Прокуратура, полиция және психологтар үшжақты меморандумға қол қойды

Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Байқоңыр ауданының прокуратурасы мен полиция басқармасы, сондай-ақ Астана қаласының әкімдігі жанындағы Психологиялық қолдау орталығы үшжақты меморандумға қол қойды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Құжаттың мақсаты – жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлық жағдайларына жедел және үйлесімді әрекет етудің ведомствоаралық жүйесін құру.
Келісім аясында мұндай жағдай туралы хабар түскен кезде оқиға орнына кезекші прокурормен қатар психолог та барады. Мамандар сол жерде жасөспіріммен жұмыс жүргізіп, кәсіби қорытынды жасайды және оқиғаның суицидтік әрекет белгілеріне сәйкестігін анықтайды.
«Бұл тәсіл суицид деректерін негізсіз тіркеудің алдын алып, балалардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Прокуратура өкілдерінің айтуынша, бұған дейін кей жағдайлар қате түрде суицид талпынысы ретінде тіркелген.
Мысалы, шын мәнінде дәрі дозасын байқаусызда артық қабылдау сияқты оқиғалар болған», — делінген хабарламада.



