Басты ақпаратРуханият

«Абай – Ділдә» спектаклі неге жоқ?

Әлеуметтік желіде ұлы Абай мен бәйбішесі Ділдәға қатысты біраз пікірталас тудырған әңгіме шыққанда, есімізге осыдан бірнеше жыл бұрын болған мына оқиға түсті. Қалибек Қуанышбаев театрында осы өнер ошағының негізін қалаған режиссер Жақып Омаров жайында кітаптың тұсаукесері өтіп жатқан. Оған қатысқан атақты актер Асанәлі Әшімов «Абай – Әйгерім», «Абай – Тоғжан» спектакльдері бар. Енді «Абай – Ділдә» қойылымын қою керек» деді. Әртістің ұсынысымен іштей келістік. Мұны енді сөз жүзінде қалдырмай, нақты іске асыру керек.

Ұлы Абайдың туғанына биыл 180 жыл толып отырғанда, бұл – маңызды іс. Ділдә туралы белгілі қаламгер Ермек Балташұлы кезінде жақсы мақала жазды. Онда Ділдәнің Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы және өмірдегі шынайы бейнесі жайында айтылады. Екеуі – екі бөлек дүние. Бұл түсінікті, роман сол заманның ырғағына қарай жазылған.

«Абай жолында» Мұхаң ұсынған көркем шындық пен нағыз тарихи шындықтың аражігін ашып алу үшін эпопеяның жарыққа шыққанына 70 жыл толуына орай Сәбина Зәкіржанқызының профессор Тұрсын Жұртбаймен жүргізген «Қазақ әдебиеті «Абай жолы» романынсыз қалар еді» және «Жетпіс жыл жұртын сусындатқан сұлу сөз» деген сұхбаттарды («Абай» порталында жарық көрген) шолып шығу артықшылық етпейді» деп жазады қаламгер. Оның мәліметінше, шын мәнінде, Абайдай алыптың адал жары, отбасының берекесі болған ақылды, сабырлы Ділдә Мұхтар Әуезовке Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайлы көп құнды дерек берген. Қазір Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, Жазушылар одағы елорда филиалының ұйым­дастыруымен «Қаламгер ұстаханасы» жобасы өтіп жатыр. Абай мен Ділдәнің ақиқатын сонда оқылған Тұрсын Жұртбайдың «Көркем шындық пен тарихи шындық» атты дәрісінен де ұғамыз.

«Өмірлік шындықтан аулақ, бұл – Әйгерім бейнесі… Әлжекең, Әлжаппар Әбішев «Мұхтар Әуезовке барып, Әйгерімді жағымды кейіпкер етіп жасаңыз. Кедейдің қызы. ­Әйтпесе «Абай жолы» романына обал жасайсыз. Ділдә – менің апайым. Ол – байдың қызы. Апайым болса да аямаңыз. Жағымсыз мінездерді соған жапқызыңыз деп айттым» дейді. Сонда Мұхтар айтты дейді: «Мен Ділдәні қалай жамандаймын?! Абайдың өрісін ашып, алдын кеңейткен. Үрім бұтақ, бүкіл ырыс Ділдәнің алдынан шығып отыр ғой» деді Тұрсын Жұртбай. Бірақ «Абай жолы» романы бірнеше рет талқыланып, кітап шығуы үшін Мұхтар Әуезов өзгерістер енгізуге мәжбүр болды. Ділдә бейнесі сонда жағымсыз тұрғыдан берілген.

Қазір жалтақтайтын ештеңе жоқ. «Абай – Ділдә» спектаклі сахналанса, қазақ әйелінің, ақын жарының шынайы бейнесі шығады деп ойлаймыз. Әрине, алдымен пьеса жазылуы керек. Сосын қоятын жақсы режиссер табу қажет. Жеке өзіміз Асхат ­Маемиров, Жұлдызбек Жұманбай, таяуда Табылды Досымов жайлы «Сәйгүлік» атты тамаша спектакльді сахналаған Әли Бидахмет немесе Қарағандыдағы Сәкен Сейфуллин театрындағы Айдын Салбан қойса екен дейміз.

Қалай болғанда да, бұл – драматургтер мен театр режиссерлері, театр директорлары мен көркемдік жетекшілер ойланатын тақырып. Мәдениет және ақпарат министрлігі немесе жергілікті Мәдениет басқармасының қаржылай, басқа да қолдауы керек, әрине.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button