Астанада «Ашық алаң» акциясы өтті

Астанада Республика күніне орай Дін істері жөніндегі басқармасы мен «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қоры бірлесе отырып, «Аружан» орталық алаңында «Бір отан, бір ел, бір республика» тақырыбындағы «Ашық алаң» ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Акция барысында қатысушыларға ұлттық құндылықтар, дәстүр, тарих және діни сауаттылық тақырыптарында мағлұматтар беріліп, деструктивті діни ағымдардың алдын алу мақсатында «сұрақ – жауап» форматындағы ақпараттық сессия ұйымдастырылды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының құрметті мүшесі, «Алқа» радиосының бас редакторы Серік Сейітман «еліміз егемендігін алғанына 35 жыл толды. Мемлекетіміздің түкпір – түкпірінде айтулы мереке – 25 қазан Республика күнін атап өтіп жатыр. Елдігіміздің тұғыры шарықтай берсін! Сіздерді айтулы мерекемен құттықтаймын!» — деп ақжарма тілегін білдірді.
Акция аясында елорда тұрғындарына 2 мыңнан астам ақпараттық брошюра таратылып, бейнероликтер көрсетілді. Таратылған материалдарда сенімді дереккөздер, дін саласындағы заңнамалар, сондай-ақ тыйым салынған террористік және экстремистік ұйымдардың тізімі қамтылды.
Іс-шара соңында сайыс жеңімпаздары мен белсенді еріктілерге алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Бұл акция қоғамда діни тұрақтылықты нығайтуға, азаматтардың діни сауатын арттыруға және ұлттық бірлікті дәріптеуге бағытталған маңызды бастама ретінде өтті.



