Қоғам

Мұхтар Әуезов мұрасы талқыланды

Елордада «Мұхтар Әуезов мұрасы: ұлт руханиятының алтын қазығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараны заңғар жазушының аты берілген №86 мектеп-гимназияда Астана қаласының Білім басқармасы, қалалық Әдістемелік орталық және аталмыш орта білім беру ошағы ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Техникалық және кәсіптік, жалпы орта білім беру ұйымдарының ұстаздарына арналған бұл жиын Мұхтар Әуезов шығармаларын оқытуда «Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын заманауи білім беру құндылықтарымен сабақтастыру арқылы педагогтердің кәсіби құзыреттілігі мен шығармашылық әлеуетін арттыруды көздеді. Сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің әлемдік әдебиет, мәдениет пен ғылымға қосқан ұлы үлесін дәріптеу, шығармашылығын терең талдау мен талқылау арқылы насихаттау, заманауи әдістер мен цифрлық технологияларды пайдаланып, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік және әдеби-танымдық құзыреттілігін қалыптастыру мақсатында өтті.

Ұйымдастырушылар конференция қатысушылары мен қонақтарын «Дарынымен бас идірген драматург», «Алаш жолын жалғаған қайраткер», «Ұлы дала мәдениетінің жаршысы», тағы да осы сияқты классик қаламгерді әр қырынан ашатын, бейнелеу өнері туындылары қойылған «Қазақты танытқан Әуезов әлемі» атты көрмемен қарсы алды. Оқушылар заңғар жазушының «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзінді көрсетті.

Алғашқы сөзді алған Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев Мұхтар Әуезов мұрасы халқымыздың рухани әлемінің биік шыңы екенін, оның шығармалары арқылы ұлт тарихын, мінезін, адамгершілік пен ізгілік ұстанымдарын танитымызды атап өтті. Оның еңбектері мен шығармашылық жолы ғасырларға жетіп, ұрпақты сусындататынын айтты. Дінмұхаммед Қонаевтың «Біз үшін Абай қандай болса, Мұқаң да сондай даналық мектебі» деген сөзін келтірді. Қанипа Бітібаеваның Әуезовтің әңгімелерін оқытудағы айтқандарына тоқталды. Қазір мектеп бағдарламасы бойынша Мұхтар Әуезов шығармалары 2-сынып пен 11-сынып аралығында оқытылатынын жеткізді.

«Бір ғана «Абай жолы» романы қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейге көтеріп, әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелген үздік туынды болып саналады. Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқының ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. Мұхтар Әуезов шығармаларын оқытудың басты маңызы ұлттық әдебиеттің рухани-адамгершілік және мәдени құндылықтын жас ұрпаққа дарыту. Жазушы туындыларының адам мен қоғамның, ізгілік пен зұлымдықтың, ар мен ұяттың мәңгілік мәселелерін көтеріп, тұлғаның рухани қалыптасуына ықпал етеді. Ұлы тұлғаның шығармалары мен кейіпкерлері арқылы оқушылар қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрін, дүниетанымын терең танып, ұлт болмысының негізін түсінеді» деді Қаныбек Жұмашев.

М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназия директоры Гүлмира Оразбекова бұл конференцияның маңызына тоқталды. Әуезов шығармалары әр адам баласына үлгі-өнеге болатынын айтты.

«Әуезов әлемі тек әдебиет әлемі емес, бұл – адамгершілік, әділет, рух пен парасат мектебі. Оның тағылымы арқылы тұлғаны қалыптастыру – ортақ міндеміз» деді мектеп басшысы.

Жиынның пленарлық отырысын жүргізген ҰҒА академигі, Ұлттық құрылтай мүшесі, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы Мұхтар Әуезовтің Алаш қайраткерлерімен байланысы туралы сөз сабақтап, Қаныш Сәтбаевтың «Абай жолы» эпопеясы – қазақ өмірінің энциклопедиясы», Ғабит Мүсіреповтің «Мұхтар Әуезов қазақ әдебиетін ренессанс деңгейіне көтерді», Шыңғыс Айтматовтың «Абай жолы» — көркемдік, әлеуметтік энциклопедиямыз, біздің ортақ мандатымыз» деген сөздерін еске алды. «Смағұл Сәдуақасұлы және Мұхтар Әуезов: Алаш жолындағы мүдделестік» тақырыбында баяндама жасады.

Белгілі абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, Мұхтар Әуезов жайлы 7 кітап жазған Тұрсын Жұртбай «Абай жолы» романындағы тарихи және көркемдік шындық мәселелеріне тоқталды.

«Қазақ топырағында қара сөзден көркем ойды жеткізуде Әуезовтен асқан ешкім жоқ. «Мына тар заман менің сорыма сені берді» деп Абайдың аузына салған Мұхтар Әуезовтің сөзі Әуезовтің өзін айтып отырғаны. «Абай жолына» Алашты кіргізіп, сол үшін өмірінен айырыла жаздаса да, Әлиханды Әзімхан деп енгізді. Жағымсыз образ арқылы әйтеуір Алашты көркем санаға кіргізу деген ойы болды. Көркем шындық барлық өмірлік шындықтың қоспасы. Өмірлік оқиға біткен жерден көркем шығарма басталады. Құнанбайдың иығына шыққан сайын Абай бейнесі биіктей береді» деген Тұрсын Жұртбай Әуезовтің «Абай жолын» жазудағы мақсатына, сондағы кейіпкерлердің шын өмір мен шығармадағы бейнелеріне тоқталды.

Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Толымбек Әбдірайым Мұхтар Әуезов әңгімелерінде көтерілген қоғамдағы рухани дағдарыс пен адамдық, ізгілік мәселесі туралы ойын жеткізді. Белгілі әдебиеттанушы ғалым, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы Ахмет Байтұрсынұлы «Абай – қазақтың бас ақыны» мақаласын, Әлихан Бөкейхан Абайдың некрологын жазғанмен абайтанудың негізін Мұхтар Әуезов қалағанын, «Абай жолымен» ғана емес, «Қорғансыздың күні», Қараш-Қараш оқиғасы», «Қаралы сұлу», «Оқыған азамат» шығармаларымен де қазақ әдебиетін әлемдік классикалық деңгейге көтергенін ерекше атап өтті.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми қызметкері Біржан Ахмер Мұхтар Әуезов шығармалары негізінде құндылыққа бағдарланған білім беру, осы академияның Орта білім мазмұны институтының ғылым хатшысы Жанбота Есепбай Әуезов шығармалары арқылы білім алушыларды ұлттық болмысты танытуға баулу бағытындағы жұмыстарға тоқталды. К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Риза Әлмұхан кеңестік дәуірдегі тарих пен әдебиетті оқытқанда, қазақтың творчестволық инттелигенциясын бір-біріне қарсы қоюға болмайтынын айта келе, Халел Досмұхамедұлы мен Мұхтар Әуезовтің байланысы туралы баяндады.

М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназияға «Алматыкітап» баспасынан шыққан «Көксерек» кітабы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты шығарған кітаптар сыйға тартылды. Аталмыш мектеп пен М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының Астана филиалы арасында меморандумға қол қойылды. Ғылыми жиын секциялық отырыстарға ұласты. 14 қараша күні бұл конференция Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжде, 15 қарашада Жидебай және Бөрілі ауылдарында жалғасады.

                                                                               Аманғали Қалжанов   

            

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button