Руханият

Фольклортану мен әдебиеттану ғылымына арналған конференция өтеді

2025 жылдың 14 қараша күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, филология факультеті, қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен көрнекті фольклортанушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик, қоғам қайраткері Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың туғанына 85 жыл толуына арналған «Фольклортану мен әдебиеттану ғылымы: өзекті мәселелер және жаңа парадигмалар» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Конференция көрнекті ғалымның ғылымдағы жолын зерделеу, жетістіктерін дәріптеу және фольклортану мен әдебиеттану салаларындағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатын көздейді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Конференция бағдарламасы академик С.А. Қасқабасовтың ғылыми еңбектеріне арналған кітап көрмесімен басталады. Халықаралық конференция жұмысына отандық және шетелдік фольклортану, тіл және әдебиет саласының белгілі мамандары, сондай-ақ Түркия, Татарстан, Өзбекстан республикаларынан және Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінен жетекші ғалымдар қатысады.

Пленарлық мәжіліс модераторы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма төрағасы-ректор, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Бәтташұлы Сыдықов. Алқалы жиын университет ректорының баяндамасымен ашылып, академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың ұлттық фольклортану, әдебиеттану мен руханиятқа және отандық білім беру жүйесі мен білікті мамандар даярлауға қосқан зор үлесі аталып өтіледі.

Пленарлық мәжілісте ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов, ҰҒА академигі Кенжехан Матыжанов, ҚР Президентінің кеңесшісі, ҰҒА академигі Бауыржан Омаров, Ұлттық құрылтай мүшесі, ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы және Түркия мен Ресейден келген өзге де жетекші ғалымдар ғылыми негізделген, маңызы жоғары баяндамаларын ұсынады.

Конференция аясында «Академик Сейіт Қасқабасов және қазіргі фольклористика міндеттері», «Сейіт Қасқабасов мұрасы және мемлекетшілдік мұрат», «Сейіт Қасқабасов зерттеулері және пәнаралық ықпалдастық» атты секциялық отырыстар өткізіледі. Секциялық отырыстарда  С.Қасқабасовтың ғылыми еңбектерінің қазіргі фольклортану, филология салалары мен гуманитарлық білім беру жүйесіндегі маңызы талданып, рухани және мәдени құндылықтар жайындағы ой-толғамдарының өзектілігі сараланады. Ғалымның ғылыми мектебі өкілдерінің фольклортану мен қазіргі әдебиеттану ғылымдарының жаңа парадигмаларын зерделеу бағытындағы ізденістері талқыланады.

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button