1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда көлік лизингке беріледі

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Олжас Құспеков Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында автолизингтің тиімділігі мен ерекшеліктерін егжей-тегжейлі түсіндірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Депутаттың айтуынша, қазір елімізде лизинг тек заңды тұлғаларға, яғни автопаркі бар компанияларға ғана беріледі. Ал әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мысалы, Құрама Штаттарда автокөліктердің төрттен бірі лизинг арқылы рәсімделеді.
– Лизинг – автомобильді ұзақ мерзімге жалға алып, мерзімі аяқталған соң оны толық сатып алуға мүмкіндік беретін құрал. Автонесиеден басты айырмашылығы – сатып алушы көлікті пайдалану кезеңіндегі амортизациясына төлейді, сондықтан жарнасы мен ай сайынғы төлемі арзанырақ шығады. АҚШ-та адамдар екі-үш жыл лизингке алған көлігін пайдаланып, кейін жаңа көлікке ауыстырады. Ең басты қауіп – лизингке көлік берген кәсіпорын банкротқа ұшыраса, адам көліктен айырылып қалуы мүмкін, – деді Олжас Құспеков.
Депутат атап өткендей, Respublica партиясы автолизинг жүйесін азаматтарға енгізу туралы ұсынысты алғаш рет 2023 жылы көтерген.
– Көптеген қазақстандық үшін көлік сатып алу – үлкен қаржылық салмақ. Барлығы бірдей қымбат несие ала алмайды немесе алғашқы жарнаны жинауға жылдар қажет болады. Біз бұл мәселені екі жыл бұрын көтердік, енді ол іс жүзінде жүзеге асады деген үміт басым, – дейді депутат.
Құспековтің айтуынша, Қазақстанда 2024 жылдың есебі бойынша 5 млн 574 мың автокөлік тіркелген, оның 50 пайыздан астамы 20 жылдан асқан.
– Көлік тек байлар мінетін дүние емес, оны қарапайым азаматтарға қолжетімді етуіміз керек. Биыл осы бағыттағы негізгі жұмыстар басталады, – дейді депутат.
Айта кетейік, 1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған жаңа автолизинг бағдарламасы іске қосылмақ.
Бұған дейін Сауда министрлігі жаңа жобаны талқылауға шығарған болатын.



