Ғылым-білімді қуаттайтын роман

Жуырда Ұлттық академиялық кітапхананың сәулетті залында бірнеше әдеби сыйлықтың лауреаты Әділбек Ыбырайымұлының «Жалғыз жолаушы» және «Арзу» атты қос кітабының жұртшылыққа таныстырылымы өтті. Әділбек поэзия және проза жанрын қатар алып жүруімен ерекшеленеді. Ғадетте мұндай тандем сирек кездеседі, екеуі де кесек жанр, біреуін игеру де оңайға соқпайды.
«Арзу» атты романның идеясы – тұтас адамзаттың алдағы тұрмыс-тіршілігін айғақтайтын су және ғарыш мәселесі. Су – тіршілік көзі. Әділбек мұны ғылыми, философиялық, метафизикалық, діни көзқарас арқылы берген. Техногендік жаһандану бәсекесінде кім ұтады? Негізгі басы ашық сауал – осы. Жазушы қазақ прозасына ендігіде аса қажет ғылымилық сипат арқылы жетіңкіремей тұрған кем-кетік қуысты толтыруға аса мүдделі тәрізденді. Ежелден ғұламалар заттардың жаратылысы туралы трактаттар жазып қалдырды. Мектепте физика пәні оқытылғанымен, оған терең бару екінің біріне бұйырмаған. Ал біздің өміріміз тұтас суға байлаулы. Судың қасиеттерін білуге ұмтылу – қазіргі заман үшін өте киелі іс. Әлемде таза су көздері сарқылып барады. Сарапшылар келешекте су проблемасы үшін соғыс өрті тұтану қаупін әлдеқашан болжап қойды.

Жазушы қазіргі дәуір қаһарманын сомдау үшін ғылыми, діни деректерге авантюра, детектив, геосаясат элементтерін бірдей қосып жазған. Өткен-кеткен тарих, бұрынғы мен қазіргі жағдайдың тоғысуы, шежірелік, аңыздық деректерді мол етіп параллель пайдалану романда жиі кездеседі.
Әділбек Иса Мәсіх, Иисус Христос туралы тарауларда христиандық притча-әпсананы келтіргені қаншалық қажет деп ойладым. Негізінен, батыс және орыс прозасына тән дәстүр екені шындық. Михаил Булгаков «Мастер и Маргарита», Шыңғыс Айтматов «Плаха» атты романда бұл тақырыпты діни-мистикалық астармен қазып жазды. Булгаков вариантын еліге қабылдаған әдеби сын Айтматов нұсқасын аса қабылдаған жоқ.
Судан алынатын энергия, мега-жоба, қазақ жерінің сирек кездесетін металдарға бай болуы төңірегінде қым-қуыт оқиғалар шеруі өрбиді. Америкалық бизнесмен Гуидо Бертолазо үшін қазақ жеріндегі таза су қоры – таусылмас қаржы көзі. Еліміздегі сирек кен рудалары – келешекте аспанға ұмтылып, ғарышты игеруге аса мүдделі алпауыт елдер үшін көз құрты. Романда шетелдік есімдер аз еместігі текке тумаған сияқты. Мұнда алдағыға көз салуды әзір терең игере қоймаған қазақ дүниетанымы және капитал билігіне табынатын жатжерлік психология текетіреске түскен. «Осмий жұлдызды соғыс, жасанды интеллектуалға ие роботтар шайқасы мен Марсты игерудің құралы». Географиялық деректер қоса өрілуі автордың елжанды идеясын астарлайды. «Су басы өзіңдікі болмай, жер сенікі емес» деп ұрпаққа өсиет еткен хан Абылай аруағы еске оралады. «Ертеде елді қоныстандырарда бұлақ пен қайнардың қоры мол мекендер таңдалатын еді».
Мегаполисте қос қолдап 20 литрден 40 литр ауызсу тасып жүретін қазақ жігіттерін көргенде ылғи көңілім құлазиды. Тым құрыса, робот молайған дәуірде осынша ауыр жүк таситын шағын арба ойлап тапса ғой. Тепсе темір үзетін сол жастардың кейінірек денсаулығы қалай болмақ?
Әбіш Кекілбаев «Шыңырау» культтық повесінде су шығару михнатын тұңғиығынан суреттеді. Жарты ғасыр бұрынырақ бір қазақ ғалымы Бетпақдаланың асты үлкен тұщы теңіз екенін зерттеп тапқан көрінеді. Тек соны игеретін жаңа технология керек. Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан біздің ел қазір қырағы сырт көздер нысанына айналған. Болашақта мұхит жағалауындағы мемлекеттерді су басу үрейі тұр. Автор бүгіннің призмасына өткен тарихи күрделі мезеттерді фрагмент етіп салып отыру арқылы елдік рухты күшейтуге, ғылым мен білімнің қасиетін санаға әбден сіңіруге аса мүдделілік танытқан. «Біз судың рухын ластаймыз. Былапыттауымыздың ауқымы алапат», «Өлі су дейтініміз – энергетикасы жоқ, органикалық тірлік нышанынан ада-күде айырылған сұйықтық».
«Бен галактикадағы аспан денелері мен құбылыстарды зерттеу үшін соңғы қуатты телескоптардың өмірге келуіне бар білімі мен қажырын жұмсады. 2018 жылы «зеңгір қарашығы» TESS орбитаға көтерілгенде, көптеген құпияға ұшырасты. Соның ең негізгісі – Йель. ABAI. «Астрономиялық Байланыс Айлағындағы Йель – АБАЙ».
Америкалық астронавт Бенджамин Роджерс бастапқы әріптерден түзілген аббревиатурадан Абай әлеміне өтіп кетеді. Жақсы сөз – жарым ырыс, сөз энергиясы толқын тудырады әрі хатталған соң материялануға бейім, мұны ұлтқа қажет оң бағдарлама деп қабылдау абзал. Ол Лев Толстойды пір тұтады, Әділбек Бенді әділет жақтаушысы етіп суреттейді.
Гидронимдер, топонимдер бәрі де қазақы атаулар, автор аңыздар арқылы қосып гид тәрізді кіріктірген тәсілінің түп өзегінде елдік рухты сақтау идеясы жатқаны айқын. Қиюын келтіріп, америкалық астронавт оқыды дегізіп романға Абайдың қара сөздерін тегіс салуы – соның бір көрінісі. Интертекст кейінгі прозада аз кездеспейді. Қиюын тапса, оның өрескелдігі жоқ.
Былтыр қыста санасы сергек жазушы Әділбек Ыбырайымұлы интернет-алаяқтар бұқара халықты несиеге батырып, асқан қарақшылықпен миллиондарды тонап жатқанда дабыл көтерген болатын. Қазаққа мемлекеттік деңгейде не қажет, автор соны ерекше қаузап отыруы осы романда анық білінді. Астана, Бурабай, сексен көл, геосаясат, дін, діни алауыздық, ғылым, соғыс, космос, билік пен байлық үшін әлемдік тартыс диірмен тасындай шыр айналған дүние кейпі осындай. Кей тұстарда публицистикалық сарын кетіп қалатыны сондықтан болса керек. Діни сарынмен саяси оқиғалар шытырман алмасып отырады. Бақылау камерасы көз сияқты, оған сағыз жабыстыру тыңшылық деталь. Көбінесе кәпір-мұсылман дилеммасы ракурсында автор діни сауаттылығын танытып әрі оның жұмбақтарын интрига тәрізді берген. Қазір жұмыр жерде болып жатқан әлемдік проблемаларды бір романға қат-қабат сыйғызған. Қазақтың жер байлығын қору идеясы: «Бұлақ – бұл жай ғана су көзі емес, органикалық нәр беретін табиғаттың тамыры – өзен-көлдің анасы, өсімдік пен жануар әлемінің сақтаушысы».
Әділбек заманауи саяси тұлғаларды эпизод түрінде романға сыналап кіргізіп отыру әдісін қолданып, мейлінше еркін көсілген. Бұл ретте Арқаның су шаруашылығы саласында туған елге сіңірген ерен еңбегімен танылған біртуар азамат, мемлекет және қоғам қайраткері Жаңбыршы Есетұлы Нұркеновті қаһарман қылып енгізгенде әбден болар еді. Жомарт Айтқазының «Жаңбыршы» атты деректі кітабында ол кісінің үзбей жауған жаңбырда туғаны айтылған. Жаңбыршы ағаның су туралы естелігінде әншейінде бейқам жандар ойланбайтын бір ақиқат таным берілген екен. Әйгілі «Кішкентай ханзада» повесі авторы Антуан де Сент-Экзюпери ұшқыш, Солтүстік Африка аспанында ұшағын атып түсірген соң штурман екеуі үш күн шөлден қаталап келе жатады. «…аптап ыстықта көздері бұлдырап, өлдім-талдым деп 18 км жүргенде алғашқы кездескен адамды дүниенің билеушісіндей қабылдап, бір жұтым судың алдында тұтас адамзаттың дәрменсіздігін жазады. Таңдайына тамшы тамызған бәдәуидің ұлты, нәсілі, діні, білімі, дүниесі, болмыс қасиеттері, жалпы алғанда, өмірдегі жылтырақ дүниенің барлығының құнсыздығын көрсетеді».
Міне, судың қасиеті! Сусыз өмір тұл. Су туралы ғылыми деректер шебер қиюластырған тұстарын дұға тәрізді қабылдап, сүйіспеншілікпен қызыға оқыдым. Бұл туындының түп мақсаты – ел мен жерді, тірі табиғатты қастерлеп, ғылыми жағынан зерделей алатын жас ұрпақ қалыптастыру. Онсыз мынау құбылмалы әлемде ел болу оңайға соқпайды.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА



