Мәдениет

Алаштан қалған «Алқа»

«Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында белгілі әдебиеттанушы, ҚР ҰҒА академигі Дихан ­Қамзабекұлы «Алқа» – Алаштың әдеби-мәдени тұжырымдамасы» атты тақырыпта дәріс оқыды. Лекцияға зиялы қауым өкілдері, студенттер, Қазақстанның түкпір-түкпірінен халықаралық «Шабыт» фестиваліне келген жас ақындар қатысты.

Тақырыбы айтып тұрғандай, Дихан Қамзабекұлы әңгіменің басын «Алқаның» арғы мағынасы мен тарихынан бастап өрбітті. Академик сөзінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің қалыптасуындағы Алаш зиялыларының рөліне, олардың ұлттық сана мен рухани мұраны сақтауындағы еңбегіне ерекше тоқталды.

«Алқа» – қазақ қаламгерлерінің көркем әдебиеттегі бағдарлы ұйымдық және идеологиялық тұжырымдамасы. Бұл әдебиеттегі принциптер мен бағыттарды жүйелеуге, шығармашылық қауымдастық ішінде ортақ ұстаным қалыптас­тыруға арналған бағдарлама болды. Құжат көркем әдебиеттің мәні, шығармашылықтағы негізгі заңдылықтар, қоғам мен әдебиет арасындағы байланыс сияқты тақырыптарды қамтыған. Дихан Қамзабекұлы өз дәрісінде осы «Алқаның» мәнін, оның тарихи рөлін және қазіргі әдебиетшілер мен зерттеушілер үшін маңызын жан-жақты ашып көрсетті.

– Алқаның орысша-қазақша нұсқасы бар. Қазақша нұсқасы төте қаріппен-Ахмет Байтұрсынұлы қарпімен жазылған. Ал орысша нұсқасы машинкамен басылған. Екеуін салыстырып көрсеңіздер, бір-біріне жүз пайыз ұқсайды деп айта алмаймыз. Себебі тілге байланысты, дәстүрлі ұғымдар мен астарлы ұғымдарға байланысты орысша нұсқасында ағат кеткен тұстары бар, – деді ол.

Алқа 1924 жылы М.Жұмабаев бастаған ақын-жазушылар тарапынан жасалды. Бағдарлама әдебиетшілерге бағыт-бағдар беріп, қазақ әдебиетін дамытудағы негізгі идеяларды түсіндіруге қызмет етті. Сосын да жұрт арасында күні бүгінге дейін «алқаның» авторы Мағжан Жұмабаев деп қарайтындар бар. Осы мәселеге де тоқталған алаштанушы «Алқаның» авторы Мағжан ба деген сұраққа «жоқ» деп жауап қайырып, оған мынадай уәж айтты: «Алқаның» авторлары – Алаш зиялылары. Бұл – ұжымдық еңбек. Оның негізі де бар. Себебі әдеби тұжырымдамадан саяси тұжырымдама жасағандар оны Алаш арыстарын тергеу барысында да ұтымды пайдалана білді. 30-жылдарда ұсталып, абақтыға жабылғандардың бәріне дерлік осы «Алқа» себепші болған. Әрине, көп ой Мағжандікі болуы мүмкін, бірақ Жүсіпбектер айтады: бізге жіберілді, біз ой қостық дейді. Қошке Кемеңгерұлы да қатысқан. Демек, «Алқаны» жасауға Алаш зиялылары атсалысқан, сондықтан оны біз ұжымдық еңбек дейміз. Ол – Алаштың сын сағатындағы шығармашылық бірлігін айқындаған тұжырымдама. 1925 жылы саяси жағдайларға байланысты «Алқа» сияқты жұрттың басын біріктіретін дүние­лерді газетке шығаруға тыйым салынған. Сондықтан «Алқа» «Қызыл Қазақстанға» шыққан жоқ. Бірақ «Алқа» көптеген зия­лылардың қолынан өтті.

– Алаш зиялыларының мұралары туралы айтар кезде тағы бір мәселені назардан қағыс қалдырмауымыз керек. Мұраның біразы 80-жылдардың аяғы, 90-жылдардың басында асығыстау дайындалды. Бірақ оған біткен, аяқталған дүние деп қарамау керек. Ішінде қателіктер болуы мүмкін. Екіншіден, шығарма баспадан шыққан кезде баспа редакторларының аса «сақтығына» байланысты «орыс», «кәпір» деген сияқты сөздердің бәрін өзгерткен, тіпті кейбір шығарманы өзгерткенде екінші шығармаға айналдырып жіберген. Мәселен, «Ақбілекте» әйелдің толғататын жерін Жүсіпбек керемет жазған, бірақ ол кітаптың бірінші нұсқасында жоқ, кейін біз екінші нұсқасында қалпына келтірдік. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» роман-эссесінің қазіргі нұсқасы мен 1927 жылғы нұсқасында көп айырмашылық бар. Менің мөлшерлеуімше, 10 пайыз­дай дүние алынып тасталған. Алғашқы нұсқада сурет те көп еді, – деді Дихан Қамзабекұлы.

Дихан Қамзабекұлы Алаш қайраткерлеріне бүгінгінің көзімен бір жақты баға беруге болмайтынын да атап өтті. «Мәселен, Ыбырай Алтынсарин туралы айтсақ, «ол тым орысшыл болды» деген секілді пікірлер айтады. Егер Ахмет Байтұрсынұлы Ыбырай заманында өмір сүрсе, Ыбырайдай болар еді, Ыбырай Ахаңның заманында өмір сүрсе Ахаңдай болар еді. Менше осы өлшеммен қараған дұрыс. Бүгінгі тәуелсіз елдің төрінде отырып, 20-30 жылдардағы жағдайға байланысты әлдекімдерге «ол мынадай болған» деп біржақты баға беруге болмайды. Әрине, бұл оларды судан таза, сүттен ақ деп көрсет деген сөз емес, қателескенін, кереғар пікірі барын айтуымыз керек» деді ол.

«Алқаны» оқып отырсаңыз «Жасқа жөн сілтейтін, адасқанды жолға салатын, қисыққа тез болатын «Алқа» – осы. Жөн іздеген жас болсаң, жол іздеген жолаушы болсаң, тез іздеген есті тентек болсаң, мынау «Алқа» – сенікі. «Алқаға» кір!». Оқушы! Жақсы келдің. «Табалдырықты» аттап, төрге шық. «Алқаға» кір! – деген сөздер көзге оттай басылады. Осындағы «Алқаға кір» деген үндеу – бұл ұйымның табиғатын, мақсатын және әдебиеттегі орнын айқындап тұрғандай. Яғни, бұл сөз «Алқаның» ашық, демократиялық сипатқа ие болғанын көрсетеді. Әдебиетті, өнерді, ізденісті мақсат тұтқан кез келген адамға есігін айқара ашуы – ұйымның еркін ой алаңы болғанын дәлелдесе, «Жасқа жөн сілтейтін, адасқанды жолға салатын» деген сипаттамалар оның тәрбиешілік, әдістемелік рөлін айқындайды. «Жөн іздеген жас», «жол іздеген жолаушы», «есті тентек» сияқты сөздер «Алқаның» ойлы, өз жолын іздейтін азаматтарды біріктірген рухани орта болғанын білдіреді. Бұл ұйымның жаңашылдық пен еркін көзқарасқа жақын тұрғанын көрсетеді. Сондықтан «Алқаға кір» деген қарапайым шақырудың өзінен ұйымның миссиясы – әдебиетке жаңаша серпін беру, шығармашылық еркіндік орнату, ізденіс пен ой алаңын қалыптастыру болғанын бағамдауға болады. Академиктің «Алқа» туралы айтқандарынан біз осындай ой түйіп қайттық.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button