Елде құлан популяциясы қалпына келтірілді

ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаевтың айтуынша, елімізде құлан популяциясын қалпына келтіру 70 жыл бұрын басталған. ХХ ғасырдың ортасында бұл жануарлар ел аумағынан толықтай жойылып кетті. 1953 жылы Түрікменстаннан Барсакелмеске 7 құлан әкелініп, түрді табиғатқа қайта қайтару жөніндегі жүйелі жұмыстың бастамасы болды.
Оның айтуынша, 2024 жылы «Алтын Емел» ұлттық паркінен 42 құлан «Іле-Балқаш» резерватына және 24 құлан «Алтын Дала» резерватына қайта қоныстандырылды. Биыл күзде тағы 17 құлан «Іле-Балқаш», 19 құлан «Алтын Дала» резерваттарына жеткізілді. Бұл шаралар жергілікті популяциялардың тұрақтылығын арттыруға және түрдің тарихи таралу аймақтарында экологиялық байланыстарды қалпына келтіруге бағытталған.



