Жастардың жағдайымен танысты

Елордада қоғамдық кеңес мүшелері жастар ұйымдарының жұмысымен танысты. Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар жобалар, коворкингтер мен аула клубтарының қызметін бағамдады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Көшпелі іс-шара алдымен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығында өтті. Медиа және PR бөлімінің маманы Севиль Асадованың айтуынша, орталық 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді және волонтерлік қызметті дамыту, NEET санатындағы жастармен жұмыс, құқық бұзушылықтың алдын алу, бос уақытты тиімді ұйымдастыру сияқты бірнеше бағытты қамтиды.
“Басты мақсатымыз — жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру. Еріктілер жүздеген халықаралық іс-шараларға қатысып, әлеуметтік жобаларда белсенді жұмыс атқарып келеді” деді ол.

Бүгінде орталық жанындағы қалалық еріктілер штабы сегіз мыңнан астам жастың басын қосқан. Олар жыл сайын мыңнан аса акция мен жобаға қатысады.
NEET санатындағы жастарды қолдау мақсатында 2023 жылдан бері «JOLTAP» жобасы іске асуда. Жоба аясында 13 жұмысшы мамандығы және цифрлық бағыт бойынша қысқа мерзімді бірнеше курстар өткізіледі. Осы уақытқа дейін 23 мыңнан астам жас оқудан өтіп, олардың 70 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан.
Сондай-ақ «Үздік» және «Астана жас жігер» жобалары арқылы жастарды еңбекке баулып, спорттық және мәдени шараларға тартқан.

Құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында «Esirtkisiz Elorda» және «Jarqyn Bolashaq» жобалары жүзеге асырылуда. Біріншісі — нашақорлықтың, екіншісі — құмар ойындардың алдын алуға бағытталған. Тек 2024 жылы бұл жобалар 1,5 миллионнан астам адамды қамтыған.
Ал «Замандас» коворкингтері мен аула клубтарында жастар спортпен, шығармашылықпен айналысып, психологтар мен заңгерлерден кеңес алады. Қазіргі таңда мұндай клубтарда 2,5 мыңнан астам бала тәрбиеленуде.

Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» акциясы аясында 200-ден астам экологиялық іс-шара өткізілді. Еріктілер қаланы таза ұстауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосып келеді.
Одан кейін Қоғамдық кеңес мүшелері «Zamandas», «ProFit» және «Үркер» аула клубтарына барып, жастардың шығармашылық, спорттық және білім беру жобаларымен танысты.
Қоғамдық кеңес мүшелері Нұра ауданы аумағында орналасқан Coventry University Kazakhstan филиалы кампусында болып, университет оқытушылары және студенттерімен кездесті. Одан кейін Есіл ауданында орналасқан JOLTAP жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен
танысты. Осы жоба аясында білім алушылармен әңгімелесті. Қоғамдық кеңес мүшелері сондай-ақ Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттер жатақханасын аралап көрді.
Бұл 2656 орынға арналған «Integra Construction» жатақханасында студенттер үшін әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымдық жағдай жасалған, Сондай-ақ инклюзивті студенттерге бейімделген блок та бар.

Екі күндік көшпелі іс-шараның нәтижесінде қаладағы жастар ұйымдары мен студенттердің әлеуметтік жағдайларына көз жеткізіліп, жақсы жетістіктер мен шешімін күткен проблемалар анықталды. Енді оның бәрі алдағы уақытта өтетін Қоғамдық кеңестің отырысында қаралатын
болады
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ
фото: Сұлтан Сейіт



