Индустриялық парк салынады

Астана қаласының мәслихаты кезектен тыс сессия отырысында елордада №2 индустриялық парк салуды қолдады.
– Қазақстан Республикасының индустриалдық және инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде Астана қаласының әкімдігі екінші индустриялық парк салу жөнінде жұмысты бастады. Парк арнайы экономикалық аймақ шегінде орналасады, аумағы 432 гектар жерді қамтиды, – деді Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов мәслихаттың кезектен тыс сессиясында.
Жаңа индустриялық паркте жалпы құны 500 млрд теңге болатын 100-ден астам инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Мұнда электрондық жабдық, фармацевтика, химиялық өнімдер зауыты, машина жасау, құрылыс материалдары, тағы сол сияқты салалық жобалар іске асырылады. Парк құрылысы үш кезеңге бөлінген. 2026 жылы басталатын құрылыс жұмыстарын 2028 жылы аяқтау жоспарланған.



