Кино тілін шұбарлауға тоқтам бола ма?

Кино – адамзат өркениетіндегі ұлы өнер. Ал өнер – халықты ізгілікке, мәдениетке, әдепке тәрбиелейтін құрал. Оны ұлттық идеология тетігі ретінде де қарастырамыз. Бүгінгі кейбір қазақ кинолары сол тәрбие құралы болудан қалды. Себебі қаптаған жекелеген кино түсірушілер мемлекеттік тіл саясатына қарсы келетін дүниелерімен кинозалдарды толтырып, тілі шұбар, боқауыз сөздері бораған туындысымақтарымен өскелең ұрпақтың туған тілі мен қазақы дүниетанымын байытуға кері әсер етуде.
Қазақтың жезде деген сөзін «Жездуха» деп не қазақша толық емес, не орысша толық емес етіп, оны киноға атау етіп қою қазақ тілі қыспаққа түскен кеңес кезінде де болған емес. Әрине, ол кездегі кинолар көркемдік кеңестің қатаң сүзгісінен өтетін. Ал Тәуелсіз Қазақстандағы тәуелсіз кинотүсірушілер қаржы өзімдікі деп ойына келгенін істеуде. Қарасаңыз, осындай шала-пұла кино түсіретін танымалдығы басым өнер адамдарының көбі – қазақы ортадан шыққан жандар. Бірақ түсіретін кино туындыларының атауы «тілбұзармын» деп алыстан менмұндалап тұрғаны оларды шыққан ауылына, ана тіліне деген құрметі жоқ жандардай көрсетеді.
Бұлай ету неге, кімге керек? Орысша сөз қоспаса кино көрілмей қала ма? Киноны толық қазақша атамау, арасына міндетті түрде бөтен сөз қосу сән бе? Тіпті мемлекеттік арналардан көрсетілетін «Келінжан» сияқты сериалдардың өзінде ішінара диалогтарда «хватить», «уже», «огород», «пожалуйста» сияқты орысша сөздер қосылып кеткен. Мемлекет қаржыландырып отырған телеарна басшылары сериалды қабылдап аларда немесе оны түсіруге тапсырыс берерде, сол тіл тазалығын мінсіз сақтауды неге талап етпейді?
Соңғы жылдары шыққан кинолардың атауларына тізсек, «Жездуха», «Үй алам, но ұялам», «Шәй – в большом городе», «Бишарашки», «Ағашки по вызову», «Қапқарашка», «Жаным, ты не поверишь», «Келинка Сабина» және басқа да шалақазақ фильмдердің тек атаулары ғана емес, ішкі мәтіндері де екі тілде шұбарланып, былығып жатыр. Бір өкініштісі, бұлардың жарнамасы да, соған сай қаралымы да жібі түзу кинолардан жоғары болады. Атын айқайлатып қойып, «атың шықпаса, жер өрте» деген ұстаныммен әйтеуір касса жинау, салған ақшасын бірнеше еселеп қайтарып алу мақсатын көздейтін өнердегі адамдардың өресінің төмендігі сол – тіл жанашыры болудан қалта қампайтуды жоғары қоюы. «Біреуге пайдаң тимесе де, зияныңды тигізбе» дегендей, олар мұндай қазаққа қарсы кино түсіргенше, үндемей өз өнерімен айналысып жүре бергені жөн болар еді. Тілден бөлек ұлттық салт-дәстүрді бұрмалау, қорлау сияқты көріністер де осы киноларда белең алды.
Киносыншы, өнертану PhD докторы, профессор Гүлзат Көбектің айтуынша, мемлекеттік тіл саясатына қатысты мәселелерді кино өнеріне ортақ қабылданған заң аясында ғана реттеуге болады.
– Жеке киностудиялар ресми мемлекеттік ұйымдарға бағынбайды. Өз қаражатына фильм түсіргеннен кейін ішкі көркемдік мәселелерін де авторларының өздері шешеді. Халыққа ұсынып жатқан өнімінің сапасына да жауапкершілікті өздері көтереді. Әр ұлттың өз тілінде сөйлеуіне толық құқы бар. Қазақ тілінде сөйлеме деп ешкім ешкімге шектеу қойып жатқан жоқ. Ана тіліміз шын мәнінде әлемнің ең көркем тілдердің қатарына жатады. Мәселе, өзімізді өзіміз кемсітпейтін рухта ұстай білуімізде. Кино өнерінде аралас тілдерді қолдану үрдісі трендке айналып кеткен. Бұл мәселені ішінен зерттесек, біздің қоғам шұбар тілді. Жаңа жас буын өкілдерінің сөйлесу мәнерінде әлеуметтанушылар зерттейтін көп құбылыстар бар. Олар жаргонмен еркін түсініседі. Таза қазақша да түсіруге болады. Бұл – фильм авторының қолындағы дүние. Қазақша контентті дамытуға деген патриоттық позиция бәрін шешеді. Көрермен не ұсынады соны көреді. Аудиторияны бейімдеп алу саясаты қиын шаруа емес, – дейді ол.
Киносыншы мұны жаһандық әлеммен етене байланыста өмір сүріп, цифрлық әлем барлық шекараны ашып тастауымен де байланыстырады. Сондықтан ұлттық иммунитетті сақтау әр елдің енді өзіне ғана байланысты екенін айтады.
– Біз күрделі ғасырлық өзгерістердің алдында тұрмыз. Кино өнерінің алдағы даму бағытын ЖИ-дің трансформациясы айқындайтын болады. Қазір әркімге өз жеке өмірі ғана қызық. Әр адамның әлеуметтік желідегі жеке парақшасындағы күнделікті оқиғасы өзінің жеке әлемінің монтажсыз жанды киносы іспетті ықпалға ие. Өз аудиториясына қызығы мен жаңалығын ұсыну мүмкіндігін берді. Визуальды әлем тілдік қарым-қатынас мәселесін екінші орынға ығыстырып тастады. Бұл шындық, – деп түйіндеді ойын профессор.
Кинотанушы, профессор Гүлнар Әбікееваның айтуынша, мемлекет қолдауымен түсірілетін кинолардың сценарийі Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы арқылы бекітіледі. Бүгінде Қазақстанда жылына 90 кино түсіріледі. Соның ішінде 10 шақты фильм ғана аталған орталық қолдауымен, мемлекеттің қаржыландыруымен шығады. Бұлар – көбіне толықметражды көркем фильмдер.
– Қазіргі таңда киноларда боқтық сөздердің айтылуына қатысты шу көбейді. Бұл, әрине, құптарлық дүние емес. Кино сөзі сауатты және дұрыс болуы керек. Себебі тарихта таспаланып қалатын кино туындыларды көру арқылы қаншама буын ұрпақ тәрбие алып өседі. Ал тілдің шұбарлануына келсек, бұл – қазіргі шынайы өмірдің көрінісі. Алайда боқтық сөз де өмірде бар, сол сияқты бәрі шынайы екен деп киноға лас дүние мен шұбарланған тілді әкелудің қажеті бар ма? Алғаш рет тілді шұбарлауды, яғни орысша, қазақша араластырып сөйлеуді киноға 2010 жылы әкелген Баян Есентаева болатын. «Ғашық жүрек» деген кино ұмытпасам. Ал оған дейін кинолар не тек қазақша, не тек орысша түсірілетін. Бұл жаман ба, жақсы ма, әрине, оны нақты айта алмаймын, бірақ, бұл – өмірдің шынайы көрінісі. Сондықтан бәрі өзімізге байланысты. Болашақта күнделікті өмірде орыс тілін қосып сөйлеу сәннен қалып, оның орнын ағылшын тілі басады, мұның да кино тіліне әсері болуы мүмкін. Жалпы соңғы жылдары Қазақстандағы кино нарығындағы қазақ тілді режиссерлер түсіретін фильмдер үлесі 50 пайызға артты, олар қандай болса да сұраныс күшейді және қазақша киноға баратындар күрт көбейді. Осы тұрғыда жақсы үрдіс бар, – дейді кинотанушы.
Киноның тіліне қатысты жақында Сенат депутаты Рүстем Рүстемов те жанайқайын жеткізді.
– Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда қазақ киносының тілі туралы жағымсыз сыни пікірлер де, қарсылыққа толы ашу-ыза да белең алды. Қазіргі қазақ киносында тіл мәселесі тым өзекті мәселеге айналуда. Атауы қазақша болғанымен кейіпкерлері таза қазақ тілінде сөйлемейтін, жеңіл әзіл мен арзан күлкіге, анайы сөздерге құрылған, тілі алашұбар, азғындыққа толы фильмдердің көбеюі қалыпты жағдайға айналғаны өте қауіпті. Бұл үрдіс осылай жалғаса берген жағдайда, таяу уақытта қазақ тілінде түсірілген киноны таппай қалуымыз да мүмкін, – дейді ол.
Сарапшылар жаһандық әлеммен араласып кеткен кезеңде бұл мәселені кино түсіретін жауапты тұлғаның патриот, тіл жанашыры болуы ғана шеше алатынын айтып отыр. Дегенмен солай екен деп аттың басын жіберіп қоймай, мемлекет тарапынан белгілі бір деңгейде ескертулер мен шектеулер қойылып, тіл тазалығын сақтамайтындар мен ұлттық құндылықтарды қорлайтындарды қақпайлап отыру керек. Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан көркемдік кеңес құрылып, олар мемлекеттік мейлі жекеменшік болсын киностудиялардың туындыларындағы тілдік нормалардың сақталуына талап қойып, сол талаптар орындалмаса қалың көпшілікке көрсетуге рұқсат бермейтіндей заң қажет. Әйтпесе, уақыт өте келе, мұндай аралас тіл жастардың ана тілі ретінде орнығып, соның салдарынан тілдің бастапқы құрылымы өзгеріске ұшырау қаупі бар. Осылайша, қазақ тілі өзінің таза нұсқасынан алыстап, күрделі тілдік нормаларын жоғалтуы мүмкін.
Райхан РАХМЕТОВА



