Заманауи білім мен тәрбие ошағы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында елордада жаңа үлгіде мектептер салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Соның бірі – биыл ашылған №115 жалпы білім беретін мектеп. Заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған инновациялық оқу орнында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект жүйесіне негізделген жобалар іске асырылып, бүгінгі таңда екі ауысымда 4 мыңнан аса оқушы сапалы білім алуда.
Аталмыш мектеп басшысы Жұлдыз Рахметованың айтуынша, білім ордасында сабақ кестесі мен оқу үдерісі цифрлық жүйе арқылы басқарылып, білім сапасы артып жатыр.
«Бүгінгі таңда мектепте 4570 бала білім алады. Білім ордасы қоғамдық-
гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағытта оқытады. «ЖИ мектептері» жобасы бойынша ColdiPlay бағдарламасы, Alaqan Mektep, BilimClass, Otan Mektep, Artisan Education инновациялық жобалары негізінде жұмыс атқарылады» дейді №115 жалпы білім беретін мектеп директоры Жұлдыз Қуанышқызы.
Artisan Education платформасы негізінде жүзеге асырылатын инновациялық жоба бағдарламалау мен электрониканы біріктіріп, оқушыларға «ақылды» құрылғылар жасауға мүмкіндік береді. Басшының айтуынша, бұл – STEM білімін дамытудың тиімді тәсілі.
«Мектептің материалдық-техникалық базасы толық қамтылған. Педагогтер hr.nobd, edu.kz платформасы және еңбек.kz арқылы іріктелді. Мектепте оқушылар қауіпсіздігі бірінші орынға қойылған. Face ID жүйесі мен Protector AI буллингке қарсы бағдарламалары қойылған» дейді мектеп басшысы.
Бұл мектеп Efekta қанатқақты жобасына қатысуда. Аталмыш жоба әр оқушыға жеке оқу тәсілін ұсынады. Мұғалімдерге тиімді сабақ өткізуге және оқушыларға нәтижелі білім алуға мүмкіндік береді.
Жұлдыз Рахметова мектепте антибуллинг камералары орнатылғанын айтты. Бұл жүйе оқушылар арасындағы келіспеушілік пен буллинг жағдайларын автоматты түрде анықтап, қауіпсіз орта қалыптастыруға көмектеседі. Otan Mektep жүйесі де енгізілген. Face ID және турникеттер арқылы оқушылардың кіруі мен шығуы бақыланып, қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіледі. Оқушылар ақылы түрде тамақтанатын болса, Аlaqan жүйесі арқылы төлемді алақанмен жасайды. Бұл жүйе баланың саусақ іздерін қажет етпейді. Алақан сканерленген кезде көктамыр өрнегі арқылы анықтайды.
Жасанды интеллектке құрылған мектепте әр сабақ пен жоба инновация мен технологияға негізделген. Жуырда осы оқу орнында «AI Robotics-2025» атты семинар-практикум өтті. Оның мақсаты – жасанды интеллект пен робототехника саласындағы мұғалімдердің білімін арттыру, тәжірибе алмасу және шығармашылық қабілетін дамыту. Тиісті диалог алаңында жасанды интеллект пен робототехникадағы жаңа бағыттар талқыланды. Семинар барысында ЖИ-ді білім беру процесіне енгізу тәжірибесі таныстырылды. STEM және робототехника бағыттарында практикалық жұмыстар өтті. Мұғалімдер өз авторлық жобаларын, инновациялық әдістерін және заманауи IT құралдарын ұсынды. «Жасанды интеллект – білімде» секциясында қатысушылар AI құралдарын сабақта қолданудың тиімділігі мен шектеулерін талқылады. «ЖИ және креативті индустриялар» секциясында мұғалімдер Chatbot, Teachable Machine және шығармашылық жобалардағы AI рөлін көрсетті. «ЖИ және робототехника» бағытында дрондар мен 3D-технологияларды біріктірген практикалық жобалар таныстырылды. AI Robotics & Drone-2025 робототехника чемпионатына «Робо-ГИД» бағыты бойынша 15 топ, «Басқарылатын дрондар» бағыты бойынша 15 топ қатысты. Чемпионаттан кейін қатысушылар AEROO компаниясының негізін қалаушы Әлихан Рыспайдың жетекшілігімен өткен дрон-футбол шеберлік сабағына қатысты. Бұл ерекше тәжірибе барысында қатысушылар дрондарды басқаруды, ұшуды және командалық жұмыс дағдыларындағы дрондарды қолдану біліктіліктерін үйренді әрі жетілдірді. Жалпы мұндай іс-шаралар педагогтардың кәсіби шеберлігін арттырып, оқушылардың инновациялық және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға үлкен мүмкіндік беретіні айтылды.
Мектепте мәдени-рухани тәрбие де назардан тыс қалмаған. Атап айтқанда, білім ошағында ұлы ақын, ағартушы, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты қазақ тілі мен әдебиеті пәні апталығы өтті. Оның мақсаты оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, ұлы Абайдың рухани мұрасын дәріптеу, ана тілімізді құрметтеуге тәрбиелеу болды. Оның барысында «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» атты кітап көрмесі, «Абай туралы не білеміз?» интеллектуалды ойын, Абай өлеңдерін оқу сайысы, «Жақсымен өткен бір күнім…» атты ғалымдармен кездесу, «Абай – дана, Абай – дара қазақта» әдеби-сазды кеш сияқты мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Білім ошағында дарынды оқушылар жеткілікті. Соның бірі 6 «қ» сынып оқушысы Мүсілім Айбек Ұлттық музей ұйымдастырған «Шырқа, дауысым» атты мектепаралық дәстүрлі ән байқауында I орынды иеленді. Осы апта басында мектепте математика, информатика, физика апталығы басталды. Апталықтың мақсаты – оқушылардың ғылыми-шығармашылық қабілетін дамыту, пәндерге деген қызығушылығын арттыру және логикалық ойлау дағдыларын жетілдіру. Оның барысында мұғалімдер мен оқушылар қызықты тапсырмалар, викториналар мен тәжірибелік жұмыстарға қатысып жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл қызыққа толы, білім мен жаңалыққа бай апталық болмақ.
Сәбина КӘКІМЖАН



