Жарты ғасырдан соң жаңғырған роман

Елордадағы орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында әйгілі чех жазушысы Ярослав Гашектің қазақ тіліне аударылып, биыл қайта басылған «Сайыпқыран солдат Швейктің басынан кешкендері» романының таныстырылымы өтті.
Аталмыш кітапты Ақмола облысы Қорғалжын ауданының тумасы, журналист, аудармашы Мұхамед Нұртазин ана тілімізге тәржімалады. Ол кезінде «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор, редакция меңгерушісі болып жұмыс істеді. Бұл кітап осы баспадан 1975 жылы жарық көрді. Меценат Абай Наймановтың қолдауымен жарты ғасырдан соң жаңғырды. Қайта басылған кітаптың алғысөзін тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсемет жазды.
Таныстырылымда тарихшы меценат Абай Хамкенұлымен бірге биыл Чехияда болғанын, сонда Ярослав Гашектің немересі Мартинмен кездескендерін, осы елдің музейлерін аралап, басқа азаматтармен де жүздескендерін жеткізді. Кездесулердің бірінде оларға «Сайыпқыран солдат Швейктің басынан кешкендері» романы сыйға тартылды. Кітапты қазақ тіліне аудару идеясы сол кезде туды. Іздене келе Мұхамед Нұртазиннің аудармасына жолығып, оны қайта басып шығаруды ұйғарды. Оның нәтижесі – осы таныстырылым.

Бұл кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасының қайта басылуы бекер емес. Ярослав Гашек кезінде қазақ жерінде болған. Оның жайын Марат Әбсемет тарқатты.
«1918 жылғы мамырда болған Чехословакия корпусының көтерілісі Қазақстандағы азаматтық соғыстың басталуына түрткі болды. Транссібір магистралінен бөлек, чехтер қазақ жеріне де аяқ басты. Олар сол кезде Ақмолада, Атбасарда, Петропавлда, Павлодарда, Семейде, Өскеменде, Қостанайда және басқа да аймақтарда болған. Чех корпусымен бастапқы кезеңде «Алаш» қозғалысының жетекшілері Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай да байланыс ұстады. Сол дүрбелеңге толы жылдары Қазақстанға әйгілі чех жазушысы Ярослав Гашек те келген. Петропавл қаласында, Пушкин мен Букетов көшелерінің қиылысында 1874 жылы салынған көпес Смолиннің үйі орналасқан. Дәл осы қалада Ярослав Гашек қазақтың демократиялық интеллигенциясымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Ол түркі тілдерін, соның ішінде татар және қазақ тілдерін өте жақсы меңгерген. Петропавл және Қостанай қалаларында Ярослав Гашектің аты берілген көшелер бар» деді тарихшы.
Журналист, аудармашы Мұхамед Нұртазинге келсек, ол балалық шағында ауыл шаруашылығында, жол саласында және ғимараттар тұрғызуда жұмыс істеген азаматтық соғыс тұтқындары – чехтерді көрген. Екінші дүниежүзілік соғыс алдында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жауапты хатшының орынбасары болды. Соғыс басталғанда майданға аттанды. Одан оралған соң «Пионер» журналында бас редактордың орынбасары болса, 20 жылға жуық «Жазушы» баспасында қызмет істеді. 1982 жылы өмірден өтті. Осыны атап өткен Марат Әбсемет Прагаға барғанда сондағы кітапханалардың бірінде ұлы Абайға арналған бұрыштың ашылғанын, жыр алыбы Жамбылдың, Абай кітаптарының чех тіліндегі аудармалары тұрғанын, чех халқының қазақ әдебиетіне құрметін көрген соң, қарымта ретінде «Сайыпқыран солдат Швейктің басынан кешкендері» романын қазақ тілінде шығару ойы бекігенін айтты.
Таныстырылымға арнайы қатысқан Чех Республикасының Қазақстандағы елшілігінің қорғаныс мәселелері жөніндегі атташесі Томаш Ржимана осынау құрметке алғыс білдіріп, Ярослав Гашектің «Сайыпқыран солдат Швейктің басынан кешкендері» романы оқырмандарға жағымды әсер сыйлайтынын, ондағы юмор көңіл көтеретінін, өмір сүруге құштарлықты арттырып, қиындықтарды жеңуге көмектесетінін атап өтіп, жақсы кітап ұлттар арасында көпір орнатып, халықтарды біріктіретінін жеткізді.
Меценат Абай Найманов таныстырылым өткен орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасының осыдан жарты ғасыр бұрын ашылуына куә болғанын, осы кітап ордасының оқырманы екенін айта келе, тарихқа қызығатынын, Ярослав Гашектің Қазақстандағы іздерін қазақ оқырманы білу керек деп есептейтінін, сол себептен осы кітапқа қолдау көрсеткенін айтты. Астана қаласы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұрат Іргебаев «Сайыпқыран солдат Швейктің басынан кешкендері» кітабын жас кезінде оқығанын жеткізе келе, кітап оқудың құндылығына тоқталды. Қонақтарға аталмыш ұйым биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай шығарған кітапты сыйлады. Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева елорданың кітапханалар желісі кеңейіп жатқанын, екі жылда кітапханалар саны 18-ден 25- ке көбейгенін айта келе, осы таныстырылымда көп қызықты мәлімет алғанын жеткізді. Мекеме атынан меценат Абай Наймановқа алғыс хат тапсырды. Астананың Ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Салтанат Меңлібаева іс-шараның маңызына тоқталды. Ардагерлердің «Әдемі» және «Әжелер-Шаңырақ» ансамбльдері әсем әндерден шашу шашты.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



