Жасанды интеллект пен бала

Жасанды интеллект біздің күнделікті өмірімізге дендеп еніп кетті. Қазір студенттер түгілі, мектеп оқушылары үй тапсырмасын нейрожелілердің көмегімен орындап жүр. Бұл жаңалық емес. Бір анығы, мұндай үрдісті жақтайтындар да бар, оған қарсылар да аз емес. Жақтайтын тарап балаға білім берудегі ЖИ-дің артықшылықтарын алға тартады. Жақтамайтын тарап ЖИ-дің әр баланың ойлау қабілетіне тигізетін жағымсыз әсері туралы ойларын ұсынады. Енді осы мәселеге өзімізше талдау жасайық.
Виртуалды достықтың пайдасы мен зияны
Қазіргі заманғы трендтердің бірі – жеке оқыту. Жасанды интеллекттің көмекке келетін жері де осы. Интерактивті ойыншықтар мен адамның дауысы арқылы сұраққа жауап беретін робот-көмекшіні балалар зор қызығушылықпен қолданады. Мұндай үрдіс бір жағынан пайдалы. Өйткені ерекше қажеттіліктері бар балаларға білім беруде жеке оқу материалдарын жинақтап, әр баланың қабілеті мен жетістігін талдауға ЖИ-дің көмегі көп. Ондай балалар өздері музыка жазып, белгілі бір оқиғаға байланысты мәтіндер ойлап табады. Мысалы, математикаға қабілеті бар бала есептер әлеміне тереңдеп енеді.
Чат-боттар мен виртуалды достық – балалардың ЖИ-мен жақын қарым-қатынас жасауына жол ашып берді. Расында да әр үйге барғанда көріп жүргеніміздей, балалар әке-шешесінен гөрі виртуалды достарымен жақын араласады. Әкесі мен шешесі жұмыстан немесе үй шаруасынан қолы босамаған соң, балалар виртуалды әлемдегі достарымен көп уақытын өткізеді. Интернеттегі бейне ойындардың түр-түрі балаларды қызықтырып әкететіні рас. Бұл – әр балаға ЖИ-дің тарапынан ең жақын, ыңғайлы, жайлы қарым-қатынас. Себебі ол әке-шешесі сияқты балаға ұрыспайды, қателіктері үшін ескерту жасамайды. Кез келген сұрағына лезде жауап береді. Бір ойыннан жалығып кетсе, одан да қызықты екінші ойынды ұсынады. Ең бастысы, бала ЖИ-мен қарым-қатынаста өзін өте еркін, ашық және жайлы сезінеді. Қош делік.
Әлбетте, біз барлық ата-аналарға топырақ шашып, «баласын ЖИ-дің тәрбиесіне беріп қойды» деп кінәлай алмайтынымыз анық. Әке-шешесі күн сайын арнайы уақыт бөліп, балаларымен ашық әңгімелесетін, әртүрлі интеллектуалдық ойындарды бірігіп ойнайтын отбасылар да бар. Себебі, олар ЖИ-дің баланың даму, ойлау, жетілу процесіне кері әсерін тигізетінін жақсы біледі. Бұл жерде алаңдататын нәрсе, бала ЖИ ұсынатын әр ақпаратты ақиқат деп қабылдайды. Мұндай жағдайда сол баланы ЖИ-ге тәуелділігін арттырып, өзінің әке-шешесімен, айналасындағы адамдармен тірідей сөйлесуін тыйып тастауы мүмкін.
Зерттеуші-ғалымдардың анықтағанындай, жасанды интеллект баланың сыни ойлау қабілетінің дамуын тежейді. Өйткені нейрожеліге имандай сеніп алған бала одан алатын әр ақпаратты талдай алмайды, өзінше ой-пікірін қалыптастыруға қауқарсыз болады. Одан қалса, заманауи технология баланың бойына жалқаулықтың, тәуелділіктің дәнегін себеді. Мектепте оқығанда үй тапсырмасын нейрожеліге жаздырған оқушы кейінірек студент болғанда рефератын, дипломын тұтастай ЖИ-ге жаздырып, жатыпішер жалқаудың өзіне айналады.
Бізге ЖИ керек емес!
Біздің балалар миын қозғағысы келмей жүрсе, ағылшын балалары ЖИ-дің пайда болуы шығармашылық жағынан жетілуге кедергі келтіретінін айтады. Жуырда Oxford University Press зерттеушілері британдық оқушыларға жүргізілген зерттеудің қорытындысын жария етті. The Guardian газетінде жарияланған мақалада жазылғандай, ЖИ балалардың оқуына кедергі келтіріп қана қоймай, шығармашылық тұрғыдан жетілуін төмендететіні айтылған. Зерттеуден мәлім болғанындай, 13-18 жас аралығындағы оқушылардың тек 2 пайызы ғана ЖИ-ді мектепте қолданбайды. Ал 80 пайызы жүйелі түрде қолданады екен. Цифрлық технологиялардың кең таралғанына қарамастан, жасөспірімдердің 62 пайызы ЖИ-дің дағдыларды жетілдіруге кері әсерін тигізетінін ашық айтқан. Сауалнамаға қатысқан әр төртінші оқушының пікірінше, жасанды интеллект «сұрақтың жауабын тым жеңілдетіп жібереді», соның нәтижесінде әр баланың өзіндік жұмысқа деген қажеттілігі жоғалады. Сауалнамаға жауап берген балалардың 12 пайызы ЖИ өздерінің шығармашылық ойлауын және белгілі бір тапсырманы орындауын шектейтінін хабарлаған.
Oxford University Press-тің генерацияланған ЖИ бойынша маманы Александра Томеску бұл зерттеу оқушылардың технологияның пайдасын сезіну тұрғысынан тұңғыш әділ жұмыс болғанын айтады. «Біздің анықтағанымыздай, оқушылардың 60 пайызы ЖИ құралдары шынайы жұмыстың орнына бұрынғы жазылған жұмыстарды көшіріп алып, ұсынатынына алаңдайды. Өйткені мектепте алғаш дайындалған бірегей жұмыстар кейінірек сол баланың шығармашылық дағдысын қалыптастырып, білім көкжиегін кеңейтеді» дейді А.Томеску. Таң қаларлығы сол, социологиялық зерттеуге қатысқан 2000 оқушының жартысына жуығы ЖИ-ді сабақта басқа оқушылар көрсетпей пайдаланатынын, оны мұғалімдер көрмейтінін мойындаған. Бұл, әрине, ойланарлық жағдай.
ЖИ-ді оқушы қалай пайдаланғаны дұрыс?
Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев алдағы 5 жыл ішінде 1 миллион адамды жасанды интеллект дағдыларына үйрету жоспары жасалғанын мәлімдеді. Ол білім беру бастамалары мектеп оқушыларын, студенттерді, мемлекеттік қызметшілерді, кәсіпкерлерді және үйренгісі келетін барлық адамдарды қамтитынын айтты. Президенттің тапсырмасымен Оқу-ағарту министрлігі 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектептерге жасанды интеллектті оқытуды енгізгені мәлім. Әрі қарай қандай қадам жасауымыз керек?..
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектептерге енгізіліп жатқан ЖИ-ді қалай және не үшін қолдану керектігі туралы нақты бағдар жоқ екеніне алаңдайды. Депутат балалар ЖИ-ді саналы түрде, жауапкершілікпен және сыни ойлауды негізге ала отырып пайдалана білуі тиіс деп есептейді. «Бұл – өте маңызды қадам. Дегенмен мәселе осы бастаманың нақты қалай іске асатынына байланысты. Қойылып жүрген сұрақтарға қарасақ, көпшілік бұл жаңалықты «балаларды ChatGPT-ді ғана қолдануға үйретеді» деп ойлаған. Ал шын мәнінде, олай емес. Өйткені біздің балалар ЖИ құралдарын қазірдің өзінде кеңінен қолданып жүр: ChatGPT, DeepSeek арқылы үй тапсырмасын орындайды, шығарма жазады, презентация жасайды. Бірақ оның салдары көріне бастаған. Мысалы, көшіру көбейген, дайын жауапқа тәуелділік артып, сыни ойлау қабілеті әлсіреген. Тіпті кейбір балалар қарапайым сұрақты да ЖИ-сыз құрастыра алмайтын деңгейге жеткен. Мәселе мынада: балаларды бұл құралдарды қалай дұрыс, сауатты, жауапты және тиімді қолдануға ешкім үйретпеген. Бұл – жүргізуші куәлігінсіз адамды көлікке отырғызып, бағдаршамы жоқ қалаға жібергенмен бірдей» дейді ол.
Асхат Аймағамбетовтің пайымдауынша, балаларға ЖИ-дің шын мәнінде не екенін түсіндіру маңызды. «ЖИ дегеніміз – құрал, жай машина ғана. Ол дос емес. Ол әулие емес. Психолог та емес. Белгілі бір деректер негізінде үйретілген жүйе. Ол қателеседі, «галлюцинацияға» ұшырайды. Үйретілген деректерге байланысты бейімділіктері бар. Балаларды сыни ойлауға, фактіні тексеруге, академиялық адалдыққа, ЖИ-ді қолдану мәдениеті мен этикасына, дұрыс сұрау құруға (prompt engineering), жауапкершілікке, медиасауаттылыққа үйретуіміз керек. Маңыздысы – соқыр көшіруге емес, саналы қолдануға дағдыландыру. Ең басты қауіп – балалардың дайын жауаптарға тәуелді болуына жол бермеуге тиіспіз. Керісінше, ЖИ-ді өз ойлауын дамыту құралы ретінде пайдалана білуге, өздігінен үйренуге үйретуіміз қажет» деп өз ойын түйіндеді депутат.
ЖИ кімді топас қылады, кімді сұңғыла етеді?
Белгілі IT-сарапшы Тимур Бектұр егер дұрыс қолдануды білмесе, ЖИ оқушылар мен студенттерді топас қылады деген пікірін әлеуметтік желіде жариялады. «Әлемдік деңгейде сөз сөйлеп жүрген мамандардың айтуынша, ЖИ катализатор рөлін атқарады. Бұл не деген сөз? Бұл ЖИ топас, оқымайтын, жалқау, еріншек адамдарды одан сайын топас, жалқау, еріншек, сауатсыз қылады. Ал оқитын, ізденетін, қызығушылығы көп, білсем екен, көрсем екен, түсінсем екен деген оқушы мен студентті одан әрі үздік, озат, сұңғыла етеді. Асылында, ЖИ құралдары анау Маңғыстаудың Ақшымырау-Қызанында, сонау Алматының Кегені мен Нарынқолындағы адамдарға азуын айға білеген АҚШ-тың алпауыт университеттеріндегі әлемдік білімді беру үшін қажет. Тіл үйрену, зерттеу, ғылымға әуестену, ақпарат алу, сан алуан ақпарат көзімен жұмыс істеу үшін қажет. Ол сондықтан да енгізіліп жатыр. Енді балалар мен студенттер тапсырма орындаған кезде миларын қозғағысы келмесе, оны дұрыс қолдануды мұғалімдер тәптіштеп айтпаса, топас бала топастана береді. Шамасы, табиғи сұрыпталу осылай жалғасатын сияқты. Сонда не істеу керек?
1) Ата-аналар балаларына ЖИ-ді дұрыс қолдануды үйрету керек.
2) Мұғалімдер оқушыларға ЖИ-ді дұрыс қолдануды үйрету керек.
3) Аралық һәм тоқсандық және жылдық бақылау кезінде смартфон, ЖИ қолдануға рұқсат бермеу керек. Ештеңе білмейтін балаға 2 деген бағаны аямай қою керек.
4) Келесі сыныпқа көшірмей тастау тәжірибесін өмірге қайта әкелу керек.
Тредс деген әлеуметтік желі бар. Сол жерде мұғалімдердің барлығы «ТЖБ/БЖБ кезінде оқушылар смартфоннан қарап жазады, ештеңе істей алмаймыз» деп пұшайман боп отыр. Біздің білім беру жүйесінде оқымайтын баланы баға арқылы жазалау әдісі жоғалып кеткенге ұқсайды. Мәселе ЖИ-де емес, мәселе оқымайтын адам мен оқитын адамды бағалау, тиісінше шара қолдануда боп тұр. Ал оқымайтын балаларға бола оқитын балалардың бағын байлап, ЖИ үйретуді, қолдануды шектеуге болмайды. Бұл – қиянат» дейді Т.Бектұр.
Төлен ТІЛЕУБАЙ



