Құқық

Мас күйінде көлік жүргізген судьяның ісі Бас прокуратураға жолданды

Астанада мас күйінде көлік жүргізген судьяның ісі Бас прокуратураға жолданды. Судьяның алкогольдік мас күйінде көлік жүргізді деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпаратқа байланысты Астана қалалық сотының баспасөз қызметі ресми мәлімдеме таратты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Мәлімдемеде атап өтілгендей, Қазақстан Республикасының судьялары сот төрелігін жүзеге асыру кезінде өз тәуелсіздігін қамтамасыз ететін ерекше құқықтық мәртебеге ие. Алайда бұл мәртебе оларды құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершіліктен босатпайды.

— Әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдар Ішкі істер министрлігі тарапынан Бас прокуратураға жолданған. Өз кезегінде Бас прокуратура қолданыстағы тәртіпке сәйкес судьяны жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін Жоғары Сот Кеңесіне ұсыныс енгізеді.

Сонымен қатар, тәртіптік жауапкершілікке тарту, сондай-ақ судьяларды іріктеу, тағайындау және қызметтен босату мәселелері дербес мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесінің құзыретіне жатады, — делінген ақпаратта.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, уәкілетті органдар барлық қажетті тексерулерді заңнама талаптарына қатаң сәйкес жүргізіп жатыр.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі заңдылық, әділдік және лауазымына не мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтардың заң алдында теңдігі қағидаттарын әрдайым ұстанады. Судья тарапынан заң мен қызметтік міндеттерін бұзу фактісі заң талаптарына сәйкес тиісті құқықтық баға мен салдарынсыз қалмайды», – деп жазды Астана қалалық сотынан.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button