ретте де Жанат Әскербекқызы қазақ әдебие­тін оқытуға айтарлықтай үлес қосып келеді. Ол орта мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған қазақ әдебиеті пәнінің оқулықтарын жазып, кадрлар даярлауға белсене атсалысады. Мәселен, орта мектептің 7,8, 10-11 сыныптарына арналған әдебиет оқулығын (авторлармен бірлесіп) әзірлеген. Сондай-ақ жоғары курс студенттері мен магистранттарға арналған «Миф және қазіргі әдебиет», «Мифопоэтика», «Қазіргі қазақ әдебиеті», «XIX ғасыр қазақ әдебиеті» (бірлес­кен), «XX ғасыр қазақ әдебие­ті: 60-90-жылдар», «Тәуелсіздік тудырған романдар», «Әдебиет теориясы», «Структуралық әдебиеттану» (бірлескен), «Қазақ фольклоры» (бірлескен) сынды оқулықтары, оқу құралдары мен әдістемелік еңбектері бар. Педагог-ұстаздың авторлығымен дайындалған бұл басылымдар мектеп пен университет қабыр­ғасындағы әдебиеттің тарихы мен теориясын оқытуда кеңінен пайдаланылады.

Жанат Әскербекқызы – ғалым. Ол мифология мен әдеби-мифопоэтиканың көрнекті маманы. Ж.Аймұхамбет қазақ әдебиеттануында миф пен мифопоэтика саласында маңызды зерттеулер жүргізген алғашқы ғалымдардың бірі және құнды ғылыми тұжырымдар жасай алған маман ретінде бағаланады. Ғалымның «Мифтің поэтикадағы қызметі», «Поэзия және миф», «Миф әлемі және көркем әлем», «Миф. Мифология. Мифопоэтика» зерттеулері – сөзіміздің айғағы. Бұған қоса ол Есенғали Раушанов шығармашылығына арналған «Даңғыл» және «Көркемдік өріс» атты іргелі зерттеулер жүргізді.

Жанат Аймұхамбетова 2000-жылдардан бері көптеген іргелі ғылыми жобаларға қатысып, оның шеңберінде қазақ мәдениеті мен әдебиеті мәселелерін зерттеп келеді. Бұл ретте ғалымның соңғы бес-он жыл көлеміндегі жобалар ауқымын атасақ та жеткілікті. Мысалы, «Қырымның қырық батыры» жырлар циклінің қазақ мәдениеті тарихындағы орны және ұлттұтастырушылық қызметі», «Жаңа, инновациялық пайым­даудағы М.Әуезовтің ғылыми еңбектері және олардың қазіргі әдебиеттану үшін маңызы», «Түркілердің тарихи-мәдени құндылықтары – қазіргі кезеңдегі қоғамның тұрақты даму ресурсы», «Түркі әдебиетіндегі ақындық дәстүрдің типологиясы» және «Абай өлеңдерінің поэ­тикалық тезаурусы» жобалары.

2014 жылы Тәуелсіз рейтинг агенттігі Жанат Әскербекқызын қазақ әдебиеттануында жаңаша көзқарас тудырған, әдебиет­танудың заманауи трендтік бағыттарында жұмыс істейтін ғалым ретінде жоғары бағалап, университет оқытушылары арасынан ТОР-30 үздік мұғалімдер қатарына қосты.

Қорытындылай айтқанда, Жанат Әскербекқызы – поэзияда көне рух пен жаңа болмысты тоғыстырған, ғылымда мифопоэтикалық ойлаудың терең арнасын ашқан, ал ұстаздықта ұрпақ санасына сөз киесін дарытқан, ақын-ғалым-ұстаз тұтастығын бір тағдырға сыйдырған жан.

Сәкен ҚАСЕНОВ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Қазақ әдебиеті кафедрасы­ның аға оқытушысы, ф.ғ.к.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button