Басты ақпаратРуханият

Рух ерлігі

«Отбасынан осындай өнеге алған Сәукеңе өзі туып-өскен «Келес» совхозының «Коммуна» бөлімшесінен шыққан танымал тұлғалар да өзінше ықпал етті. Арқалы ақын Тоқаш Бердияров, зерделі ғалым Немат Келімбетов, білім саласының қайраткері, танымал шығыстанушы Лениншіл Рүстемов осы ауылдан еді. Солардың кітаптарын үзбей оқыды. Аядай ауылдан шығып, әйгілі адам атануға болатынына көзі жеткен секілденді».

Бұл жолдарды Бауыржан Омаровтың «№ 1 ойыншы» атты эссесінен алып отырмын. Дұрыс айтады. Бала күннен сол кісілер біздің ауылдан деп мақтанып, үлгі тұтып өскеніміз рас, өзіміздің сөз өнеріне жастай баулынуымызға да осы ағалардың нақты әсері болғаны анық.

2010 жылы 2 қазан күні, Ыстамбұлда көрнекті қазақ қаламгері, филология ғылымдарының докторы Немат Келімбетовтің «Umіt» және «Turk Halkularіnіn Ortak Edebі Eserlerі» кітаптарының тұсаукесері ұйымдастырылғанда, Қазақстаннан арнайы шақырылған қонақ ретінде сөйлеген сөзімізді біз дәл сол жайдан, яғни кітап авторының біздің жерлесіміз, жерлес болғанда да жай облыстасымыз емес, аудандасымыз емес, совхоздасымыз емес, бөлімшелесіміз, яғни ауылдасымыз екенін айтудан бастаған болатынбыз.

Сол Ыстамбұл сапарында ауылдас ағам үшін бөлекше мерейленгенмін.

Немат Келімбетовтің «Түркі халықтарының ортақ әдеби мұралары» деп аталған кітабының түрік тілінде шығуы Халықаралық Түркі академиясы құрылғалы бері осы бағытта қолға алынған жұмыстың алғашқы нақты нәтижесі еді. Мұның өзі Академияның Қазақстанда орналасуының заңдылығын айғақтайтын айшықты мысал. Мағжанның: «Көп түрік енші алысып тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?» деген сөзі бізге көп міндет жүктеп тұр. Бүкіл түркі жұртына ортақ әдеби мұраларды саралаған Н.Келімбетов еңбегінің Ыстамбұлда жарық көруі арқылы біз қазақ әдебиеттануы, қазақ фольклористикасы түркологияда да осы қарашаңырақтық сипатын сақтап отырғанын келісті көрсетіп бердік дей аламыз. Кітап тұсаукесерінде сөйлеушілер – кітап тәржімешісі, белгілі ғалым Әбдіуақап Қара, Қазақстан Республикасының Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Бағдат Әміреев, ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, «Мармара» университетіндегі Түркология институтының директоры Айше Емел Кефели ханым, «Диалог Евразия» платформасының тең төрағасы Харун Тоқақ, Түркияның сол кездегі президенті Абдолла Гүлдің ұстазы – профессор Невзат Ялхынташ, профессор Нұри Юже, профессор Орхан Қау­ұншы, Анкара университетінің доценті, қазақша-түрікше сөздіктің авторы Кенан Коч, кезінде Түркістандағы қазақ-түрік университетінің вице-президенті қызметін атқарған профессор Гулчин Чандарлыоғлы ханым Немат Келімбетов кітаптарының қадыр-қасиетін әр қырынан айқара ашқан болатын. Ол сапар барысындағы келелі конференция, келісті кездесулер жайында біз кезінде «Егемен Қазақстанда» (2010 жыл, 5 қазан) «Руханият сыры мен рух жыры» деген атпен мақала жазғанбыз.

Тамаша фольклортанушы Шәкір Ыбыраев «Түркілік мұраның түгендеушісі» атты мақаласында былай дейді: «Б.Кенжебаев батылдық танытып, жыраулар мұрасы, ортағасырлық түркі ескерткіштері, ежелгі түркілер заманындағы әдеби жәдігерліктер де қазақ жазба әдебие­тінің тарихы болып есептеледі деген концепцияны дәлелдеуге бел байлады. Ақыры заман өзі ақиқатты айқындап, аяулы ғалым Б.Кенжебаевтың ұстанымы дұрыс болғандығын танытты. Н.Келімбетов ұстазы аманат еткен күрделі тақырыпты терең зерттеп, таласы көп қиын сауалдардан қаймықпай, ашылған, дәлелденген рухани мұраларды алға тартып, қазақ әдебие­тінің V ғасырдан ХV ғасырға дейінгі мың жылдық тарихын оқулыққа енгізіп, сол қымбат кітапты жоғары оқу орындарының студенттеріне ұсынды. 1986 жылы «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» деген атпен алғаш баспа көрген бұл еңбек 1991 жылдан бастап «Ежелгі дәуір әдебиеті» деген оқулық болып, еліміздің филология мамандықтарында міндетті оқытылатын пәндердің біріне айналды. Осы жердің өзінде символдық мән жатқанын аңғаруға болады. Кітап оқырман қолына тиген 1986 жылы қазақ халқының рухани оянуын әйгілейтін Желтоқсан көтерілісі тарихта орын алса, еліміз 1991 жылы ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігін жариялады. ­Н.Келімбетовтің өмірлік мұратын айқындайтын осы монография­сы мен оқулығы қазақ халқын ежелгі түркі бабаларының азат рухымен байланыс­тырып, одан сүйінші сұрағандай әсер етеді». Дәл айтқан.

«Ежелгі дәуір әдебиеті» кітабы түрік тілінде шыққанда «Түрк халкларынын ортақ едебі есерлері» деп аталуының мәні бар. Мәселе Түркияда ежелгі әдебиет дегенде еске, ең алдымен, Осман патшалығы дәуіріндегі әдебиет оралатынында ғана емес. Мәселе Немат Келімбетов еңбегі арқылы жоғарыда аталған жау­һар жырлардың баршамызға ортақ мұра екендігі дәлелденгендігінде.

Келімбетов кітаптары бүгінде бүкіл түркі дүниесінің ортақ игілігіне айналып отыр.

Орда бұзар отызында, ол тұста талайдың тісі бата қоймайтын, батылы жете бермейтін тақырыпта – Абылай хан ұрпағы, кітаби, діни ақын деп әдебиет тарихынан шеттетіліп жүрген Шәді шығармашылығынан кандидаттық диссертация қорғап, ғылымның қия жолына енді-енді өрлей берген шабытты шағында жұлынға жасалған сәтсіз операциядан соң сал болып қалған Н.Келімбетов­тің ерлікке толы өмірі, аурумен алыса жүріп тындырған ірі істері жөнінде баспасөз бетінде біраз жазылған. Бір көңіл тоғайтарлығы – көрнекті ғалым жылдар бойғы тартқан бейнетінің зейнетін де көріп кетті дей аламыз. Әсіресе, өмірінің кейінгі алты-жеті жылының мұғдарында «Күлтегін» сыйлығын иеленуі (айтқандай, ол сыйлыққа ғалымды «Егемен Қазақстанның» ұжымы ұсынған), еңбектерінің түрік тілінде төрт том күйінде жарық көруі, Қытайда, Еуропаның бірнеше елдерінде аударылуы, бұған дейін Вацлав Гавел, Стивен Спилберг, Харуки Мураками сияқты әлемге әйгілі суреткерлер марапатталған Франц  Кафка алтын медалін алуы азапты көп көрген азаматқа ақыры абырой арқалатты.

Немат Келімбетов өз өмірінде бірнеше адам жабыла жүріп атқарғанда да разылық білдіретіндей еңбек жасады.

Ал шынтуайтында, біз бұл адамға қандай ісіне болса да разылық білдіретін жөніміз бар.

Немат Келімбетовтің қандай қиын тағдырдың иесі екенін барша жұрт біледі. Шет жағасын жаңа жұқалап жаздық та.

Біз бұл адамға қандай ісіне болса да разылық білдіретін жөніміз бар дегенде нені айтамыз?

Осындай талайлы тағдыр иесі ретінде Немат Келімбетов өз өмірінде ешқандай елеулі еңбек, ерен ерлік жасамай-ақ, тек отбасын асырап, балаларын бағып-қағуға, оқытуға, жақсы тәрбие беруге, елдің елеулі азаматтары етіп шығаруға шамасы келумен тоқтаса да, біз ол кісіге разылық білдіруге тиісті едік.

Немат Келімбетов оны жасады.

Төсекке таңылып, жылдар бойы сал болып жатқан қаламгердің  қайсарлығы арқасында, ерекше рух ерлігінің арқасында шаңыраққа береке келді, Немат аға мен Қуаныш жеңгенің қос құлыны – Мұхит пен Қайрат сол кез үшін талайдың қолы жетпейтіндей оқу орындарында білім алды,  халық алдына шығып, атқа мінген азаматтарға айналды.

Осындай талайлы тағдыр иесі ретінде Немат Келімбетов өз өмірінде әуелде күнкөріс қамымен бастаса да, кейіннен тәжірибелі тәржімеші ретінде ысылып, Саид Ахмадтың, Пірімқұл Қадыровтың, Василь Козаченконың, Леонид Гурунц­тың, басқа да авторлардың қалың-қалың романдарын төл тілімізге төгілдіріп түсіріп беру арқылы көркем аударма өнерімізге сыбағалы үлес қосумен тоқтаса да, біз ол кісіге разылық білдіруге тиісті едік.

Немат Келімбетов оны да жасады.

Қуаныш жеңгей ол жұмыс­тың басталуын былай еске алған: «Ашып қойған бетті оқып болған соң келесі бетті ашуға мені шақырады. Оқумен жылжып үш ай өтіп кетті. Баспа болса романды аударуға бір-ақ жыл мерзім берген.

– Немат, уақытың өтіп бара жатыр ғой, – дедім бір күні шыдамай.

– Білем ғой, – деді ол. – Бұрын-соңды істемеген жұмысым. Жүрегім дауаламай жатыр.

– Қайткенде де бірдеңе істеу керек. Әйтпесе, мына екі баланы қалай бағамыз? – деп, ағаңды біраз қамшыладым. Ойпыр­май, оңашада соны ойласам болды, жүрегім қалтырап, төбе шашым тік тұрады. Қорқып кетем! Ышқынам!».

Осындай талайлы тағдыр иесі ретінде Немат Келімбетов өз өміріндегі айрықша айқасты көркем прозамен айшықтап, тіршілік үшін күрестің қиямет-қайым суретін салған «Үміт үзгім келмейді» хикая-монологын жазумен тоқтаса да біз ол кісіге разылық білдіруге тиісті едік.

Немат Келімбетов оны да жасады.

Бұл ара, әрине, повесті талдап тұрып алатын жер емес. Сондықтан, біз аузы дуалы ағамыздың – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің кітап туралы пікірін келтірумен ғана шектелейік. Әбең былай дейді:

«Оның «Үміт үзгім келмейді» деген кітабы адамның, нағыз адамның өмірге деген ғашықтығының, өмірге деген шеті-шегі жоқ құштарлығының, қайтпас-қажымас қайсарлығы мен кіршіксіз адамгершілігінің, жан-жары мен бала-шағасына деген өлшеусіз мөлдір махаббатының ең биік үлгісі дер едім. Бұл кітап отыз жылдан астам төсекке таңылып, көз көрінім, қол созым жерге Құдай берген қос аяғың, қос табаныңмен жер басып, қарға адым жерге жүріп жетуге де зар болған, бірақ жүрек деп аталатын жұдырықтай жұмыр ет кеудесінде «Үмітіңді үзбе!», «Үмітіңді үзбе!» деп күндіз-түні алапат бір күшпен соғып жатқан жанның ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретін үлгі-өнегесі дер едім».

Осындай талайлы тағдыр иесі ретінде Немат Келімбетов өмірдің қилы түйіндерін толғайтын «Қариялар», «Күншілдік» атты терең философияға толы эссе кітаптарын жазумен тоқтаса да біз ол кісіге разылық білдіруге тиісті едік.

Немат Келімбетов оны да жасады.

Қаламгер «Жастық шақтың қызықты дәуренін дер кезде абыроймен атқарып, қадірлі қариялықтың ауылына да аз күн өмірде қонақ болып кету арманым еді. Ол арманыма да Құдай қолымды жеткізді. Соған шүкіршілік етем. Қария­лық парызымды Алла алдында да, адам алдында да адал атқарып өтуге қолымнан келгенше әрекет етемін» деу арқылы ақсақалдыққа дайындық жастық шақтан басталатынын айшықты айтты.

Бір ғана тақырыпқа – күншілдік сезімін жан-жақты зерделеуге арналған тұтас кітап жазып шығу Немат Келімбетов­ті өмірінің соңғы жылдарында шын мәнінде ойшыл қаламгер биігіне көтерді. Көне заман данышпанының «Азап шеккің келмесе, күншіл болма» деген сөзінен арна тартқан кітап бастан-­аяқ тағылымды толғаныстарға толы.

Бүкіл өмірі күреспен өткен Немат Келімбетов бар білімін болашақ ұрпаққа арнап, жоғары оқу орындарында дәріс оқумен, бірнеше оқулық жазумен тоқтаса да, біз ол кісіге разылық білдіруге тиісті едік.

Немат Келімбетов оны да жасады.

Оқулық жазу – ғалымның ғалымының ғана қолынан келер іс. Есте жоқ ескі заманның сөзін он сегіз-он тоғызға жаңа толған студент түсінетіндей, сезінетіндей, бойына сіңіретіндей етіп талдай білу, жадында жатталатындай, жүрегінің төрінде жүретіндей етіп, орынсыз оңайлатпай да, қолдан қиындатпай да жаза білу оқулық иесінен әдебиеттанушылық пен ұстаздықтың үздік үйлесімін талап етеді. «Ежелгі дәуір әдебиеті» – сондай оқулық.

Немат Келімбетов бұлармен де тоқтаған жоқ.

Өз өмірінің өзегіне айналған басты жұмысын жеріне жеткізіп кетті.

Ол өзінің ұстазы Бейсенбай Кенжебаевтың «Қай халықтың болсын ерте замандардағы алғашқы әдебиеті, жазба әдебиет нұсқалары сол халықтың бүгінгі тілінде болуы шарт емес. Кейбір халықтардың ондай әдебиетінің басқа тілде, сол халыққа осы күнде түсініксіз тілде болуы, бірақ сол халық жерінде, сол халық өкілдері тарапынан жасалған, сол халықтың бір кездегі өмірін көрсететін әдебиет нұсқалары болуы ықтимал» деген бағдарламалық сөзін ұстана отырып, әдебиет тарихын жазудың тың тұрпатты тұжырымдамасын ұсынды, бұған дейін айтыла беретін «Тілін лингвист мамандар болмаса, былайғы жұрт зорға түсінетін шығармаларды әдебиетімізге иіп әкеліп, тели беру жөнсіз» дегендей пікірлердің быт-шытын шығарды. Шынтуайтында, сол мәтіндерде қазіргі қазақ зорға түсінетін дейтіндей де ештеңе жоқ. «Алып Ер Тоңғаны жоқтаудағы»:

Аlp Er Tonga oldi mu

Isiz ajun kaldi mu

Odhlek oshin aldi mu

Emdi yurek yirtilur, – деген жолдардың несі түсініксіз?  Шумақтың жолма-жол аудармасы:

Алып Ер Тоңға өлді ме?

Жаман дүние қалды ма?

Заман өшін алды ма?

Енді жүрек жыртылар.

«Odhlek oshin aldi mu» деген жол қандай тамаша. Тіпті, осыны «Өткелек өшін алды ма?» деп сөзбе-сөз сірестірсеңіз де артықтығы жоқтай көрінеді. Ойлап қарасаңыз, заман деген де адамның басынан өтер өткелектің өзі емес пе? Өлімді заманның адамнан өшін алуы деу қандай терең сөз!

Ал өзге жұрттар мұндай мәтіндер тұрмақ, түсінбейтін тілдердегі дүниелердің өзінен тастай қатып айырылмайды. Қазіргі орысқа түсініксіз деп «Игорь жасағы жайындағы жыр­дың» орыс әдебиетіне тиесілігіне күмәндану ешкімнің ойына келмес еді.

Өзі туралы түсірілген деректі фильмде ғалымның «Күлтегін», «Тоны-көк» жырларындағы ғажайып образдарды айта келіп, мұндай кемел әдебиет үлгілері бірден туа қалуы қисынсыз, олардың ізашарлары, бастау-­бұлақтары міндетті түрде болуға тиіс деген ойды ортаға салғаны бар еді. Ғалым осыны тиянақтап шықты. «Алып Ер Тоңға», «Шу», «Оғыз-қаған», «Аттила», «Көк бөрі», «Ергенекон» сияқты дастандарды талдап, тіл тұтастығын, көркемдік кестелер сабақтастығын дәлелдеп, қымбат қазынамыз ретінде ортақ қоржынымызға қосты.

Ғалым «Ежелгі түркі дәуірінде өмірге келген көне түркі әдеби жәдігерліктерін бүгінгі түркітілдес халықтардың бәріне бірдей ортақ мұра деп қарағанымыз тарихи шындық пен әділеттілікке сәйкес келеді. Соның өзінде, бертін келе қазақ халқының өзіндік төл әдебиетінің қалыптасуына көбірек ықпал жасаған ежелгі түркі әдеби мұралары да бар екенін естен шығаруға болмайды» дей отырып, маңызды түйін жасады – көне түркі әдеби жәдігерліктері қазақтың ұлттық сөз өнерінің генезисі екенін қолмен қойғандай дәлелдеді.

Немат Келімбетов ұлағатты ұстазы Бейсенбай Кенжебаев­тың аманатын ақтап, оның Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Мағауин, Алма Қыраубае­ва сияқты талантты шәкірттерінің бастаған ісін тың тұрғыда жалғас­тырып, қазақ әдебие­тінің арғы тарихының қайнар бастаулары он ғасырға әрі ысырылуына шешуші үлес қосты. Және мұны таза ғылыми зерттеу, әдебиеттанушылық көзқарас күйінде қалдырмай, оқулық пішінінде атқару арқылы, оны оқу бағдарламаларына енгіздіру арқылы тиянақталған білімге айналдырды, кейіннен 10 томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» ежелгі дәуір және орта ғасыр әдебиетіне арналған екінші томының кіріспесін, «Сақтардың қаһармандық дастандары», «Алып Ер Тоңға», «Шу» дастаны, «Ғұндардың батырлық жырлары», «Көк бөрі» дастаны», «Ергенекон» дастаны», «Түркі қағанаты тұсындағы әдебиет», «Күлтегін» және «Тоныкөк» жырлары» сияқты тарауларын бір өзі жазып шығу арқылы оны тұтас бір ілімге айналдырды. Шәкір Ыбыраевтың сөзімен айтсақ, «Бұл – шын мәнінде рухани тарихымызда ерлік ретінде жоғары бағалануға тиіс».

Ғалымның қазақ әдебиеттануының аумағынан асып, жалпы түркілік өркениетке қосылған ғылыми мұрасы дәл қазір қай кездегіден де маңызды. Тарихтың осы талмау тұсында түркі дүниесінің тұтастығы тағы бір сынға түсуі де мүмкін. Мына заман алмағайып болып тұр. Осындай жағдайда Келімбетов кітаптары түркі дүниесінің тұтастығына қызмет етеді деп сеніммен айта аламыз. Өйткені Келімбетов кітаптары түркі халықтарын біріктіре түседі. Ол еңбектер арқылы ағайындас ұлттар түп-тамырының ортақтығын бұрынғыдан нақтырақ сезінеді, терең тарихы үшін, ғажайып рухани мұрасы үшін ұлттық мақтаныш сезіміне бөленеді. Ал ұлттық мақтаныш сезімі – ұлы күш. Немат Келімбетов – осы ұлы күшті ұлғайтуға септігін тигізетін тұлға.

Бір адамнан мұнан басқа тағы нені талап етуге болады?

Немат Келімбетов – туған халқының алдындағы перзенттік парызын толық ақтап өткен азамат, академик Сейіт Қасқабасовтың сөзімен айтқанда, «қазақ әдебиетінің екі жарым мың жылғы тарихын үлкен білгірлікпен зерттеген көрнекті ғалым, ұлттық әдебиеттану ғылымына мол үлес қосқан танымал оқымысты».

Еуразия ұлттық университетінде ертең, 5 желтоқсанда көрнекті түрколог Немат Келімбетовті еске алуға арналған «Көне түркі жазба мұралары және тіл тарихы мәселелері» тақырыбында халық­аралық ғылыми-практикалық конференцияның өткізілуі қай жағынан да құптарлық.

Немат Келімбетовтің тағы­лым­ды тағдыры – рух ерлігі. Оның өмірі де өнеге, өнері де өнеге.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

филология ғылымдарының докторы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button