Басты ақпаратРуханият

Отырарлық ғұлама және жасанды интеллект

(Фараби трактаттарынан өрбіген ой)

Таяуда ғана Астанада өткен үлкен жиында еліміздің бас ордасында ресми түрде «Жасанды интеллект орталығы» ашылғаны хабарланды. Оны ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жария етті. Онымен қоса, жаңа ресми орган – Жасанды интеллект және цифрландыру министрлігі құрылғаны да белгілі болып отыр. Демек, қазіргі қоғам жасанды интеллектінің мол мүмкіндігін адамзат игілігіне пайдалануға толығымен назар аударып жатыр деуге болатындай. Жасанды интеллектіге қарай бет бұру адамзат қоғамына қандай жақсылық пен игілік әкелуі мүмкін? Біз одан қандай пайда көруіміз мүмкін? Оның болашағы қандай?

Осындай сауалдар­­ға жауап іздегенде, біздің ой-қиялымыз шарықтап ұшып, орта ға­сырларға қарай еріксіз «сапарлап» кетеді. Өйткені орта ғасырда ғұмыр кешкен атақты ғалым, әлемнің «екінші ұстазы» Әбу Насыр Мұхамед әл-Фарабидің көп трактаттарының ішінде адамның ақыл-ойы мен интеллектісіне арналған еңбектеріне ерекше ден қою талабы өзінен-өзі туындай бастады. Бабамыз интеллектінің адамзат қоғамына тигізер мол пайдасы барын сол кездерде-ақ шамалаған сыңайлы. Сосын да бірқатар трактатында интеллект жайында тоқтала сөз қозғаған, тереңнен ой түзген.

Ғылымның сан түрлі саласын оқып-үйрене жүріп, артына көнермес мол рухани мұра қалдырып кеткен Әбу Насыр Мұхамед әл-Фараби ат-Түрки жайлы осы кезге дейін аз жазылмаса да, жылдар өткен сайын әр қырынан тануға тағы да құштарлық байқалып отыр. Неге? Оның басты себебі – бабаның өз заманында «қолды» боп кеткен рухани мұраларының біртіндеп табылуы және айналымға қосылуы. Бұл бағытта әлем ғалымдарын былай қойғанда, қазақ оқымыстылары да соңғы жылдар бедерінде өнімді еңбек етіп келеді. Кезінде фарабитану ғылымына өлшеусіз үлес қосқан Ақжан Машани, Ағын Қасымжанов, Құбығұл Жарықбаев, Ауданбек Көбесов, Әбсаттар Дербісәлі, т. б. ғалым-зерттеушілеріміз болса, осы сара жолды кейінгі буын ғалымдар да жалғастыра алды. Олардың ішінде Жақып Алтаев, Пірімбек Сүлейменов, Айдана Хаван, Гүлжиһан Нұрышева, т. б. бар. Бір шоғыр жас ізденушілер фарабитану мәселелерін тереңдеп зерделеп, ғылыми атақ алуға қам жасап жүргенін тағы да айта аламыз.

Отырарлық ойшылдың туған жері, өскен ортасы һәм алғашқы ғылым жолындағы қадамдары туралы келелі сөз қозғалып, көптеген дау-дамайға нүкте қойылған да сыңайлы. Көне Отырарда сауатын ашып, кейінірек осындағы шағын медреселердің біріне өзі де дәріс (А.Қасымжанов, М.Хайруллаев, Ә.Дербісәлі, т. б. жазбасында) бергені де енді ешқандай таласқа жол бермесе керек. Алайда артында қалған мол мұрасы – трактаттарының кейбірі «тартысқа» түсе беретіні де рас. Фараби-ғұламаның соңғы жылдарда ерекше атала бастаған еңбектерінің ішінде қайырымды қала туралы, мемлекеттік қайраткердің мінез-құлқы мен этикасы жайынан жазылған трактаттарымен қабат адамның ақыл-ойы мен парасаттылығы һәм интеллектісі жайындағы жазбалары маңызды орынға ие. Адам парасаты мен интеллектісі қай сала бойынша зерделенгені мақұл? Философиялық тұр­ғыдан ба, жоқ психологиялық тұрғыдан ба? Оның еңбектеріне назар аударсақ, бір байқала­тыны – қайсыбір трактаттарын алсаңыз да, отырарлық ғалым грек ойшылы Аристотельге соқпай өтпейді. Мысалы, оның «Философияны үйренуге дейінгі алғышарттар туралы трактат» еңбегінде философияны мең­геруге дейін тоғыз түрлі әрекетті атап келеді де, бір тұсында «Философияның кемеліне жету мақсатындағы тұлғаның соған жету жолындағы» тынымсыз еңбегін атай отырып, бұл ретте кісінің интеллектісі атқаратын міндетті анықтап айтады.

Жалпы, Фараби-ғұлама адам мүмкіндігі мен өресі (интеллект) хақында бірнеше трактат тудырып, оны сол замандарда зиялылар назарына ұсынған екен. Солардың ішінде «Ақыл мен ғылым туралы», «Адамдардың танып-білуге ұмтылуы», «Интеллект сөзінің мәні туралы», «Дін туралы», «Жан туралы», т. б. секілді еңбектері ерекше орынға көтеріліп отыр.

Осынау бір шоғыр еңбектерін сөз ете отырып, біз ойшыл ғалымның интеллектіге қатыс­ты ой-тұжырымдарына назар аударғымыз келеді. Интеллект деген не? Мұның шын анық­тамасы бар ма?

Интеллект – адамның болмысты танып-білу жолындағы талпынысы. Кісі өзінің өресін, яғни интеллектісін көтере отырып, жан-жағында болып жатқан жағдаяттарға, өтіп жатқан оқиғаларға, іс-әрекеттерге баға беруге қауқарлы болады. Ортағасырлық ойшыл мұны өте жақсы түсінген және өзінің трактаттарында мейлінше тереңдете жазған. Айталық, адам интеллект арқылы «қоршаған ортаның заңдылық­тарын меңгеруге және бағалау­ға қабілетті» бола алатынын атап көрсетеді. Сол заманның өзінде-ақ адам интеллектісі «барынша маңызды қызмет атқаратынын» еске сала отырып, оның болашақта дамитынын һәм жетілетінін де батыл болжағанын байқаймыз. Интеллект – негізінен алғанда, кемелденудің «негізгі көзі екенін» тілге тиектеген. Фараби жазады: «…адам ең жоғарғы кемелдікке жету үшін оның мінезі мен табиғаты және әрекеттерімен бірге тағы практикалық және теориялық ойлау күштері қажет…».

Осы ойды одан әрі тереңдетіп, өз жазбаларының тағы бір тұсында былай дейді: «…Егер адам өмірінің мақсаты бақытқа – ең жоғарғы кемелдікке – жету болса, онда ол қабілетіне сәйкес соған жетуіне көмегі тиетін нәрсенің бәрін алуы тиіс…».

Ортағасырлық ой жүйрігі өзінің «Адамдардың танып-білуге ұмтылуы» деген трактатында адамзатқа тән екі жағдайды көрсетеді. Олар: 1. Табиғаттың өзінен қабылдап алғаны; 2. Өз ойы мен қабілетіне сәйкес жинағаны. Осыны көрсете отырып, адам «табиғаттан алғанын өз ақыл-­парасатымен (интеллектісімен) әрі қарай дамыта» алса, онда ілгерілеу мен даму болатынын айтады. Бұл ретте адамға тән қасиеттер көбіне-көп «талқылау мен зерделеу» бағытында жүріп отыратынын да бағамдайды.

Адам интеллекті, Фараби айшықтап көрсеткендей, уақытпен дамып, барынша жетіліп, замана ағымына ілесіп жүретіні белгілі болып отыр. Кейінгі замандар бедерінде интеллект ұғымына ғылыми тұрғыда баға беріліп, оның түрлері де анықтап жазыла бастады. Айталық, қазір біз интеллектінің мынадай түрлерін атай аламыз:

– Абстрактылы интелллект;

– Нақты интеллект;

– Қарапайым интеллект;

– Жасанды интеллект, т. б.

Осылардың ішінен қазіргі кезде жасанды интеллектіге баса назар аударылып, тұрмысымызға бойлап еніп бара жатыр. Жасанды интеллект қазіргі техникалық прогресс заманында қандай қызмет атқара алады?

Жасанды интеллект дегеніміз (Artificial intelligence – AI) – өмірге қажетті ақпараттарды мақсатты бағытқа бұрып, оны өңдеуге, реттеуге, оқуға, тағы басқа да функцияларды жүзеге асыруға қабілеттілік. Жасанды интеллектіні қолдану арқылы адам араласатын көптеген саланың жұмысын жеңілдете алады екенбіз. Мысалы, күнделікті тапсырмаларды (ресми құжаттарды реттеу, хаттарды жүйелеп, оған тиісті жауап беру, кейбір жазба жұмыстарын орындау, т. б.) автоматтандыру; бизнесті жоспарлау және талдау; байланыс және клиенттерге қызмет көрсету; медициналық ­диагностика; білім саласын жетілдіру, т. б. Жасанды интеллект арқылы, әрине, жұмысты барынша автоматтандыру және оны жетілдіру үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашылады.

Жақында мынадай жағымды жаңалықты оқыдық. Қазіргі ғалымдардың тұжырымдауы бойынша – жасанды интеллектіні қолдана отырып, жер жүзіндегі екі мыңға жуық тілді «іске қоса» алатыны анықталған. Бір таңғаларлығы, сол екі мыңға жуық тілдердің арасында 10-15 қана тілдің табиғи тазалығы мен маңызын жоғалтпай, толық жеткізуге мүмкіндігі бар екенін ғалым-зерттеушілердің өзі мо­йындауда. Бастысы, сол санаулы тілдер тобында мына сіз бен біздің төл тіліміз – қазақ тілі бар болып шықты. Қазақ тілі жасанды интеллект қолданысында қате жібермейді, дұрыс сөйлейді, анық оқиды, таза жеткізе алады. Бұл қазақ тілінің болашағы зор екенін, өркениетке ілесіп, келер ғасырларға аяқ басарын мәлімдей алса керек. Бірақ бұл бағытта да ескеруге тиіс һәм ойланар тұстары бар. Айталық, жасанды интеллект тек адамзаттың асыл арманы, ізгі мұраты мен игілігіне жұмсалуы ләзім, басқалай «зиян тигізетін» шаруаларға (адамдар арасында текетірестер тудырмай, қарым-қатынасты шиеленістірмей, т. б.) қарай бұра тарту – өте қауіпті.

Біздің ғасыр ғылым мен техниканың кең дамыған ғасыры екеніне дау жоқ. Ал енді өміріміз бен тірлігімізге жасанды интеллект бойлап енер болса, оның мәні мен маңызын ерте кезде-­ақ бағамдап, терең мағыналы трактаттар түзген Әбу Насыр Мұхамед әл-Фараби есімі де құрметпен аталып, әрдайым ескеріліп отырғаны жөн болар еді. Фараби-ғұлама, қалай десек те, ұлтымыз тарапынан ондай ықыласқа лайық дана тұлға! Оның он ғасыр бұрын жазып кеткен ойлары күні бүгін де өз мәнін жойған емес.

Әбу Насыр Мұхамед әл-Фараби былай деген: «…Адам толығымен дамып-жетілуі үшін ол көптеген нәрсеге тәуелді. Себебі ол өзіне қажет барлық нәрсені жалғыз өзі жасай алмайды әрі қол жеткізе алмайды. Сондықтан адам өзінен басқа адамдардың қоғамдастығында өмір сүруі керек және сонда ғана ол толық жетіліп, бақытқа қол жеткізе алады. Бірақ ол басқа адамдарға қатысты да қоғамдастықтың құраушысы және басқалардың жоғын тауып беруші болып келеді…».

Ғұлама бабаның көрегендік­пен айтқан осы тұжырымды ойына алып-қосарымыз жоқ!

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button