Тазалық отбасынан басталады

Астананың айналасы, көше бойындағы жолдар мұнтаздай жарқырап тұруы үшін елордадағы коммуналдық қызмет саласының жұмысшылары күн-түн демей тынымсыз еңбек етеді. Айналаны жазда шаңнан, қыста қардан тазартып жүрген «Астана Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жол жұмысшысы Береке Болатбек солардың қатарынан.
Қаладағы жолдардың тазалығына жауапты жанмен Кенесары көшесінің бойында таныстық. Күн сайын осы маңдағы көшелер мен күре жолдарды ретке келтіріп, бас шаһардың ескі орталығында тазалықтың орын алуына аянбай үлес қосып келе жатқан жұмысшы келіншек өзі туралы және бұл кәсіпке қалай келгені жөнінде қысқаша баяндап берді.

– Жасым 31-де. «Астана Тазалық» мекемесінде 2012 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Моңғолия жерінде дүниеге келіп, балалығым Баян-Өлгей аймағында өткенмен, ес біле келе ата-анаммен және бауырларыммен бірге атамекенге оралдық. Көкшетауда білім алып, орта мектепті бітіргеннен кейін өзімнен жасы үлкен апайларымнан айлығын кешіктірмей уақытылы беріп тұратын еңбек орны туралы естіп, ақыры «Астана Тазалық» серіктестігіне жұмысқа орналастым. Дәл сол кезде дүниеге келген шақалақ бүгінде бір мүшелді артқа тастаса керек. Міне, содан бері 13 жыл өте шығыпты. Жаз бен көктемде көшелердегі қоқыстарды, күз айларында жерге түскен жапырақтарды жинаймыз, субұрқақтардың маңайын, аулаларды ретке келтіріп, қоқыс жәшіктерін босатсақ, қыста қаланы қардан тазартамыз, – деп бастады әңгімесін Береке Болатбек.
Бүгінде ол қаладан 45 шақырымдай жерде орналасқан Жаңажайнақ ауылында тұрады. Айтуынша, бұл жақтан осында нәпақа табу мақсатымен келетіндер көп. Өз басы күн сайын таңғы үште оянады, төртке он бес минут қалғанда автобус ауылдан қалаға қозғалады екен.
– Бірінші ауысымдағылардың жұмысы таңертеңгі сағат 6-да басталады, 10-нан 12-ге дейін түскі үзіліс. Үште жұмыс аяқталған соң арнайы автобус бізді ауылға жеткізіп тастайды. Негізі, мен осы Кенесары көшесінің бойын жинаймын. Жұмыс оңай емес, әрине. Әсіресе аязды, боранды күндері ауыр. Осы мезгілде жұмыстың қиындайтынын ескере келе, жалақымызды көтерсе жақсы болар еді. Жалпы мекемеде жұмысшылардың алаңсыз еңбек етуі үшін барлық жағдай қарастырылған. Жалақыдан бөлек, мереке сайын сыйақы түсіп тұрады. Қалада тұратындар қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Қыстыгүндері тегін тамақпен қамтамасыз етті, – деді жұмысшы.
Қала тұрғындары арасында тазалық қызметкерлерінің жұмысына құрметпен қарайтындар қатары жыл өткен сайын артуда. Қазір қолындағы қоқысты тастау үшін адамдардың көбі арнайы жәшікті іздейді. Кейде жолдан өтіп бара жатқан егде адамдар ерінбей тоқтап, алғысын жаудырып жатады. Күнделікті жұмыс барысында бетпе-бет кездесіп жүрген осындай жайттармен бөліскен тазалықшы айналаның айнадай болуы әркімнің өзінен басталуы керектігін алға тартты.
– Тазалық отбасынан басталады. Екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған ана ретінде мен үйде оларды бөліп-жармай, кішкентайынан қолданған заттарын орнына қойып дағдылануға тәрбиелеп келемін. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, баланы тазалыққа бала күнінен бейімдеген дұрыс деп есептеймін. Сонда әркім жауапкершілікті сезініп өседі, – деді Береке Болатбек.
Сарыарқа ауданы бойынша учаске шебері Гүлнәр Нұрмышева да осында жүр екен. Ол елордада күн суытып, қар түскелі бері қарбалас күшейгенін жеткізді.
– Біздің «Астана Тазалық» ЖШС – қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз етумен айналысатын кәсіпорынның бірі. Мұндағы жұмысшылар елорданың көшелері мен тротуарларын тазалау, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару және тасымалдау, қар жинау әрі шығару, қысқасы Астананың санитарлық-экологиялық жағдайын жақсарту жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Кәсіпорын аудан әкімдіктерімен тығыз жұмыс істейді және тазалық сақтау бойынша мемлекеттік тапсырмаларды орындайды. Жалпы қар тазалау жұмыстары әуелі механикаландырылған әдіспен басталып, қол күшімен жалғасады. Бригада мүшелерінің әрқайсысының өз міндеті бар. Жол жұмысшылары екі ауысыммен жұмыс істейді. Кешкі бригада тағы бар. Астана үлкен қала болғандықтан, тазалықшылар қанша жинап жатса да, кейде таңертең реттеп кеткен жерлері түстен кейін шашылып жататын кездер болады. Ондайда біздің жұмысшылар қабақ шытпайды, қоқысты қайта жинайды, – деді шебер.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, маңдай терімен табыс тапқан адам оны мақсатсыз шашып, ысырап қылмайды. Үнемшіл, қанағатшыл әрі ұқыпты болады. Адал еңбегімен астана көшелерінің айнадай болуына үлес қосып жүрген Береке Болатбектің бойынан осы қасиеттерді байқадым. Күн сайын таңмен таласа тұрып, тәулік бойы тыным таппайтын қарапайым еңбек адамы қандай құрметке де лайық!
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ
фото: Сұлтан Сейіт



