Полицей ит автокөліктен есірткі тауып алды

Астана қаласында өткен «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері есірткіге қатысты қылмыстың алдын алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Күйгенжар» бекетінде полицейлер «BMW» маркалы автокөлікті тоқтатып, тексеру жүргізді. Тексеру кезінде Кинологиялық қызмет орталығының қызметтік иті – Байкал көлік салонында тыйым салынған зат бар екенін сезіп, белгі берді. Бар болғаны бес минуттың ішінде иттің қырағылығының арқасында полицейлер автокөліктен есірткіге ұқсас зат – “гашиш” тәркіледі.
Оқиға орнында 33 жастағы күдікті азамат есірткі заттарын сақтау фактісі бойынша ұсталды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Астана қаласы Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығында қазіргі таңда 50-ден астам қызметтік ит бар. Олардың басым бөлігі есірткі мен жарылғыш заттарды іздеуге, із кесуге және қылмыс іздерін анықтауға маманданған.
Байкал есімді ит – ротвейлер тұқымына жатады. Ол полиция қатарында 4 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Негізгі міндеті – есірткі заттарын іздеу. Байкал иіс сезуді ойын тәсілі арқылы үйренген, және өзінің дәлдігі мен табандылығы арқылы бірнеше қылмыстың ашылуына үлес қосқан.
Полиция департаменті азаматтарды заңсыз есірткі айналымына қарсы күреске бейжай қарамауға, күдікті деректер туралы дереу полицияға хабарлауға шақырады.



