Домбырашылар мерекесі

Кеше Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қазақ халқының ерекше рухани құндылығы – күй өнерін сақтау мен насихаттауға бағытталған дәстүрлі «Астана – күй қанатында» атты III қалалық домбырашылар фестивалі басталды. Соның аясында «Күйшілік өнердің қазіргі жағдайы мен болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды.
Байқауды республикалық «Күй анасы» қоры үшінші рет өткізіп жатыр. Дөңгелек үстел отырысы барысында күй саласын зерттеп жүрген ғалымдар ойларын ортаға салып, өзекті мәселелерді талқылады.
«Қазақ халқының тарихы тереңде жатыр. Осы тарихымыздың ішінде қазақ өнерінің алатын орны ерекше. Күй – қазақтың тұнып тұрған тарихы. Күйшілік өнерін бүгінге жеткізуге еңбек сіңірген күйшілеріміз, күй өнерін зерттеушілеріміз бар. Соның ішінде Дина Нұрпейісованың алатын орны бір төбе. Қазақ халқының ұлттық аспаптары, соның ішінде домбыраның мәртебесін көтеріп, кеңінен насихаттауды мақсат тұтып отырмыз» деді республикалық «Күй анасы» қоғамдық қорының басшысы Төлеген Қуанышев.
К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті «Домбыра» кафедрасының профессоры Айтжан Тоқтаған күй өнерін зерттеу және сақтау, насихаттау мәселесінің өзекті болып отырғанын айтты.
«Күй кәсіби жолмен дамып, күйді зерттеуге бағытталған жақсы бастамалар қолға алынып жатыр деп айта аламыз. Бұл – академик Ахмет Жұбановтың, оның шәкірттерінің – бүгінгі зерттеушілер еңбегінің жемісі. Күй – құны жетпес қазына. Оның сақталуына ерекше назар аударуымыз керек» деді Айтжан Тоқтаған.
Қалалық домбырашылар фестивалі балалар мен жастар арасында патриотизмді, рухани құндылықтарды және ұлттық мәдениетке деген қызығушылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Оған 14-18 және 19-35 жас аралығындағы күй орындаушылар қатысады. Қорытындысы 5 желтоқсан күні жарияланады.
Бақытжан ОТАРБАЕВА



