Басты ақпаратРуханият

Цифрлы дәуірдің көркем әдебиетке ықпалы бар ма?

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағының елорда филиалы өткізіп жатқан «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында белгілі ақын, ғалым Оңайгүл Тұржан «Цифрлы дәуірдің көркем әдебиетке ықпалы» тақырыбында дәріс оқыды. Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында ұйымдастырылған іс-шарада әдебиеттің бүгіні мен болашағы жайлы ойлар айтылды.

Дәріске бірқатар қаламгерлер, студенттер, оқырмандармен қатар Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков қатысты. Белгілі сәулетші 1992 жылы Елтаңба жобасын Алматыға таныс­тыруға алып келгенде ең алдымен «Жалын» журналына бас сұққан екен. Сонда бұл жобаны алғаш көргендердің арасында сол уақытта осы журналда қызмет істеген Оңайгүл Тұржан да болды. Ақын өз сөзін өміріндегі осы оқиғадан бастап, дәріс тақырыбы Елтаңба тарихымен байланысты екенін атап өтіп, оның мәнісін тарқатты.

Ақынның пікірінше, Елтаңбада бейнеленген қанатты қос тұлпар елдікті нұсқап тұр. Осы мифтік жылқыларды сәулетшіге классик жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы қосуды ұсынған. Сол сияқты ұлттық әдебиетімізді ұстап тұрған осындай архетиптер. Яғни, дәстүрлі ұстанымдар мен менталитеттік ерекшеліктер.

«Сөзбен айтып түсіндірем десең де дәл мағынасын жеткізуге келмейтін, қолмен ұстап немесе көзбен бағдарлауға де көнбейтін бір әлем бар. Ол – рухани әлем. Елтаңба – сол рухани әлемнің кішірейтілген визуалды түрі. Енді біз қазір сол рухани әлемімізді алаңдатып отырған бұрын-соңды өзіміз көрмеген бір цифрлы дәуірге қадам бастық. Жасанды интеллект жазған көркем шығарма рухани әлемімізге Елтаңбадағы мифтік тұлпар сияқты бағдаршамдық қызмет атқара ала ма? Оның ұлттық көркем әдебиетке ықпалы қандай болады?» деген Оңайгүл Тұржан осы сауалдарға көзқарасын жеткізді.

Оның пікірінше, ЖИ-дің артықшылығы, шығарма жылдам жазылады, кейіпкерлер де шалт қимылдап, шапшаң өмір сүріп, жүрдек пойыздай өте шығады. Сондықтан да олардың оқыр­манға әсері ұзаққа бармай, тез жалықтырады. ЖИ нәрсіз тамақ сияқты, яғни бойға сіңбей, оқырман содан аз уақыт өткенде жанға басқа рухани азық іздейді.

«Оны әдебиет деп айтуға бола ма, болмай ма – бұл жағын уақыт көрсетер. Талғамы терең оқырман ЖИ-жазушы мен адам-жазушыны бірден ажырата алады. Тіпті, кім болса да, ЖИ-дің жаттанды тіркес­термен баяндалатын оқиғаларынан жалығатын болар. Олай болатыны, ЖИ алгоритм­дермен жазады. Яғни, оның бойында талантты қаламгердің шығармашылық тұрғыдан ойлайтындай қасиеті жоқ. Ол қуаныштың немесе қайғы-қасіреттің не екенін жан-дүниесінен өткере алмайды. Сондықтан да ол әдеби-тілдік қордағы бар тіркестерді ғана қолданады. Ал адам-жазушы жаңа тіркестер, жаңаша метафоралармен жазады» деді ақын.

 Оның айтуынша,

Су түбінде жатқан тас,

жел толқытса шығады,

Ой түбінде жатқан сөз.

Шер толқытса шығады, – деген Асан қайғы шығармашылықтың формуласын жасап кетті. Бірақ бұл формула ЖИ-ге жүрмейді. Ол үшін ЖИ-ге шер керек, жел керек. Ал ЖИ қанша жерден жазғыш болғанымен, ол идеяны шығара алмайды. Ол адам жазған тіркесті алады. Яғни, ол да ұрлықтың жаңаша бір формасы болып шығады. Бұл – цифрлы дәуірдегі ұрлықтың бір түрі. Яғни, цифрланған ұрлық. ­Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбайұлы секілді ерекше дарындарды ЖИ қайталай алмады.

«Дарынды оқырман ЖИ-ді қанағат тұтпайды. Өйткені жасанды интеллект алгоритм­мен, оқиғалардың бұрыннан белгілі шынжыр сияқты тізбегімен жазады деп ойлаймын. ЖИ шебер стилист болуы мүмкін, бірақ онтологиялық тұрғыдан адамнан асып түсе алмайды. Өйткені адамның миы – Құдай тағаланың өнімі. Оның авторы – Құдай. ЖИ – Құдай емес. Ол тек бұрыннан бар, белгілі идея­лармен жұмыс істейді. Яғни, ой мен идеяны басқа әлемнен тартып ала алмайды. Оның тірі әлеммен байланысы жоқ. Ал қаламгер ғарыштық тартылыстармен жұмыс істейді. Сондықтан цифрлы дәуірдің әдебиеті біздің ұлттық рухани әлемімізді қалай алып жүрер екен деген алаңдаушылығымыз бар. Жаңаша жасаймын деп, адами құндылықтарды ақырзамандық ұстанымдар жеңіп кетіп, одан сусындаған цифрогенді ұрпақтың алдынан қырық түрлі қадам шығып, аяғын қалай басарын білмей, рухтың шатасуы басталып кетпей ме екен деген алаңдаушылығымыз бар» дейді Оңайгүл Тұржан.

Ол ЖИ қаламгерді көптеген қара жұмыстан құтқаратынын айта келе, бірақ соған қарамастан шын жазушының шығармасына болашақта ЖИ-дің жазғанына қарағанда сұраныс көп болатынын жеткізді.

«Қазір кітапхана сөресінде «ЖИ жазған кітаптар» деген бір сөре тұрса, оқырман соған ерекше қызығушылық танытуы мүмкін. Өйткені бұл – жаңа. Ал 15 жылдан кейін керісінше болады. «Адам жазған кітаптар» деген сөре болады. Бірақ ол жерде кітаптар өте аз болады. Бағасы өте қымбат болады. «Адам-Жазушы жазған» деген сияқты арнайы белгісі бар, бағасы әлдеқайда қымбат кітаптар пайда болып, ондай кітаптарды қолы жеткендер ғана оқиды. Негізі қаламгерлердің бәрі де біледі, жазу үдерісінің өзі шын қаламгерге керемет рахат сезімін сыйлайды. Ал ондай сезімді бастан кешірмесе, қаламгердің туындысы да сапалы болып шықпайды» деді Оңайгүл Тұржан.

Ақын шетелдік бір сайт қаламгерлер арасында сауалнама жүргізгенін айтты. Сол сауалнамаға 1200-ден астам қаламгер қатысып, олардың 40 пайызға жуығы «ЖИ-ді қолданамыз» десе, 50 пайыздан астамы «Жоқ» деп жауап беріпті. Кейінгілер оның көзін жою керектігін, оны жөндеуге адам-редактор қажеттігін айтқан.

Ақынның пайымынша, ЖИ-дің болашағы дегенде, автордың өзі ЖИ-ді жартылай қолданып жазғанда гибридті әдебиет пайда болады. ЖИ-оқырман деген де шығады. Бірақ ол ЖИ жазған емес, адам жазған кітапты оқиды. Себебі оған тың дүниелер қажет болып, адамдарға қызмет көрсетуінің ауқымын кеңейту үшін жаңа идеялар керек болады. Ол белгілі бір қаламгердің кітабыңызды сатып алады. ЖИ қанша көп кітап алса, сол автор танымал және бай болады.

«ЖИ-оқырман адам жазған кітапты да 2-3 минуттың ішінде оқып тастап, 1-2 минутта пікірін айтып, тіпті рецензия жазып тастайтын болады. Қаламгер кітабы ұнаса, оны басқа оқырмандарға және басқа да ЖИ-оқырмандарға насихаттайды» деді Оңайгүл Тұржан.

Дәрісті тыңдағандар арасында Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, журналист, жазушы Шархан ­Қазығұл, ақындар Қабиден Қуанышбай мен Арман Шеризат, жас ғалым Дана Өмірбекқызы пікірлерін айтып, сұрақтарды қойды. Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры, белгілі ақын Бауыр­жан Бабажанұлы «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында бұл тоғызыншы дәріс болғанын, енді үш дәріс қалғанын жеткізді. Оқырмандар ақыннан өлең сұрады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button