Қоғам

Сидоркин солай салды деп…

Осы жазда Семейге саяхат жасап, Абайдың рухани әлеміне бойлап келгенбіз. Әсерімізді айтып жеткізерге сөз жоқ. Қарсы алғандардың ықыласына тәнті болдық. Екі күндік сапарда Абай жолымен жүріп өттік. Мұндағы самал жел де, биік таулар мен аласа шоқылар да, жазық жайлау да Абай деп ән салып, Абай жыры нұр болып құ­йылып тұрғандай. Алайда «Қонақ аз отырып, көп сынайды» демекші, әттеген-ай деген ойымызбен бөліспекпіз.

Басынан бас­тасақ. Семейдегі Абайдың «Жидебай-­Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы. Қалай мақтаса да тұрарлық, ақынның барлық мұрасы мен жәдігерінің алтын көмбесі 1940 жылы 16 қазанда Абайдың 95 жылдық мерейтойына орай ашылған. Мұндағы музей заттарының жалпы саны 22304 бірлікті құрайды. Оның ішінде негізгі қор – 12550 бірлік, ғылыми-қосалқы қор – 9754 бірлік. 11 дербес тақырыптық залдарға орналасқан. «Абай. Жыл мезгілдері», «Дала әуені», «Абайдың балалық шағы», «Ақынның қалыптасуы», «Абайдың шығармашылығы», «Абайдың ақындық мектебі», «Абайдың отбасы», «Қара сөздер», «Абай мұрасы», «Мультимедиалық зал», «Балалар бөлмесі» бөлімдерінде Абай өміріне байланысты архив материалдары, түрлі құжаттар, халқымыздың тұрмысы мен этнографиясын бейнелейтін заттар, қол­өнер мен бейнелеу өнерінің туындылары, фотосуреттер, сирек кездесетін кітаптар, т. б. орналасқан. Бұл – орасан зор байлық! Осындай киелі қазынаның табалдырығын аттағаннан-ақ жөн бастау­шының сөзіне жармасып маңыраған қозының үні жағымсыз естілді. Рас, Абай – жылдың төрт мезгілін қатар жырлаған ақын, бірақ оның шығармашылығының шоқтығын тек осы өлеңдер құрамайды ғой. Оны неге алға шығарған деп қоя салдық. Кірген беттен Абайдың көпке танымал, құлаққа жағымды лирикалық әндерін неге қоймасқа?! Жетім қозының зарынан артық еді ғой.

Әлқисса. Әрі қарай беттедік. Бала Абайдың әжесінің тізесін жастанып, қарсы алдында ән салған жырауды тыңдап отырған сәтін балауыз мүсінмен бекітіпті. Көз алдымыздағы әдемі сурет. «Абай жолы» эпопеясынан оқыған таныс бейнелер. Мейірімді әженің ынтызар Абайға көңілі толса да, ақынның аспанға қарап тым шалқалап кеткені көзге оғаштау. Оны да түзетсе абзал болар еді.

Дөңгелек үстел басында отырғанда көзімізді жоғары көтергенде, есімі елімізге белгілі қылқалам шебері Евгений Сидоркиннің салған суретін көреміз. Осы суретке көбіміздің дауымыз бар. Қазақтың атақты суретшісінің жары болса да, қазақтың табиғатын, ананың келбетін білмейтін адамның сызбасы. Қалай десек те, Сидоркин қалай салды, Зере анамыз солай мыж-мыж күйінде қалып қойды. Әйтпесе қаһары Құнанбайды ықтырған Зере емес пе?! Заманында баса айтуға ешкімнің батылы жете қоймаған болар, бәлкім, сол кезеңнің сурет сызу үрдісі, қазақтың бейнесін бедерлеудің өзіндік ерекшеліктері болды ма, кім білсін, бірақ бүгінде мұнымен келісе алмаймыз.

Абайдың әжесі Зере (1785-1873 жж.) ұлы ақын дүниеге келгенде 60-тарда болған, 17-18 жасында десек, әрі кетсе 70-ке енді жеткен деуге болады. 88 жасағанға Құдай да күш бермей ме?! Одан қалды, дәл суреті болмаса да, халықтың анасы, ақынның әжесі деген образға басқа көзбен қарауға болатын еді. Ол ештеңе емес қой, сол суреттен шабыттанған автордың тағы бір мүсіні тіпті таңғалдырды. «Абай мен әжесі» деген мүсін де сол жерде тұр. Зере анамыздың түріне қарап шошитындай бар.

Жалпы қалада Абайға қа­тысты барлық ескерткішті аралап көрдік. Тасасында тұрып олай да, былай да суретке түстік. Елордадағы кейбір ескерткіштермен салыстырғанда оқ бойы озық тұрғандары бар. Тіпті ақынның екі ұлымен бірге тұрған ескерткіштен Абайдың өзін танығандай болдық. Осындай шебер қолдары бар бола тұра, Абайдың атақты әжесінің образын қалай аша алмаған?! Ойланатын мәселе…

Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button