Руханият

Жаңаша жаңғырды

Шекспир шығармаларының қазақ сахнасына келгеніне 90 жылға жуықтады. Бұған заңғар жазушы Мұхтар Әуезов бастамашы болып, 1938 жылы «Отеллоны» қазақ тіліне аударса, бұл спектакль келесі жылы қазақ театрында сахналанды. Яғни Шекспирдің драмалық туындылары арасында қазақ көрерменіне алғаш ұсынылғаны – «Отелло».

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры репертуарында бұл шығарма бар. Осы аптада өнер ошағы «Ромео мен Джульеттаны» синема-эпос жанрында жаңаша жаңғыртты. Киноның көркемдік мүмкіндіктерін қазақ халқының жанына етене жақын эпоспен үйлестіріп, спектакльді сахналаған – Ресейдің театр және кино ре­жиссері Ұланбек Баялиев.

Оның айтуынша, жанр таң­дағанда Еуропа мен Азия кө­рерменінің шығарманы қабылдау ерекшеліктері ескерілді. Яғни менталитет пен бол­мысты есепке алғанда, бұл жанр­дың ұтымдылығы да, бо­лашағы да, өзектілігі де өте зор. Ал спектакльді сахналау­ды қолға алғанда режиссер көрерменге ізгілік нұрын себуді ойлады.

«Мені «Ромео мен Джульеттаны» орыс тіліне аударған Борис Пастернактың «Өшпенділік пен мейірімділік» деген сөзі шабыттандырды. Көпшілігі бұл шығармадан махаббат қасіретін ғана көреді. Бірақ өшпенділік жайлаған қазіргі заманда, мемлекеттер арасындағы соғыстар, отбасындағы жанжалдар көбейіп тұрғанда адамзатты махаббат қана емес, мейірімділік те құтқарады. Осы спектакльді сахналағанда соны көрсеткім келді» дейді Ұланбек Баялиев.

Қойылым көрерменге әдебиетіміздің алыбы Әбіш Кекілбайұлының аудармасымен жол тартты. Шымылдық ашылғанда Шекспирдің өзі сахнаға шыға келгендей әсерде болдық. Бірақ бұл Лоренцо пірадар бейнесіндегі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл болып шықты. Ромео мен ­Джульеттаның махаббатын қош­тап, қос ғашықтың некесін жасырын қиятын бұл кейіпкер спектакльде жетекші орындардың бірін алады. Қо­йылымның кіріспесі де оның мына сөздерімен басталады:

Веронаның екі дүрдей

ығайы мен сығайы

Әлімсақтан қырғи қабақ,

қым-қуыт дау арасы,

Текетірес, тайталаспен

ғұмыр кешіп ұдайы

Бас жарылып, көз шы­ғарып,

күнде дал-дұл жағасы.

Екі әулеттің ұл мен қызы

көңілдері қосылып,

Опа таппай опат тапты,

тіпті қыршын жасында.

Сойыл құмар содарлар да

қасіреттен тосылып,

Бейуақ тамған бейкүнә қан

басу болды ашуға…

Ә.Кекілбайұлының көркем тілі көрерменді осылай тарта жөнеледі. Жалпы спектакль желісі жалықтырмайды. Қою­шы режиссер тың жанрды ғана таңдамай, бүгінгі заманның билері, қазіргі сән үлгілері арқылы қызықтырады. Хореограф Салтанат Сұңғаттың актерлермен жақсы жұмыс істегені көрініп, аталмыш театр мен Jado сән үйі­нің бірлескен жұмысы нәтижесінде костюмдер тігілді. Қойы­лым Олжас Дәлелхан жетекшілік ететін театрдың Theatre Avenue бэнді орындайтын ­музыкамен көркемделді.

Актерлерге келсек, Ромео­ны қос құрамда Бибарыс Орман мен Ақжол Мамыр, Джульеттаны Ситора Анварова мен Саида Сағынова сомдайды. Олардың ата-аналарын Мәдениет саласының үздігі Самат Байыров, Ержан Нұрымбет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Нөгербек пен Сая Тоқманғалиева ойнайды. Осы қатардағы Сүт ана бейнесіндегі Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Ботагөз Мақсұтованың ойыны бізге ерекше ұнады. Оның кейіпкері көрерменді бір күлдіріп, бір жылатады. Актриса соны есте қалатындай етіп сомдады.

Қорыта айтқанда, кез келген фестивальге ұялмай апаратын спектакль шықты. Алда көрерменді осы театрдағы тағы бір әлемдік классика күтіп тұр. Қаллекиліктер 27-28 желтоқсанда Лев Толстой шы­ғармасының желісімен «Анна Каренина. Роман парақтары» драмасының премье­расымен осы жылды түйіндейді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button