Халықаралық Projects Maturity Forum Астанада өтті

Астана қаласында мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен академиялық қауымдастықтың өкілдерін біріктірген халықаралық Projects Maturity Forum өтті. Форумның мақсаты – жобалық жетілдіру деңгейін арттыру және басқару тәжірибесін жетілдіру мәселелерін талқылау болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Форумды Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Astana IT University және People&Projects консалтингтік агенттігімен бірлесіп ұйымдастырды. Шара жобалық менеджмент саласындағы Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің сарапшылары мен практиктері үшін негізгі кәсіби алаңға айналды.
Бұл Форум жобалық менеджмент саласындағы сарапшылар мен тәжірибелі мамандар асыға күтетін жыл сайынғы маңызды оқиға болып саналады.
Форумды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевтің атынан вице-министр Дмитрий Мун ашты. Өз сөзінде ол мемлекеттік басқару жүйесінде жобалық басқаруды дамытудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
Форум ерекше форматта өтті – үздік тәжірибелерді, мазмұнды панельдік пікірталастарды, практикалық мастер-кластар мен симуляциялық ойындарды біріктірді. Негізгі назар мемлекеттік секторда жобалық басқаруды енгізу және орталық пен жергілікті атқарушы органдардың жобалық кеңселерінің тиімділігін арттыру мәселелеріне аударылды.
«Мұндай формат тәжірибе алмасуға ғана емес, сонымен қатар алынған сабақтарды шешімдерге, ал шешімдерді ел деңгейінде масштабталатын тәжірибеге айналдыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі өз сөзінде.
«Projects Maturity Forum – Орталық Азияда жобалық басқару аясын кеңейту мен стратегияның, коммуникацияның және адами фактордың рөлін тереңірек түсінуге бағытталған тағы бір маңызды қадам. Біз жоғары құндылықтары мен кәсіби біліктілігі бар мамандар жиналатын орта қалыптастырып жатқанымызға қуаныштымыз», — People&Projects компаниясының бас директоры (CEO) Зарина Биюмбаева өз пікірін білдірді.
Форумға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан және басқа елдердің спикерлері мен қатысушылары қатысты. Шетелдік сарапшылар мемлекеттік құрылымдарда, жеке секторда және білім беру ұйымдарында жобалық басқаруды дамыту тәсілдерімен бөлісіп, сондай-ақ халықаралық PMI, IPMA, ISO және Prosci стандарттарын қолдану тәжірибесін ұсынды.
Форум спикерлерінің бірі — Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов жобалық ойлау кәсіби құзыреттіліктер мен ұйымдардың тиімділігін арттыруға ықпал ететін практикалық құрал екенін атап өтті:
«Жобалық ойлау – сән емес, теориялық ұғым да емес. Бұл – күрделі жүйелерге тәртіп орнатуға, ортақ мақсатқа жұмылған командалар құруға және басталған істі нәтижеге жеткізуге мүмкіндік беретін практикалық құрал. Өз тәжірибемде – бизнес пен мемлекеттік басқаруда – мен бұған бірнеше рет көз жеткіздім: үлкен міндетті түсінікті қадамдарға бөліп, артық нәрсені алып тастап, рөлдерді нақты бөліп, мерзім мен нәтижеге жауапкершілік алған кезде, өзгерістер сөзсіз орын алады. Дәл жобалық тәсіл бейберекетті жүйеге, идеяларды әрекетке, ал әрекеттерді жетістікке айналдырады».
Форум барысында жастардың құзыреттерін дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.
8 қараша күні Astana IT University базасында спикерлердің дәрістері және жобаларды басқаруға арналған симуляциялық ойын өткізілді. Студенттер мен жас мамандар дизайн-ойлау, тәуекелдерді басқару, ғарыштық жобалар және жобалық қызметтегі жасанды интеллектті қолдану бойынша практикалық сессияларға қатысты.
Astana IT University ректоры Альтаир Ахметов өз сөзінде атап өтті:
«Біз тек IT-мамандарды ғана емес, болашақ басқарушыларды да даярлаймыз: бакалавриаттың 17 және магистратураның 9 бағдарламасы, соның ішінде AI Business және Digital Public Administration бағыттарындағы жаңа білім беру бағдарламалары елдің цифрлық трансформациясы үшін тұрақты кадрлық резерв қалыптастырады.
Сондықтан мұндай іс-шаралар студенттеріміздің цифрлық басқарушылар ретінде дамуы үшін аса маңызды», — деді ол.
Форумның қорытынды бөлігі People&Projects Awards марапаттау рәсімі болды. Бұл рәсім барысында жобалық басқаруды дамытуға үлес қосқан жобалық командалар, менеджерлер мен ұйым басшылары марапатталды.
Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевтің атынан мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдардың және білім беру ұйымдарының басшыларына жобалық тәсілді мемлекеттік басқаруға енгізуге және дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс хаттар табысталды.
Projects Maturity Forum мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға ықпал етті.
Жобалық басқару форумы — Projects Maturity Forum 2025 халықаралық деңгейдегі кәсіби алаңға айналып, Қазақстанның жобалық менеджмент саласындағы аймақтық құзыреттер орталығы және мемлекет, ғылым мен бизнес арасындағы тәжірибе мен білім алмасу платформасы ретіндегі рөлін айқын көрсетті.



