Педагогтер форумында заманауи оқу үдерісі талқыланды

Астанада өткен педагогтер форумында оқу үдерісіне ЖИ-ді енгізу және оқушыларды бағалау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Астанадағы №84 мектеп-лицейінде «Жасанды интеллект дәуіріндегі педагогтың құзыреттілігі мен этикасы» атты республикалық форум өтті. Іс-шараға 300-ден астам педагог қатысты.
Форумға өңірлерден, оның ішінде Абай және Қарағанды облыстарынан да өкілдер келді. Педагогтер жасанды интеллектінің этикасына қатысты практикалық кейстерді талқылады: қандай дискриминация қаупі болуы мүмкін, ЖИ қолдану кезінде балалардың жас ерекшеліктерін қалай ескеру керек, технологияларды сабақ мазмұны мен бағалауға қалай енгізу қажет деген мәселелер қозғалды.

Қатысушыларға арнау сөзін №84 мектеп-лицейдің директоры Самал Нұғыманова айтты. Ол қазіргі педагог тек цифрлық құралдарды пайдаланып қана қоймай, оқушыларды технологияға жауапкершілікпен және саналы түрде қарауға тәрбиелеуі тиіс екенін атап өтті.
«Жасанды интеллект – қауіп емес, мүмкіндік. Бастысы – балаларды ойлануға, талдауға және технологияны қоғам игілігі үшін қолдануға үйрету», – деді ол.
Директор болашақ мектебінің моделін таныстырып, онда жасанды интеллект жеке білім берудің құралы ретінде қолданылатынын айтты.
Keynote-сессиялар барысында форум қатысушылары білім беруде жасанды интеллектіні қолданудың өзекті тәжірибелерімен танысты.
ISSAI атқарушы директоры Ербол Абсалямов қазақ тілін цифрлық ортада дамытуға арналған жобаларды ұсынды.
Amansultan платформасының негізін қалаушы және EDCRUNCH конференциясының ұйымдастырушысы Нұрлан Қиясов білім беру үдерісіне ЖИ-ді тиімді интеграциялау жөніндегі әлемдік үрдістер туралы айтты.
«Болашақ құзыреттіліктері» панельдік сессиясында сарапшылар балалардың ЖИ дәуіріндегі өмірге дайын болуына қандай дағдылар көмектесетінін талқылады.

Urban School директоры Александр Лукашевич пен STEM Solutions жобалық департаментінің жетекшісі Әли Нұрбеков сыни ойлау, цифрлық сауаттылық және цифрлық қатынастың этикасы маңызды екенін атап өтті.
Форум қатысушылары мектепте ЖИ қолданудың этикалық қырларына ерекше назар аударды. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Назипа Аюбаева технологиялар білім беруге көмектесуі тиіс екенін, бірақ оны алмастырмауы керектігін айтты.
Пленарлық баяндамалардан кейін практикалық мастер-кластар мен EdTech-көрме өтті.
Онда педагогтер өз әзірлемелерін таныстырды: оқу үдерісінде чат-боттарды пайдалану, Google for Education негізінде сабақ визуализациясы, химиядан виртуалды зертханалар құру, ЖИ арқылы сыни ойлауды дамыту әдістемелері.
Жас педагогтер мен тәжірибелі мұғалімдер ЖИ-ді қазақ, орыс және ағылшын тілі, математика, физика және биология сабақтарына енгізудің жолдарымен бөлісті. Өңірлік қатысушылар академиялық адалдық пен цифрлық сауаттылықты қалыптастырудың инновациялық тәсілдерін ұсынды.
«Болашақ құзыреттіліктері: ЖИ дәуірінде өмірге дайын болу үшін балаларға қандай дағдылар қажет?» атты пікірталас барысында XXI ғасыр оқушыларына қажетті дағдылар мен құзыреттер талқыланды. Сонымен қатар EdTech-жобалардың көрмесі өтті. Онда Google for Education негізіндегі сабақ визуализациясы жүйелерінен бастап деректерді талдау құралдары мен AI-карталарға дейінгі мектепке арналған әзірлемелер ұсынылды.

Форум практикалық бағыттылығымен ерекшеленді: педагогтер жасанды интеллектіні оқыту үдерісіне енгізу бойынша мастер-кластар өткізді. Іс-шара пленарлық талқылаумен және ұсыныстар алмасумен аяқталды.
Астана қаласы әдістемелік орталығының әдіскері Ерлан Құбегінов форум Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу, балаларды оқыту және педагогтердің құзыреттілігін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында ұйымдастырылғанын атап өтті.
«Бүгін мектептерде жасанды интеллект жөнінде республикалық форум өтіп жатыр. Біз қай мектептер ЖИ енгізе бастағанын, қандай платформаларды пайдаланатынын, интеграция қалай жүріп жатқанын талқылап жатырмыз.
Педагогтер тәжірибе алмасуда. Көп мектептердің өз тәжірибесі қалыптасқан. Біз Астана мектептерінің директорларын жинап, математика, химия және басқа да пәндерде ЖИ қалай қолданылатынын көрсететін мастер-кластар ұйымдастырдық. Осы оқу жылынан бастап барлық мектепте ЖИ-ді міндетті түрде енгізу басталды және жұмыс қарқынды жүріп жатыр.

Форумның басты мақсаты – білім беру үдерісінде жасанды интеллект қолдану кезінде педагогтердің цифрлық және этикалық құзыреттілігін арттыру», – деді ол.
Іс-шараның ұйымдастырушылары – Ұлттық білім академиясы, Астана қаласының Білім басқармасы, Әдістемелік орталық және форум өткен №84 мектеп-гимназия.
«Бүгін мұғалім алдында жаңа міндет тұр – тек білім көзі болу емес, сонымен бірге цифрлық мүмкіндіктер әлеміне жол көрсетуші болу. Форум білім беруге ЖИ енгізудің өзекті мәселелерін талқылайтын және тәжірибе алмасатын маңызды алаңға айналды.
Басты мақсат – педагогты жасанды интеллектімен ауыстыру емес, оны XXI ғасыр тұлғасын тәрбиелеуге қажет жаңа құралдармен қаруландыру», – деп атап өтті қала әкімдігінің Әдістемелік орталығының директоры Сындар Дәуешова.



