Даналық

Қазақтың біртуар ғалымы Сейіт Қасқабасовпен сонау 90-жылдардың соңғы ширегінен бері таныс-біліс болғаныммен етене араласып, ақыл-кеңесін тыңдау мүмкіндігі 2012 жылы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасына меңгеруші болып келген кезінен басталды.
Жеті жыл табан аудармай қасына шәкірт болып ілестім. Екеуміз күнде әдебиет, мәдениет, тарих, этнография, фольклортану туралы пікірлесетін едік. Менің мінезім, әңгімелерім Сейіт ағайға ұнап, баласындай еркелетіп жақсы көрді. Үйіміз көрші тұрғандықтан таңда жұмысқа бірге шығамыз, кешке бірге қайтамыз. Ол аздай, ағай кешке үйіне шайға шақырады. Ол жерде тағы көл-көсір әңгіме айтамыз. Сейіт ағайдың асыл жары Тамара тәтеміз бізді жаны қалмай күтеді. «Екеуіңнің әңгімелерің таусылмайды» деп күлетін. Сол уақытта Алты Алашқа ардақты академиктің шын мәнінде абыз тұлға, терең таным иесі екеніне көзім жетті. Өзі жүрген жерінде «Менің шәкірттен жолым болған адаммын. Солардың арасында Алматыда Серікқазы (Қорабаев), Астанада Серікзат деген жігіттердің көмегін көп көрдім» деп бізге деген жақсы ниетін айтып жүрді.
Сейіт ағаймен жақын араласқан жеті жылдың ішінде бірнеше рет табан астында жол табатын даналығына куә болдым. Ұмытпасам, 2015 жылы болуы керек. Сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің және Астана қаласының туған күніне орай бір топ жас талантты қабылдайтын болды. Астана қаласының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетов Айтыс ақындары одағынан тізім сұратып, жиырма шақты ақынның ішінен қабылдауға баруға мені таңдап алыпты. Назарбаев университетінен бір жас химик ғалым, «Астана Опера» театрынан бір жас әнші, Олимпиада чемпионы Илья Ильин және ақындардан мен Республика Президентінің алдында сөз сөйлейтін болыппыз. Тізім анықталған соң Президент әкімшілігі бізді күнде дайындыққа шақыруды бастап кетті. Сөйлейтін сөзіміздің, айтатын әніміздің үтір, нүктесіне дейін тексереді. «Елбасыға барынша мақтау сөздеріңді айтыңдар» дейді. Ондай мақтауларды ақындық орта мен қара өлеңнің қалың жанкүйері қабылдай қоймайтынын білетін мен барынша ортасын алып сөйлеуге дайындалдым. Ол әкімшілік қызметкерлеріне ұнамады. Арасындағы бір дөкейі келді де: «Мен саған сөзді дайындап беремін. Сол мәтінмен сөйлейсің» деп бір-ақ кесті. Ертеңіне ақ параққа орыс тілінде бір бет сөз жазып әкеліпті. Мазмұнын оқысам асыра мақтау сөзден жүрек айниды. Айтпайын десем, ана басшы тақымдап қоймайды. Мен өзімнің ақын екенімді, ақындарға мұндай сөз айтуға болмайтынын ептеп түсіндіргендей болып едім, бірден ашуға мініп шыға келді. «Сіз не, мемлекеттің саясатына қарсысыз ба? Егер қарсы болсаңыз бірден айтыңыз. Қазір ректорыңызға телефон соғамыз!» деп мені біраз ықтырып алды. Әрі-бері уәж айтып едім, одан сайын өршеленіп кетті. Түсінбейтінін білген соң Ақорданың ішінде онымен тәжікелесіп тұруды артық санадым да, «жарайды, көрейін» деп көнгендей кейіп танытып кетіп қалдым. Үлкен үйден мойыныма су құйылғандай еңсем түсіп шықтым. «Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады» дегеннің кебін киіп, тығырықтан шығудың амалын іздей бастадым. Бір жігіттерге хабарласып едім, «Сейіт ағайдан сұрағаның дұрыс» деді. Ағаймен бұрын ондай тақырыпта сөйлеспеген соң ыңғайсыздау секілді көрінді. Бірақ басқа амал жоқ. Кешке ақыл сұрауға Сейіт ағайға бардым. Барлық жағдайды тәптіштеп сұрап, асықпай байыппен тыңдап алды да, «Серікзат, бұл оңай шаруа емес» деп басын шайқады. Сосын ойланып отырды да, «Есіңде болсын, үлкен билік – үлкен машина. Ол саған айтқанын қалай да істетеді. Оның үстіне саған тапсырма беріп отырған жігітті жақсы білемін. Ондай «ұр да жық» мінезді шенеуніктер ешкімді аямайды. Сені көндірудің барлық айла-тәсілін қолданады. Амал жоқ, айтқанын істейсің. Бірақ сен мақтағанда өтірік айтпа, тек шындықты айт» деді. «Шындықты қалай айтамын сонда?» дедім таңданған кейіппен. «Назарбаевтың жасаған жақсы істері бар ғой. Соларды айт. Тек асыра мақтама. Мына бес тарихи оқиғаның басында сіз тұрсыз де. Біріншіден, дүние жүзі қазақтарының басын қосатын қауымдастық құрдыңыз, екіншіден, еліміздің шекарасын құжатпен шегендедіңіз, үшіншіден, қиын шақта Астананы Арқаға көшірдіңіз, төртіншіден, Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде қазақша сөйледіңіз, бесіншіден, түркі халықтарының ынтымақтастығына ұйытқы болдыңыз де. Мұның барлығы шындық. Осы жұмыстардың атқарылуына Президенттің еңбегі зор. Солай сөйлесең, саған ешкім ештеңе демейді» деді. Шындығында, осы сөзді айтқанымда арыстандай ақырған әкімшілік қызметкері ләм деп ештеңе айтпады.
Тағы бірде Сейіт ағай екеуміз кешке жұмыстан үйге қайтқалы отырғанбыз. Ұялы телефоным шыр ете қалды. Көтерсем «Айқын» газетінің тілшісі Гүлзина Бектас екен. «Секе, сен кейінгі жаңалықтарды оқып отырсың ба? Министрлік қазақ тілі мен әдебиет пәндерін біріктіріп бір оқулық жазғалы жатыр екен. Түбінде екеуі бір пән болатын сияқты. Соған Айгүл Ісімақова бастаған филолог ғалымдар қарсы болып, дабыл қағып жатыр. Соған сенен пікір алып газетке берейін деп едім» деді. Қасымда отырған Сейіт ағай телефондағы әңгімемді тыңдап отырса керек, «не талқылап жатырсыңдар?» деп сұрады. Мен жағдайды баяндадым. «Ахмет Байтұрсынұлының кезінен бері екі бөлек пән болып келе жатқанды біріктіреміз деп не былықтырып отыр өздері? Журналистке айт. Мен де пікір беремін» деп ашуланған кейіп танытты. Содан ертеңінде «Айқын» газетінің бірінші бетіне екеуміздің қарсы пікіріміз жарқ ете қалды. Дер кезінде баспасөз арқылы тойтарыс бергенімізге риза болып біз жүрміз. Бір күннен соң таң атпай Сейіт ағай «екеумізді сағат онға ректор шақырып жатыр» деп телефон соқты. Кешегі берген сұхбатымыз естен шығып кеткен. «Ректор шақырса бір жақсылық бар болды ғой» деп мен өзімше мәзбін. Онға он бес минут қалғанда екеуміз ентелеп ректордың қабылдауына барып тұрдық. Ерлан Бәтташұлы бізді өте жылы қарсы алды. Сейіт ағайдың жағдайын сұрап, екеуі біраз әңгімелесті. Арасында ректор маған қарап «не бүлдіріп жүрсіңдер» деп ақырын сұрап қояды. «Ештеңе» деймін түк түсінбей. Бір уақытта мәселені өзі айтты. Сөйтсе, таң атпай министр телефон соғып, бізге шара қолдануды тапсырыпты. Мен ректорға жағдайды айтып едім «иә, кәсіби маман ретінде сендердің пікір айтқандарың дұрыс қой. Бірақ бір шеті біздің университетке тиіп кетіп отырған жоқ па?» деді. Министр мырза «Айқынның» бірінші бетіндегі аты-жөніміздің астында «ЕҰУ профессоры», «ЕҰУ доценті» жазылғанынан оқып бізді тауып алыпты. «Айналайындар-ау, сіздерге қашанғы айтамын өздеріңіздің жеке пікірлеріңізге университеттің атын қоспаңыздар деп. Енді маған жұмыс тауып беріп отырсыздар. Түсініктеме жазыңыздар. Мен апарып берейін» деді ректор күліп. «Не істейміз?» дегендей Сейіт ағайға қарадым. «Үйіңде Назарбаевтың кітабы жоқ па?» деді. «Баяғыда бір жиында бізге сыйға тартқан төрт томдығы бар болатын». «Соның ішінен Назарбаевтың тіл мен әдебиет туралы қанатты сөздерін теріп ал да, екеуміздің атымыздан түсініктеме жаз». Мен ағайдың айтқанын бұлжытпай орындап, «министрліктің жүргізгелі отырған реформасы Елбасының мына сөздеріне қайшы. Сондықтан біз мұндай өзгеріске қарсымыз» деп жазып бердім. Кейін Ерлан Бәтташұлынан сұрасақ, «түсініктемелеріңізді апарып бергенмін. Тіс жарып ештеңе айтқан жоқ» деді. Сірә, Елбасының саясатына қарсы болуға министрдің дәті шыдамаған болуы керек.
Сейіт Қасқабасов ағайдың мұндай тапқырлығы мен даналығына талай рет куә болдым. Оның барлығы алдағы уақытта тасқа түсер. Әзірге осы.
Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты



