Төрт жүлдемен оралды

Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының Алматы аудандық филиалына қарасты «Әдемі» этно-фольклорлық ардагерлер ансамблі «Түркістан – өнерпаз әлемі» байқау-фестивалінен олжалы оралды. Осыған орай, кеше өнер ұжымына құрмет көрсетіліп, ансамбльдің шағын концерті өтті.
Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Жалдыбай Байғараұлының айтуынша, Түркістан төрінде ұжым «Хормен ән айту» және «Вокал» аталымдарында ансамбль мүшесі Гүлбаршын Матаева бас жүлдені, «Аспаппен орындау» мен «Вокал» аталымдарында ансамбль мен әнші Бибігүл Шайқыстанова бірінші орынды жеңіп алды. Көркемдік жетекшісіне алғыс хат тапсырылды. Ең үлкен олжа – «Әдемі» ансамбліне келесі жылы Гүржістан және Әзербайжан мемлекеттерінде өтетін шығармашылық байқауларға жолдама берілді. Ерекше атап өтерлігі, барып-қайту жолын ұйымдастырушы тарап көтереді. Байқау барысында өнер ұжымы Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында концерт берді. Өнер ұжымын осынау жеңісімен Астана қаласы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұрат Іргебаев құттықтап, сый-сыяпат жасады. Ұжым жүлде алған нөмірлерден ән-күй шалқытты. Соның ішінде өзгеше өңдеуде Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз» күйлері, Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі», Ержан Серікбаевтың «Сен үшін» әндері, Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан үзінді әуеледі.



