Басты ақпаратРуханият

«Бақытсыз Жамал» немесе қазақ театрының бастауы

Биыл қазақ әдебиетінің классигі, Алаш қайраткері, ағартушы, көсемсөз шебері Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты бірнеше мерейтой қатар келіп отыр. Ұлт ардақтысының туғанына 140 жыл болса, өмірден өткеніне 90 жыл. Сондай-ақ әдебиетіміздегі тұңғыш роман саналатын «Бақытсыз Жамал» туындысының жарық көргеніне 115 жыл. Аталмыш шығарма 1915 жылы Астананың іргесіндегі Атбасар қаласында сахналанды. Осы оқиғаға да 110 жыл толып отыр.

Бұл дерекке осыдан ширек ғасыр бұрын, 2001 жылы «Астана ақшамы» газетінде шыққан өлкетанушы Клара Әмірқызының «Бір суреттің сыры. Ол Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы» алғаш Атбасарда қо­йылғанын айғақтайды» атты мақаласында жолықтық. Мұны міржақыптанушы ғалым, тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметов те растады, яғни бұл – дұрыс дерек.

«Естелік сол оқиғаға қатысқан адамның аузымен айтылса да күмәнді сенімсіздік жалғаса берер ме еді, қайтер еді, егер қазақтың қадірлі қызы Үшкөлтай Сұбханбердинаның еңбегі болмаса?! Көптен айтылып келе жатқан дерек Міржақыптың «Бақытсыз Жамал» шығармасы 1915 жылы Атбасарда пьеса болып қойылған болатын. Үшкөлтайды ауызға алып отырғанымыз – оның бет қаратпаған совет заманының өзінде байтақ елдің баспасөз сақтайтын әрбір үлкен қоймаларынан өзімізге көрсетпей қойған құнды дүниелерді өлермендікпен жинап әкеліп, оны кітап жасап біріктіргеніне құрметіміз. Жоғарыдағы дерек «Қазақ» газетінің 1916 жылғы бір санында, кітаптың 262-263 беттерінде Дүйсен Шопанов деген автордың «Атбасарда театр» деген мақаласында айтылған» деп жазады Клара Әмірқызы.

Өзінің жазуынша, өлкетанушы бұл дерекке Атбасар қаласының тарихи-өлкетану музейін құру барысында жолыққан. Клара Әмірқызы осы руханият ошағының негізін қалады. «Бақытсыз Жамал» спектаклінде басты кейіпкер – Жамал бейнесін сомдаған Рамазан Тұрсынбекұлының естелігін де жазып алған.

«Жамал рөлін ойнауға бірінші ауылдан Майдашаш дейтін әнші қызды алдыртыпты. Бірақ ол рөлін ойнай алмайды. Діннің қатал кезі болғандықтан басқалар да көне қоймайды. Ақыры Жамалдың рөлін Рамазан Тұрсынбекұлы орындаған. Ол бір айдай жаттыққаннан кейін осы бір басты рөлді жап-жақсы ойнап шығады. Спектакль 1915 жылдың қараша-желтоқсан айларында қойылады» деп жазады Клара Әмірқызы.

Оның ұсынған деректеріне жүгінсек, спектакльге дайындық 1915 жылдың жаз айларында басталған. Қойылымды ұйымдастырушылардың ең негізгі белсенді тобында Сыздық Мешімбайұлы, Елемес Баржақсин, Асанқожа (Қасен) Қошанбайұлы, Шермұхамбет Темірбекұлы болған. Спектакльдің сахналануына Атбасар болысының басқарушысы Есет Жанбайұлы мен Терісаққан болысын басқарушы Омарбек Жанайдаров қолдау көрсетті. Жамалдың әкесі Сәрсенбай бейнесін Қазыкей Бейісұлы, анасы Шолпанды Мешімбай келіні Әліш, қыздың қайын атасын Абылқасен Аңсағайұлы, болыстың хатшысын Қазыбек Байғарин, Жамалдың атастырылған күйеуін Абушахма Жолаушыұлы, Жамалдың сүйгені Ғалиды Омар Тәжбенұлы, Ғалидың досын Тәлти Рахметұлы сомдаған.

Спектакль ұйымдастыру­шылары мен кейіпкерлерін сомдаушыларының қызметі жайлы айта кетсек, Алаш қайраткері Ахмет Баржақсыұлының туған бауыры Елемес Баржақсин фельдшер болған. Кеңес өкіметі орнағаннан ке­йін уездік денсаулық бөлімін басқарған. 1935 жылы НКВД үкімімен ұсталып, 1936 жылы Қарсақбай түрмесінде атылды.

Асанқожа (Қасен) Қошанбайұлы губерниялық қызметтерде болды. Ақмола губерния­сының трибунал тергеушісі, азық-түлік комиссарының орынбасары, Ақтөбе губерниясы азық-түлік комиссары, Семей губерниясы сауда бөлімінің төрағасы, Қазақ өлкелік тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы, бүкілодақтық «Астық» бірлестігінің Қазақстан бойынша өкілі, Батыс Қазақстан облысы атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1933 жылы кеңес өкіметі оны Аустрия астанасы Венада өткен халықаралық сауда альянсына қатысуға жұмсады. Сол жылдары Қасен Қошанбайұлы Қаз КСР жеңіл өнеркәсіп халық комиссары, КСРО жеңіл өнеркәсіп халық комиссарының Қазақстан бойынша инспекциясының бастығы еді. Одан соң Алматы облысы Кеген ауданы атқару комитетінің хатшысы, Қызылорда ауданы атқару комитетінің төрағасы болды. 1937 жылдың наурызында тұтқындалып, атылды. Оған Алаш қайраткері Мұстафа Шоқаймен байланыста болған деген айып тағылды. Қасен Қошанбайұлы 1958 жылдың мамыр айында ақталды.

«Бақытсыз Жамал» қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман болса, осы туындыны қазақ театры тарихындағы алғашқы спектакльдің бірі деп те атауға болады. Міржақып Дулатұлының көзінің тірісінде-ақ спектакль сахналанған үй, Клара Әмірқызының жазуынша, Атбасар қаласының тарихи-өлкетану музейіне қарама-қарсы тұрды. Бұл ғимарат біраз өзгеріске түсіп, кейін қалалық мешітке берілген. Өлкетанушы осы ғимаратқа мұнда «Бақытсыз Жамалдың» қойылғаны туралы ескерткіш-тақта орнатуды ұсынған. Алайда бұл іске аспады.

«Ұлттық тарихымыздың елеу­лі жайын түсіне қоятын ұрпақ болыңқырамай тұрғандай-ау деген өкініш туатын тәрізді» деп бұл жайында жазған Клара Әмірқызы 2002 жылы өмірден озып кетті. Оның бұл сөзі ұрпаққа аманатындай басылымымыздың бетінде қалды. Бірақ ұсынысы орындал­ғаны жөнінде әлі күнге дейін естімедік. Міржақып Дулатұлының биылғы 140 жылдығында және «Бақытсыз Жамалдың» Атбасарда сахналануына 110 жыл толуына орай нағыз істейтін іс. Келесі жылы қазақ кәсіби театр өнеріне 100 жыл толады. Осы оқиғаға да орайластырып орындауға болады деп есептейміз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button