Абайдың аударма әлемі айшықталды

Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында филология ғылымдарының докторы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахмановтың «Алып Абай. Конгениальность. Congeniality» кітабының таныстырылымы өтті.
Мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, сондай-ақ қаламгерлер, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысқан іс-шараның тізгінін ақын, филология ғылымдарының докторы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай ұстады.
«Биылғы Абай жылы аяқталып келеді. Тұсауы кесіліп отырған іргелі еңбек сол айтулы жылдың сүбелі олжасы, Абай тойының жарасымды қорытындысы деп білеміз. «Алып Абай» – абайтанудағы олқы тұрған бір тұсты толтырған еңбек» деп бағалаған ол қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген «Алып Абай» кітабы тұтастай Абай аудармашылығына арналған тұңғыш кітап екенін айрықша атап өтті.
– Мұхтар Әуезовтен бастап талай ғалымдар Абайды зерттеді, сүбелі еңбектер де жарық көрді. Тарихи тұлғаларымыздың арасында біршама кемелді зерттелгені де осы Абай атамыз. Ал Абайдың аудармашылығына қатысты 1954 жылы Зәки Ахметовтің «Лермонтов и Абай» атты зерттеуі ғана шыққан. Бірақ Абайдың аудармашылық қыры тұтастай зерттеліп, жеке кітап болып шығуы 71 жылдан кейін жүзеге асып отыр, – деді ол.
Кітап авторы Сауытбек Абдрахманов қазақ халқының Абайға деген сүйіспеншілігі оның атын ерекше құрметпен айтуынан да көрінетінін атап өтті.
– Абай туралы толғанғанда мына бір жай таңғалдырмай қоймайды. Біз «Абай атамыз» деп сөйлейміз. «Абай атамыз айтқандай» деп әңгіме бастаймыз. Сөз мәніне терең үңіліп қарасақ, бұл – бір ғажап құбылыс. Бүкіл халықтың ақынды немесе жазушыны «ата» деп атауы, жанына соншалықты жақын тұтуы қазақтан басқа халықта кездесе қоймаса керек, – деді ол.
Сондай-ақ зерттеуші жаңа кітапты жазуға не түрткі болғанын да түсіндірді:
«Кандидаттық диссертация Пушкиннің аудармалары туралы болды, онда Абай туралы негізінен қозғалады. Одан кейін докторлық диссертацияда аудармалар кеңейтілді, онда да Абай аудармалары, басқа аудармалар туралы айтылады. Бірақ бәрібір жеке кітап күйінде жасауға осыдан 5 жыл бұрынғы Қарағандыдағы конференцияда айтқан сөзім және конференциядан кейін 2-3 адамның маған айтқан әңгімесі қозғау болды. Онда мен «егер Абай бірде-бір жол өлең жазбаса; егер Абай қара сөздер жазбаса; егер Абай тек қана аудармамен шұғылданса, біз бүгін ұлы аудармашы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын атап өтіп жатар едік» дедім. Шынында, Абай тек қана аудармашы болса да, ұлы тұлға болып қалар еді. Біздің кітаптың мақсаты осы – ойды дәлелдеу, осы ойды нақты лингвистикалық талдау арқылы жеріне жеткізіп айтуға тырысу» деді автор.
– Зерттеуде біз Абайды жай ғана «Евгений Онегинді аударушы» деп қарамай, қазақша «Евгений Онегин» жасаған тұлға ретінде қарастырдық. Абай сол заман оқырманының талғамын дәл танып, қазақ даласында хат түріндегі шығармаларға қызығушылық жоғары екенін біліп, көлемі 362 жолдан тұратын шағын эпистолярлық роман құрастырды. Әуезов атап өткен бұл эпистолярлық жанр Абай дәуірінде өлең түрінде емес, тұтас әңгіме ретінде қабылданған: әңгімешілер Татьяна мен Онегиннің хаттарын, Ленскийдің дуэльдегі сөзін, оқиғаның өрбуін тізбектеп жеткізіп отырған. Абай осы сюжетті қазақ ұғымына лайықтап, ұлттық менталитетке жақын формаға түсірді; әйтпесе 8 тарауды толық аудару немесе түпнұсқа ұйқасын сол күйінде сақтау ол кездегі қазақ оқырманына сіңбеуі мүмкін еді. Абайдың тапқан шешімі – дәл осы шығарманы қазақы табиғатқа сай жаңаша қалыпта бейімдеу, – деді автор.
– Енді Абайдың ғажайып зеректігіне жастардың назарын аудартатын бір дерекке тоқталайын: Абай Буниннің өлеңін аударған кезде, Бунин кітап шығарып үлгермеген еді. Қайым Мұхамедханов алғашында бұған таңғалады, кейін дәлелдейді: өлең 18 жасар Буниннің «Неделя» деген әдеби апталыққа басылған шығармасы екен. Яғни Абай Семей кітапханасына барғанда тек кітаптарды ғана емес, әдеби журналдарды да ақтарып, соның ішінен Буниннің өлеңін ұнатып, соны аударып жүр. Бұған не айтуға болады? Ол кезде әлі кітап шығармаған, жаңа қалыптасып келе жатқан жас Буниннің кім боларын Абай сол сәттен-ақ таныған. Ең ғажабы, Абай кейін әйгілі ақынға айналатын Буниннің өлеңін аударып қана қоймай, оның болашақ болмысын да дәл сезгендей әсер қалдырады. Абай сол жолдарды қазақша сөйлеткенде, Буниннің жат елге кетіп, сол жақта қалатынын, Нобель сыйлығын алса да, өмірінің соңында отанын аңсап өлетінін жазады. Мұндай сәйкестік тек данышпанның болмысына ғана тән құбылыс екені айқын, – деді С.Абдрахманов.
Осыдан кейін кітап жайлы жазушы, ғалымдар өз ойларын ортаға салды. Ақын, филология ғылымдарының докторы Жанат Әскербекқызы кітаптың негізгі ерекшеліктеріне тоқталып, мазмұн тұрғысынан талдау жасады.
– Кітап «Төлтума және телтума», «Жыр жарысы», «Сарындастық салтанаты», «Мысал мектебі», «Асыл айшықтар», «Тәржіме тағылымы» деген тарауларға жіктеліп, әр тарауда тақырыбына сәйкес талдаулар топтастырылған. Алғашқы тарауда поэзия аудармасының қиындығы мен қызығы бұрынғы-кейінгі мысалдар арқылы дәйектеліп, автордың өзіндік көзқарас-пайымы ұсынылса, «Жыр жарысы» тарауы Пушкин туындылары мен Абай аудармасы арасындағы мінсіз үйлесімі, суреткерлік қырағылық пен ұсталықты танытуға бағытталған. «Евгений Онегин» романының аудармасына зерттеу призмасынан жіті үңіліп, Абай қолтаңбасын айшықтай көрсетеді. Зерттеушілік көзқарас салқын пайыммен ғана тұйықталып қалмайды. Автор қаламгер ретінде өзі сезіп, түйсінген көркемдік тетіктерді дөп басып, теориялык пайымды танымдық өріске шығарады. Абайдың аударма өлеңдеріне қатысты жанрлық тұрғыда сөз қозғап, аударма, назирашылдық дәстүр туралы да пайымдарын қисынды түрде келтіреді. Қазақ поэзиясының бейнелеу мүмкіндігін ұлы ақынның осы аударма өлеңдердегі тың тіркестерімен таныту да зерттеудің мәнді жағы. «Сарындастық салтанаты» атты тарау Абай мен Лермонтовтың шығармашылық үндестігін хронологиялық пайымдауға арналған. Аударма өнерінің қыр-сыры, суреткердің қабілет-қарымы, әр тілдегі туындының ортақ сарыны мен үйлесімі, ұқсастығы мен айырмашылығы еңбекте ғылыми, танымдық мазмұнда барынша көрсетіліп, зерделенген, – деді ол.
Жалпы алғанда, «Алып Абай» кітабының таныстырылымы ұлы ақын мұрасының әлі де терең зерттеуді қажет ететін тұстары көп екенін айқын көрсетті. Абайдың аудармашылық шеберлігін жаңа қырынан танытып, ұлт руханиятына қосылған тағы бір салмақты еңбек екеніне ғалымдар мен қаламгерлер бірауыздан тоқталды. Тұсаукесер барысында айтылған тың деректер мен ғылыми пайымдар Абайдың әлем әдебиетімен терезесі тең түсетін деңгейін дәлелдей түсті. «Алып Абай» – тек аударма мәселесін ғана емес, қазақ сөз өнерінің қуатын, ұлттық танымның кең тынысын паш ететін, абайтануға жаңа серпін беретін маңызды туынды ретінде бағаланды.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



