Шетелдегі қандасың тілден жұтап қалмасын

Әлемнің қай түкпірінде жүрсе де қандастарымызды ұрпақтың қамы, ана тілінің жағдайы алаңдатып, «Балам ана тілін ұмытып, басқа ұлтқа сіңіп кетпей ме?» деген ортақ мәселемен бетпе-бет келетіні анық. Өйткені бір елде қазақ мектебі мемлекеттік деңгейде жұмыс істесе, енді бір елде қазақ тілінде білім алуға еш мүмкіндік жоқ. Сондықтан шетелдегі қазақ мектептерінің бүгінгі ахуалы, қандастардың қандай қиындықтарға жолығып жатқаны және қандай қолдауға зәру екені – еліміз үшін зерттеуді, талдауды қажет ететін өзекті тақырып.
Қарға тамырлы қазақтың қамы
Әлемде қазақ халқының нақты саны қанша екені туралы толық, бірізді ақпарат жоқ. Кейде әлемнің 40-тан астам елінде 10 миллионнан артық қандасымыз бар деген тұспал айтылса, ресми деректерде шетелдегі қазақтардың санын 4-5 миллионның әр жақ, бер жағында, әрі кетсе 6 миллион деп көрсетіп жүр. Өйткені әр мемлекет өзіндегі этникалық құрамды әртүрлі көрсетеді: бір елде қазақтар «түрік» немесе «орталықазиялық» деген ортақ санатқа біріктірілсе, енді бір елде қазақтардың нақты саны туралы мүлде айтылмайды. 10 жыл сайын халық санағын жүргізетін, «Қазақстанмен құдай қосқан тату көршіміз» дейін шекаралас елдердің өзі 30 жылдан бері «не өспейтін, не өшпейтін» бір деректі көрсетіп келеді. Оның үстіне, шетелдегі қандастардан жүйелі түрде дерек жинайтын халықаралық орталықтың болмауы да бұл мәселені күрделендіріп отыр. Соның салдарынан бүгінгі қазақ диаспорасының нақты көлемі де, олардың тілдік және мәдени ахуалы да тұтас картина ретінде қалыптасқан жоқ.
Қазіргі таңда Қытайда – 1,5 миллион, Ресейде – 1 миллион, Өзбекстанда – 1 миллион, Моңғолияда 200 мыңнан артық қазақ бар. Міне, бұлар қазақ ұлтының ең көп шоғырланған елдері саналады. Әрине, түтін саны бірнеше жүзге жетпейтін елдерде қазақ мектебінің болмауы, қазақша білім алудың мүмкіндігінің жоқтығы түсінікті. Ал қазағы көп жоғарыдағы елдерде жағдай қалай?
Қызығы сол, тек Өзбекстан мен Моңғолияда ғана қазақ мектептері бар, ал Ресей мен Қытайда этникалық қазақтардың көп шоғырланған аймақтарында қазақ мектептері жоқ. Бұл жағдай шетелдегі қазақ ұрпағының ана тілін меңгеруі мен ұлттық мәдениетін сақтаудағы мүмкіндіктерін шектейді. Сондықтан шетелдегі қазақ мектептерінің ахуалы– тек білім беру мәселесі ғана емес, ұлттың болашағына тікелей қатысты маңызды тақырып болып отыр.
Қос елдегі қолдау
Моңғолиядағы қазақтар, негізінен, Баян-Өлгей аймағына шоғырланған. Бұл өңірлерде қазақ тілінде білім беретін 40 мектеп жұмыс істейді. Мектептердегі сабақ қазақ тілінде, кейбір пәндер моңғол тілінде оқытылатындықтан, сипаты біздегі аралас мектепке ұқсайды. Бірақ біздегідей емес, қазақ тілі басым. Дегенмен, соңғы жылдары кадр тапшылығы мен оқулықтардың жетіспеушілігі мәселесі байқалады.
Өзбекстандағы 1 миллион қазақтың көбісі Ташкент облысында, Науйы облысында және Қарақалпақстанда тұрады. Мұнда да қазақ мектептері бар, көбінесе мемлекет қолдауымен жұмыс істейді. Қазіргі таңда бұл елде қазақ тілінде білім беретін 372 мектеп бар. Онда оқушылар бірінші сыныптан 11 сыныпқа дейін қазақ тілінде білім алады, қазақ тілімен қатар оларға өзбек, орыс, ағылшын тілдері қоса оқытылады. Кейбір облыстарда қазақ тіліндегі балабақша да жұмыс істеп тұр.
– Соңғы кездері қазақтілді мектептердің саны азаюға бет алды. Оған бастысы, қазақ тілінде білім алғанмен, жұмыс істеген кезде немесе жоғары оқу орындарына түсіп, оқығанда өзбек немесе орыс тілі алдынан шығады. Қазақстанға кетіп қалмаса, жоғары оқу орындарын бәрі бір қазақ тілінде оқи алмайды. Сондықтан қазір кейбір ата-ана баласын орыс немесе өзбек тілінде оқытып жатыр, – деді өзбекстандық техника ғылымдарының докторы, профессор Сапар Байтелесов. Айта кетейік, Өзбекстандағы осы мәселе ескеріліп, өткен жылы Өзбекстанның Шыршық қаласынан Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филиалы ашылған болатын.
– Әр мемлекетте қазақ тілінде білім алудың өзіндік қиындықтары бар. Мәселен, Өзбекстандағы қандастар бізге қазақтілді оқулықтарды жаңартып берсе деген талапты үнемі айтып келеді. Бұл мәселені Оқу-ағарту министрлігіне жеткіздік. Ұсыныс та айттық. Бірақ оның саясаттық тұрғыдан шешетін мәселелері бар. Ал өткен жылғы Қазақстан басшысының Моңғолияға сапарынан кейін Моңғолиядағы қандастарға оқу әдістемелерін жасау жағынан көмектесу, кітаптармен қамту сынды жұмыстар қолға алына бастады. Яғни Президенттің тапсырмасынан кейін барып біздің мемлекеттік ұйымдар аздап белсенділік таныта бастады. Дегенмен, бұл елдердегі қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны да азайып келе жатқаны шындық. Бірақ салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 372 мектептің болғаны қуанарлық жағдай, – деді «Отандар Қоры» КеАҚ жобалар координаторы Дидар Болат.
Дидардың айтуынша, «Отандастар қорының» бастамасымен шетелдегі қазақтардың қазақ тілін үйренуіне көп мүмкіндіктер жасалған. «2019 жылы Мюнхен қаласында Еуропа қазақтарының кіші құрылтайын өткізгенбіз. Сол жерде барлық елден келген делегаттар тіл мәселесін көтеріп, «Қазақстан біздің ана тілімізді ұмытпауымызға, қазақ тілін үйренуімізге мүмкіндік жасауы керек» деген талап қойды. Әрине, Еуропада қазақ мектебін ашу мүмкін емес болғандықтан, біз арнаулы жоба жасап, онлайн-курстар аштық. Ол қазірге дейін жұмыс істеп тұрғанымен, көп ешкім қатыспайды. Айтқан адамдардың баласының өзі оқыған жоқ. Тіпті «Тіл-қазына» орталығы мен «Отандастар қоры» бірлесіп, шетел қазақтарына арналған методика да жасады. Біздің ұсынысымызбен барлық деңгейді қамтитын әмбебап оқулық та жасалды. Оны да онлайн тегін пайдалануға мүмкіндік бар. Демек, қазақ тілін үйретуге өз тарапымыздан біраз жұмыс істелді, бірақ шетелдегі қандастарымызда үйренуге деген ниет аз» деді ол.
Көрші елдердегі жағдай қалай?
Осыдан 4 жыл бұрын БАҚ беттерінде «1 миллиондай қазақ тұратын Ресейде қазақша білім беретін бір-ақ мектеп бар. Ол – Алтай өлкесінің Құлынды ауданындағы Қаракөл орта мектебі. Оның өзін Қазақстан жағы қаржыландырады екен» деген ақпарат тараған. Қазір ол мектептің де бар-жоғы белгісіз. Қосағаш өңіріндегі қазақ тілінде білім беретін мектеп те «бала санының азаюына» және оқулық тапшылығына байланысты қиындықтарға жолыққаны айтылған. Демек, Орынбор, Астрахан секілді ата қонысында отырған Ресей қазақтарының қазақ тілінде білім алу мүмкіндігі жоқ. Ол жақтың билік өкілдері мұны қазақ тіліне деген сұраныстың жоқтығымен көлегейлейді. Қандастарымыздың қазақ тіліне деген ықыласы да соңғы кездері төмендегендей.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан 2 жыл бұрын «Известия» газетіне берген сұқбатында «Ресейдің Қазақстанмен шекаралас, қандастарымыз көп тұратын облыстарында мектептер ашуға мүдделіміз» деген болатын. Содан бері Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде орыс немесе аралас мектептер салу, ал Ресейдің этникалық қазақтар шоғырлы қоныстанған аймақтарында қазақ мектептерін ашу мәселесі жиі қозғалып келеді. Биылғы жылы Президенттің Ресейге сапары да осы тақырыпты қайта күн тәртібіне шығарды. Бұл жағдай шетелдегі қазақ мектептерінің мәселесі тек мәдени ғана емес, саяси және дипломатиялық аспектілері бар екенін көрсетеді. Бірақ Қазақстанда орыс тілді немесе аралас мектептер ашу ісінің дайындық жұмыстары қолға алынғанымен, біздің білуімізше, Ресейде мектеп ашу ісінің сеңі әлі қозғалмаған. Тіпті оны қай жерден, қанша орын етіп салу, қалай қаржыландыру мәселесі де толық пыспаған жұмыс көрінеді.
Қытайдағы қандастарымыз 2010 жылға дейін қазақ тілінде сауат ашып, 11 класқа дейін қазақ тілінде оқу мүмкіндігіне ие болды. Алайда 3 кластан бастап қытай тілі негізгі сабақ ретінде қосылып, жоғары оқу емтихандарына дейін қытай тілінен кемінде 5 дәрежеге жету талап етілді. Кейін Қытай билігі «екі тілде оқыту» және «азшылық ұлттардың балаларын ішкі өлкелерде оқыту» саясатын жүргізе бастады, нәтижесінде қазақ мектептері біртіндеп жабылды. Қазірде «Мемлекеттік тілді үйрену» саясаты қарқынды жүріп жатқан бұл елде қандастардың балалары ана тілінен айырылып, қазақ тілді газет-журналдар да жыл сайын азайып барады.
Қазақстаннан көмек көп
Рухани тұрғыда шетелдегі қазақтар «қазақ» ретінде Қазақстанға ғана керек. Олардың қазақылығының жоғалып бара жатқаны ащы ақиқат. Олар біздің қолдауымызға мұқтаж. Атажұртына арқа сүйеп, көмек күтеді. Олардың біраз бөлігі тұрғылықты елінен көшпей, бірақ тарихи атамекенінен қол үзбей өмір сүргісі келеді.
Шетелдегі этникалық қазақтардың басым бөлігін жас буын құрайды. Мысалы, жыл сайын Өзбекстанда кем дегенде 20 мыңнан, Моңғолияда 2,5 мыңнан астам қандас мектеп бітіреді. Алайда олардың 1,5 мыңдайы ғана Қазақстанға оқуға келеді. Сол себепті шетелдегі қазақ жастарын елге тартудың тиімді тәсілі – мемлекет тарапынан білім гранттарына қолжетімділікті арттыру және шетелдерде Қазақстанда білім алу мүмкіндіктері туралы кеңінен насихаттау.
Қазіргі таңда әр оқу жылында Үкімет тарапынан тегін жоғары білім алуға арналған 4 пайыздық квота, шетелдегі этникалық қазақтар мен шетелдіктерге арналған «Стипендиялық бағдарлама» және дайындық курстарына арнайы білім гранттары беріледі. Алайда 2024 жылға дейін 4 пайыздық мемлекеттік квотаны игерудің көлемі 30 пайыздан аспай келді. Себебі 11-12 жыл шетелдік орта білім бағдарламасымен білім алған талапкерлерге, қазақстандық білім стандартын тез игеріп алу, ҰБТ тапсыру аса қиынға соғады. Яғни, мемлекеттік қолдау шарасы бар – ал оны алу мүмкіндігі төмен. «Отандастар қоры» жанындағы Қоғамдық комиссия отырыстарында және Парламент қабырғасында бірнеше рет қандастарды ЖОО-ға қабылдау механизмін өзгерту қажеттілігі туралы айтылған ұсыныстар мен мемлекеттік органдарға жіберілген ұсынымхаттар нәтижесінде бұл мәселенің тоңы жібіп, қазір қандастардың балалары ҰБТ-ға қатысса болғаны, шекті бал талап етілмейтін болды.
– Қазір оқимын деп келген қандастар 3 (оқу сауаттылығы және 2 бейіндік пән) пәннен емтихан тапсырады, бірақ шектік бал талап етілмейді. Шарт – ұлты қазақ, шетел азаматы болуы керек. Соның нәтижесінде өткен жылы 1600 бала оқуға түссе (бұрын көп болғанда 800 бала оқуға түсетін), биыл 2140 бала оқуға түсті. Егер келесі жылы квота толық игерілсе, квотаны көбейту үшін министрлікке өтініш жазсақ деген ойымыз бар, – дейді Дидар Болат.
P.S: Шетелдегі қазақ жастарының ана тілін сақтау, ұлттық санасын нығайту және білім алу мәселесі – тек жеке ата-ана немесе отбасының ғана емес, біздің еліміздің де назарында тұрған стратегиялық міндет. Моңғолия мен Өзбекстандағы қазақ мектептері әлі де жұмыс істеп, белгілі бір қолдау алып отырса да, Ресей мен Қытайдағы этникалық қазақтар үшін қазақ тілінде білім алу мүмкіндігі жоқ. Біздің мемлекет тарапынан білім гранттары, онлайн курстар мен әдістемелік қолдау шаралары жасалғанымен, олардың тиімділігі шетелдегі қандастардың белсенділігіне байланысты. Сондықтан ана тілін ұмытпау, ұрпаққа ұлттық сана мен мәдени мұраны жеткізу үшін Қазақстан тарапынан жүйелі әрі тұрақты қолдау қажет. Шетелдегі әр қандасымыздың ана тілінен жұтап қалмауы ұлттық бірліктің әрі мәдени тұтастықтың басты өлшемі болып қала береді.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



