Басты ақпаратМәселе

Балалар неге қатыгез?

Соңғы кезде әлеуметтік желілерде мектеп оқушыларының, тіпті соның ішінде қыз балалардың бір-бірімен төбелесіп жатқан видеолары тарауда. Мұндай көріністерді көрген жұрт жағасын ұстап, «бұл не деген көргенсіздік!» деп таңғалса, енді бірі бәрі ата-ананың тәрбиесінен, бақылаусыз қалған баладан дейді, тағы бірі «санасына бермеген баладан сақта» деп қоғамның рухани ахуалына алаңдау­шылық білдіріп, же­лідегі жұрт желіндегі сүт ірігендей дүр­лігісіп-ақ қалады.

Ашық ақпарат көздері­нің дерегіне сүйенсек, елімізде 7 млн-нан аса бала бар. Оның 4 млн-ға жуығы мектепте оқиды, 1 млн аса бүлдіршін балабақшаға барады. Тағы 556 мыңы колледжде білім алуда. Алайда былтыр 2 мыңға жуық жасөспірім қылмыс жасаған. Ал биыл алғашқы алты айда құқық бұзғандардың саны мыңнан асып жығылған. Оның көбі – 14 пен 18 жас арасындағылар. Айналып келгенде, адамның бір-біріне күш көрсетуі, қорлау, ұру немесе мазақ ету – бәрі де қатыгездіктің белгісі. «Бұл қатыгездік қайдан пайда болады?» деген сұрақтың төңірегінде айналамыздан жауап іздеп көрдік. Өйткені бұл – тек мектептің немесе ата-ананың емес, тұтас қоғамның жауапкершілігінің таразысы.

Баланы тыңдай біліңіз

– Қатыгездік баланың ішкі жан­айқайынан туындайды. Өзін түсінбеген, ішкі ауыр сезімін жеткізе алмаған бала сол эмоция­ны қатыгездік арқылы сыртқа шығарады. Мұндай жағдайда ең бастысы – оны жазалау емес, керісінше, тыңдап, түсінуге тырысу. Балаға қолдау көрсету, оның сезімін мойындау және шешімді бірге қабылдау маңызды. Өкінішке қарай, біз көбіне бір-бірімізді тыңдауға мән бермейміз. Әркім өзінің ғана қағидасын дұрыс санап, өзгеге құлақ асуға құлықсыз. Қатыгездіктің тамыры көбіне бала күнгі махаббаттың жетіс­пеуінен басталады. Дегенмен қазіргі заманның балалары махаббатсыз емес. Керісінше, ата-анасының сүйіспеншілігін де, көңілін де молынан көреді. Бірақ осының салдарынан олар тек алуды үйреніп, өзгеге беруді, бөлісуді ұмытып бара жатқандай. Мысалы, бүгінгі жастардың автобустарда үлкендерге орын бермеуі жиілеп кетті. Бұл – жай ғана әдепсіздік емес, балаға тым көп мақтау айтып, шектен тыс әлпештеудің нәтижесі. Өйткені баланы тек мақтап, қолпаштаумен ғана тәрбиелеуге болмайды. Оған мейірімділікті, өзгеге көңіл бөлуді, қамқорлық жасауды үйрету қажет. Әр бала «алуды» ғана емес, «беруді» де білуі тиіс. Осылайша, қатыгездіктің алдын алудың бір жолы – баланы тыңдай білу, онымен санасу, сондай-ақ мейірім мен жауапкершілікті бірге дарыту, – дейді Алматы ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы, психолог Нұргүл Талғатқызы.

Қойдыра білудің маңызы

Үлкендеріміз бала тәрбиесіндегі басты кілт «қой!» деп айта білуде екенін алға тартады.

– Қазіргі ата-аналардың көп­шілігі баласына «қой!» деп айтпайды. Байқасаңыз, бала жыласа да, біреудің затын сындырып жатса да, оған тыйым салмайтын ата-ана көбейіп келеді. «Ол әлі бала ғой, өсе келе өзі түсінеді» деген ойға сүйеніп, бәрін өз еркіне қоя береді. Әрине, бұл дұрыс тәрбие емес. Балаға дер кезінде «қой!» деп тоқтау айту, жақсы мен жаманды ажыратып үйрету – ата-ананың ең басты міндеті. Егер жаман қылығына тыйым салмаса, ол әдетке айналып кетеді. Бала өзін шектейтін шекараны білмей өседі. Ал еркіне жіберілген, бақылаусыз қалған бала мен ата-анасыз өскен баланың арасында айырмашылық аз. Өйткені тәрбиенің мәні – бағыт көрсету, дұрыс жолға салу. Сондықтан әр ата-ана баласына әдептілікті, ибаны үйретуі керек. Қате әрекет жасап жатса, оны қолдап, «балалық қой» деп ақтап алуға болмайды. Керісінше, қателігін түсіндіріп, қойдыру қажет. Сонда ғана бала дұрыс жолды ерте үйреніп, қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасады, – дейді астаналық зейнеткер Құралай Жапарқұлова.

Күш көрсету батырлық емес

Мұғалімдер баланың бо­йындағы қатыгездікке артық мақтаудың да қосатын үлесінің аз болмайтынын айтады және балаға батырлық пен біреуді басынудың аражігін ажыратып беру маңызды деп отыр.

– Бұрынғы бабаларымыз бен ата-апаларымыз баласын орынсыз емес, тек жақсы іспен көрінгенде ғана мақтап отырған. Олар баланың әр қадамын бақылап, дұрыс әрекетіне қуанып, терісін түзеп отырған. Сол заманда батыр­лықтың да мағынасы басқаша болатын. Батыр деген жай күшті адам емес, елге қорған болып, халыққа пайдасын тигізген, әділдігімен, қайсарлығымен танылған тұлға еді. Елдің тыныштығы мен бүтіндігін ойлаған адам ғана батыр атанатын. Ал қазір жағдай өзгерді. Өкінішке қарай, біреумен төбелесіп, ұрып-соғып немесе күш көрсету арқылы көзге түскендер батыр саналып жатады. Бұл – рухани құндылықтардың ауысуының, ұлттық идеологияның әлсіреуі­нің бір көрінісі. Шын мәніндегі батырлық – әлсізге қол ұшын беру, елін сүйіп, халықтың қамын ойлау, әділдік үшін күресу. Ал қазіргі ұрпақтың санасында батырлықтың мәні бұрмаланып бара жатса, ол – қоғам үшін үлкен қауіп. Сондықтан бүгінгі ата-ана да, ұстаз да, қоғам да балаларға батырлықтың шынайы мағынасын түсіндіруге міндетті. Батырлық – тек күш көрсетіп, қарсыласты жеңу емес, халықтың адамы болу, көпке қорған болу, өзгенің қайғысына ортақтасу, елдің амандығын ойлау. Жастайынан осы құндылықтарды бойына сіңірген бала ғана болашақта қатыгез емес, жүрегі мейірімге толы, жанашыр азамат болып өседі. Егер біз балаларға шынайы батырдың бейнесін көрсете білсек, олар күшін жамандыққа емес, жақсылыққа жұмсайды. Жауласуға емес, елін қорғау­ға, біреуді ұруға емес, әлсізді қорғауға ұмтылады. Бұл – ұлттық тәрбиенің өзегі, рухани құндылықтың тірегі. Сондықтан рухани идеологияны күшейтіп, жастарға батырлықтың шынайы мағынасын түсіндіру – ең басты міндеттердің бірі. Сонда ғана ұрпағымыз қатыгездікті мейі­рімге, тас жүректі жанашырлыққа көмкеріп өседі, – дейді Астана қаласы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицей директоры Гүлжан Төлеу.

Атаман болу абырой ма?

Жалпы бала тәрбиесі – қай кезеңде де өте өзекті мәселе. Оның үстіне дәл қазіргідей баланы шеше емес, көше тәрбие­лейтін заманда олардың ішкі жан дүниесіне үңілу – тікелей ата-анасының міндеті. Бұл жөнінде көпбалалы аналардың айтары да аз емес.

– Балалар қатыгездігі себептерінің бірі – өз сөзін тыңдата алмай, күш көрсетуге жүгінуінде. Кейбір жасөспірімдер мұны абыройлы іс деп қабылдап, өзін өзгелерден биік қоюға тырысады. «Мен басқаруым керек», «мен атаманмын» деген ойдың жетегінде кетіп, шын мәнінде, күшпен бедел жинауды мәртебе санайды. Бұл – қате түсінік. Нағыз бедел біреуге үстемдік жасаудан емес, білім мен парасаттан туындайды. Сондықтан мектеп қабырғасында оқушыларға «атаман болу» немесе өзгеге күш көрсету мықтылықтың белгісі емес деп түсіндіру маңызды. Нағыз мықтылық – ғылымда, білімде жетістікке жету, жақсы мінез-құлық таныту, қоғамға пайда әкелетін іс тындыра білу. Осы бағытта педагогтар мен ата-аналардың бірлесіп жүргізетін жұмысы аса қажет. Әрбір балаға өз мүмкіндігін ашуға жағдай жасалып, жетістікке жетудің өркениетті жолдары көрсетілгенде ғана олар күш көрсетуге емес, ізденіске ұмтылады. Жас ұрпаққа «шын батыр­лық – озбырлықта емес, ақыл мен еңбекте» екенін санасына сіңірсек, қоғамда қайырымды, ойлы, өрелі тұлғалар өсіп шығады. Сондықтан біз болашақ үшін ең басты құндылық білім екенін әрдайым дәріптеуіміз қажет. Тек сонда ғана қатыгездіктің алдын алып, ізгі ойлы, парасатты ұрпақ тәрбиелей аламыз, – дейді астаналық көпбалалы ана Мөлдір Еркінқызы.

P.S: Қатыгез баладан жаны ашымайтын жеткіншек шығады. Жаны ашымайтын топ біртіндеп қаніпезер тобырға айналады. Ал қаніпезер тобыр – ақыры нацизмге ұрынған, өзге халықты менсінбейтін, ме­йірімнен айырылған ұлтты қалыптастырады. Сондай-ақ қатыгездік – адамның тасжүректілігінен емес, тәрбиесіздігінен қалыптасатын мінез. Сондықтан бүгінгі ең маңызды тәрбие де, ең шынайы білім де мейірім мектебін қалыптастырудан тұрғаны ләзім. Балаға жақсы оқуды, жақсы киінуді ғана емес, жақсы көруді, жақсы көмек беруді, жақсы сөз айтуды үйрету – бәріміздің борышымыз.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button